Қалдықты қалай өңдейміз

Облысымызда іссапарда жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ж.Жарасов пен Б.Бектұрғанов «Нұр Отан» партиясы Махамбет аудандық филиалы ғимаратында өтініштері бойынша тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдауға жазылған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Сәменов біраз жылдардан бері ардагерлер туралы Заң қабылдау жөнінде Астанадан ат арытып жеткен халық қалаулыларына ұсыныс айтса да, осы уақытқа дейін аяқсыз қалып келе жатқандығына қынжылыс білдірді. Бұл жолы да астаналық меймандар ұсынысты қойын дәптеріне түртіп алып, «бір жауабы болар» деп ардагер ағамызды үміттендіріп кетті.

Ал Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін 2018 жылы математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтап, Махамбет ауылындағы Е.Ағелеуов атындағы орта мектепке жұмысқа орналасқан жас маман І.Ғайниұлы аудан орталығынан 5 шақырым қашықтықта орналасқан Сарытоғай ауылындағы ағайындарының үйінен қатынап жұмыс істейді. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға 1500 еселік айлық көрсеткіш көлемінде берілетін 3 787 500 теңге бюджеттік несиеге Махамбет ауылынан тұрғын үй таба алмай отыр. Себебі, ауылдағы тұрғын үйлердің құны 5 млн. теңгеден жоғары. Сондықтан Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысына сай ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға тұрғын үй сатып алуға және салуға берілетін бюджеттік кредиттің көлемін 2000 (екі мың) еселік айлық есептік көрсеткіш көлеміне өсіруге ықпал етуді сұрады. Жас маманның орынды мәселе көтеріп отырғандығына назар аударған халық қалаулылары ұсынысты қолдауға әзір екендіктерін жеткізді.

Бақсай ауылдық округінің әкімі Қ.Мәжиев көтерген мәселе барлық ауылдық округтеріне тән ортақ проблема десе де болады. Оның түсіндіруінше, ауылдық округтердің барлығында заңдастырылған қатты тұрмыс қалдықтарын орналастыру орындары бар. ҚР экологиялық кодексінде үлкен қалалардағы да, шағын ауылдағы да қоқыс орналастыру орындары полигон болып, бірінші категорияға жатқызылып, эмиссияны беру облыстық экология департаментінің құзырына берілген.

Толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Н.ТЕЛЬМАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT