Аудандық орталық кітапханада «Жас сарбаз - ел қорғаны» атты кездесу кеші өткен еді. Оған Ауған соғысы ардагерлері, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлері, кітапхана оқырмандары, мұғалімдер, мектеп оқушылары қатысты.
Кездесуді ашқан аудандық орталық кітапхана басшысы Шынар Орынбайқызы шара қатысушыларын мерекемен құттықтап, меймандарды таныстырып өтті.
Ауған соғысының ардагері Бауыржан Сағындықов әскер қатарына барып- келгеніне 40 жылдай болғанын, әскерге Атырау облысынан 28 жігіт бірге аттанғанын, алдымен Түркіменстанда жаттығуда болып кейін Ауғанстанға жіберілгенін еске алды. Ол соғыс тактикаларын үйренгендерін, ол жақта ерекше аптап ыстық болатынын, өзбек сарбаздардың ата-анасы артынан армияға іздеп келгенін де тілге тиек етті.
Ардагер Қонысжан Орынғалиев алты ай Ашхабадта әскери дайындықтан өткенін, одан әрі Ауғанстанда Шиндандта 18 ай болғандарын, әскерге салмағы жетпей қалып қойғандар да болғанын еске түсірді.
Ауған соғысының ардагері Аманжан Рамазанұлы да мерекемен құттықтап, әскердегі естеліктерімен бөлісті. Өзі Қызылқоға өңірінің азаматы екенін, Махамбетке 1996 жылы көшіп келгендерін, жастық шақта Отан алдындағы борышын абыроймен өтегенін, өзі Самарқандта үш ай оқу-жаттығудан өткендерін, ол жаққа артынан әкесі іздеп келгенін айтып, естеліктерімен бөлісті. Алғаш Ауғанстан жеріне барған бойда аздап қорқыныш болғанын, бірақ кейін еті үйреніп кеткенін, қандай қиыншылықтар болса да төзе білу керектігін меңзеді.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Нысаналы Нәсіпқалиев 2009 жылы Қазақ педагогикалық университетінің (КазПИ) әскери кафедрасын бітіргенін, осы әскери салада қызмет еткеніне 16 жыл болғанын, көп жылдан бері Қазақстан Қарулы Күштеріне қызмет етіп, жастарды әскерге шақырумен айналысып келе жатқанын айтты. Соңғы кездері жастар әскерге бармай, одан бас тартып жатқандарын, әскерде барлық жағдай жасалып, жақсы көмектер берілетінін баяндады.
«Әскерге жастар неше жаста шақырылады? Егер тіркелмесе қандай жауапкершілік қарастырылған?» деген сауалдарға аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Н.Нәсіпқалиев жауап берді.
Ол әскерге шақыру жылына екі рет(көктем, күзде) жүргізілетінін, әскерге тек жарамдылар ғана алынатынын, қазір бәрі цифрландырылып, электронды жүйеге көшкенін, бәрі базаға шығып тұратынын, бұрын бәрі әскери билет алса, қазір бәрі өзгергенін, әскери билет беру шектелгенін, бәрі базада тұратынын айтты. Қазіргі уақытта 40 күн әскери борышын өтегендерге әскери билет берілмейтін болды. Әскердегі балалар ата-анасымен қоңырау шалып, сөйлесуге бар мүмкіндік жасалған.
«Әскерде есте қалған оқиғаларыңыз қандай?» деген сауалға ардагер Қонысжан Орынғалиев бір оқиғасымен бөлісті.
Әскерде ең алғаш рет түн ішінде катюша (град) атылғанда шошынып, казармадан атып шыққандарын, ол кезде ауған-тәжіктермен, талибандармен соғысқандарын, бүгінде Ауғанстанда үкімет басына талибандар келгенін айтты. Ал Бауыржан Сағындықов ол кезде біраз қиындықтар кездескенін, әсіресе, Пәкістан, Иран шекараларында қарулы қақтығыстар болғанын, өзі Герат арқылы Иран шекарасына дейін барғандарын, кейін жағдайға үйреніп кеткендерін, офицерлер екі жылға келісімшартпен барғандарын, оларға тек еңбек демалысында елге баруға мүмкіндік болғанын тілге тиек етті. Ол бұрын әскерилерге жеңілдіктер болғанын, атап айтсақ жолақы 50 пайыз болғанын, ұшаққа, пойызға 1-9 мамырда бір рет тегін міну болғанын, қазір жәрдемақы, көмекақылар, бір реттік көмек те көрсетілетінін еске салды.
Ауған соғысы ардагері Аманжан Рамазанұлы Ауғанстанда болғанда жүргізуші болғанын, тікұшақтардан заттар түсіріп, тиеуге барғанда ұрыс даласында қаза болған кеңестік сарбаздардың мәйіттерін әкеліп жатқанын, тіпті бір рет 150 жауынгердің денесін әкелгенін көзімен көріп шошығанын айтты. Ол жақта жолдары қиын, таулы жер болғандықтан шың- құзы көп ойлы-қырлы, тегіс, асфальт жолды көрмегендерін, ол жақта сарбаздар күнделікті өмірді ғана ойлағандарын, ел жаққа елеңдеп, үшбу хат күткендерін, Қызылқоға жаққа хат Ауғанстаннан үш күнде жеткенін айтып, әскердегі естелігімен бөлісті.
Қатысушылар тарапынан студенттерді әскерге шақыру, әскери кафедралар, офицерлерді әскерге шақыру, соңғы өзгерістер жайлы қойылған сұрақтарға аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Н.Нәсіпқалиев жауап берді. Сондай ақ ол оқушылардың «Қыздарға әскерге баруға бола ма? Әскерден келген соң құқық қорғау органдарына жұмысқа тұруға бола ма?» деген сауалдарына да жауап берді. Бөлім басшысы қыздарға әскери дәрігерлер даярлайтын әуе күштерінің институтында оқуға мүмкіндік барын, ал әскерге байланысшы, медбике болып баруға болатынын жеткізді.
Махамбет ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Тойған Сариева қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, ұлттық құндылықтарға, ұрпақ тәрбиесіне арнап жүргенін айтып, ақ жаулықтың қасиетіне тоқталды.
Кездесуд і аудандық орталық кітапхананың библиографиялық- ақпараттық бөлім меңгерушісі Күнсая Суханғалиева қорытындылады.
Ж.Шағылбаевтың «Жас қалам» ансамблі «Балбырауын» күйін күмбірлете орындаса, ансамбль домбырашысы Бексұлтан Сұлтанов «Әке толғауы» күйін төгілте шертіп, жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА