Аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысын төраға С.Жайлашев кіріспе сөзбен ашып, күн тәртібіне сәйкес, 2018 жылы атқарған жұмысы туралы есеп беру үшін алғашқы сөз кезегін аудан әкімі Ж.Ахметовке жолдады. Аудан басшысы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қысқаша тоқталып, алда тұрған міндеттерді де саралады. (аудан әкімі есебінің толық нұсқасы газеттің алдағы сандарында жарияланды) Бұдан соң аудандық мәслихаттың жұмысы жайлы мәслихат хатшысы М.Мырзашевтың хабарламасы тыңдалды.
- Аудандық мәслихаттың жұмысы 2017 жылғы 14 желтоқсандағы сессия шешімімен бекітілген 2018 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүргізілді. Жалпы өткен жылы 14 сессия өткізіліп, 99 шешім қабылданып, оның ішінде 19 шешім облыстық әділет басқармасынан мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, өткен жыл ішінде сессия отырыстарында «2018 жылға арналған Махамбет ауданының ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық, сақтау,білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету туралы», «Махамбет ауданы бойынша 2018-2019 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту туралы», «Білім беру саласындағы тәрбие жұмысының, мектептердегі діни ахуалдың жайы туралы», «Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің аудан деңгейінде орындалысы туралы» және «Аудандағы туберкулез ауруымен күрес жұмысының орындалысы туралы» т.б. мәселелер қаралып, шешімдер қабылданып, орындалысы бақылауға алынды. Сондай-ақ ауданның алдағы жылдарға арналған бюджетін жыл сайын уақытында қарап, бекіту заңдылығына сай аудан әкімінің ұсынысымен бюджетті нақтылау, қаржыны мақсатты жұмсау назарда ұсталып, депутаттар келісімімен шешіліп келеді. Тиісті заң жобасы бойынша 2018 жылдан бастап халық саны 2000 адамнан астам әкімшілік аумақтарда мемлекеттік бюджеттің 4 деңгейі енгізілгені белгілі. Осыған орай, өткен кезектен тыс 20-сессиясында «Махамбет ауданының 2018-2020 жылдарға арналған ауылдық округтер бюджеттері туралы» шешімі қабылданды.
Мәслихатта 3 тұрақты комиссия жұмыс істейді. Олар «Заңдылықты сақтау, экономика және бюджет, қаржы мәселелері жөніндегі» Б.Рахметов, «Ішкі саясат және әлеуметтік мәселелер жөніндегі» Н.Ерғалиев және «Агроөнеркәсіп кешені және кәсіпкерлікті дамыту, экология, қоршаған ортаны қорғау мәселелері» А.Құрманбаев жетекшілік жасайтын тұрақты комиссиялары аталған қолданыстағы заңдарға сәйкес жұмыстарын жасап келеді. 2018 жылы мәслихат сессиясына ұсынылған мәселелердің барлығы да осы тұрақты комиссиялардың біріккен отырыстарында қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.
Толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Н.ЕРҒАЛИЕВ.