ҚЫЛҚАЛАМДЫ СӨЙЛЕТКЕН БҮЛДІРШІНДЕР

Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай «Жайық шұғыласы» газетінің әлеуметтік желідегі парақшасында байқау жариялаған болатынбыз. Байқаудың мақсаты — бөбекжай-бақша жасындағы бүлдіршіндердің шығармашылық қабілетін дамыту және олардың қиялынан туған дүниелерін қылқалам арқылы бейнелеуіне мүмкіндік беру.

Ауданымызға қарасты бес бөбекжай-бақшаның тәрбиеленушісі белсене қатысып, өз қолымен салған суреттерін байқауға жолдаған екен. Кішкентай суретшілер туған ел, бейбіт өмір, бақытты балалық шақ тақырыптарын түрлі түсті бояулармен өрнектеп, көрермен назарына ерекше дүниелер ұсынды. Бұл жұмыстардың барлығы әлеуметтік желіде жарияланып, оқырмандар арасында дауыс беру арқылы үздік сурет анықталды. 

Кішкентай суретшілердің туындылары жалпы саны 1200-ге жуық пікір мен дауыс жинаған. Нәтижесінде ең көп дауыс жинап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген «Алтын-ай» бөбекжай- бақшасы, «Қарлығаш» тобының тәрбиеленушісі Асылай Оразбай жеңімпаз атанды. Асылай кішкентай болса да сурет салуға деген ынтасы мен талпынысы арқылы өз қатарластарының арасынан ерекшелене білді. 

Редакция ұжымы тарапынан жас дарындарды арнайы құттықтап, Алғыс хат пен естелік сыйлықтарын табыс еттік. Балаларды байқауға дайындаған жетекші тәрбиешілері де «Мұндай қолдау балалардың шабытын арттырып, өнерге деген қызығушылығын еселей түседі» деген ізгі лебізін арнады. 


А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT