ДҮНИЕ ЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ ДЕРЕГІ БОЙЫНША ЖЫЛ САЙЫН АЛКОГОЛЬ САЛДАРЫНАН 3 МЛН.-НАН АСТАМ АДАМ КӨЗ ЖҰМАДЫ ЕКЕН. 2024 ЖЫЛҒЫ ЗЕРТТЕУ БОЙЫНША ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ФАКТІЛЕРІНІҢ 97 ПАЙЫЗЫНДА ҰРЫС-КЕРІС, БАСҚА ДА ЗОРЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕРІН ҚОЛДАНҒАНДАР МАС КҮЙІНДЕ БОЛҒАНЫ АНЫҚТАЛҒАН. ЕЛІМІЗДЕ ДЕ ОСЫ АЩЫ СУДЫҢ САЛДАРЫНАН ЖЫЛ САЙЫН ҚАНШАМА МЫҢ АДАМ КӨЗ ЖҰМЫП, ҚАНШАМА ОТБАСЫ ОЙРАН БОЛЫП, ҚАНШАМА БАЛАНЫҢ ЖЕТІМ ҚАЛЫП ЖАТЫРҒАНЫ ӨКІНІШТІ-АҚ!
Нарколог-дәрігерлердің айтуынша, ішімдік әуелі бауыр мен жүрекке, жүйке жүйесіне ауыр соққы береді. Бауыр церрозының 70 пайыздан астамы осы алкогольден туындайды. Ішімдікті тұтынған адамдар ұйқысы бұзылып, есте сақтау қабілеті әлсірейді. Жалпы балалар 8-10 жастан ішімдікке қызығып, еліктеп, әуестікпен спиртті ішімдіктің дәмін татып көреді екен. Әлеуметтік зерттеулер 13-15 жастағы ер балалардың 75 пайызы, қыздардың 40 пайызы сырадан бастап, арақ-шарапқа дейін ішіп көргенін айтқан.
Елімізде заң бойынша кешкі сағат 21.00-ден соң алкогольді өнімдерді сатуға шектеу қойылған. Алайда қай жерде де тәулік бойы ашық тұратын дүкендер бар. Аудандық емхананың нарколог-дәрігері Б.Көшмағамбетов арақ пен темекінің зияндылығы жөнінде пікірімен бөліскен еді.
Қазіргі таңда маскүнемдік және темекі шегу дерті төрткүл дүниеде жаһандық қатер болып, бүгінгі күннің бас ауруына айналып отыр. Әсіресе, жастармен бірге үлкендеріміз де маскүнемдіктің құлы болып жүрген жайы бар. Алкогольді сусындарға тәуелді адамның өзі ғана емес, оның отбасы да орасан зор зиян тартады. Арақ азғындыққа бастайды. Мен сала маманы ретінде айтар болсам, бұл кеселдің себебі түрлі жағдайға байланысты. Алдымен тәрбиеге, одан кейін адамдар сана-сезіміне байланысты. Адам баласы дүниеге нашақор, маскүнем, шылымқор болып келмейді. Сондықтан бұл қоғамға да, жүрген ортасына да байланысты дер едім. Баланың алғашқы ұстазы- ата-ана. Сондықтан да әке де, ана да балалардың жан-дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Жанұядағы жанжал, үлкендердің балағат сөздерді айтуы балаға теріс әсер етеді. Мысалы, алкогольдік ішімдіктер мен темекінің зиянын біле тұра балалардың көзінше арақ ішіп, темекі тартатындар бар. Нәтижесінде балаларға зиянын ұқтыру өте қиын. Негізінен жанұяның шырқы бұзылған, ата-анасы маскүнемдікке салынған ортада өскен бала теріс тәрбиеге бой алдыруы әбден мүмкін.
Жалпы ішімдік ішу мен темекі шегу адам денсаулығына көп зиян тигізетіні ақиқат. Өкінішке қарай, жастар осы жаман әдеттерге өте жақын келеді. Олар осы әдеттер денсаулыққа зиян екенін біле тұра шылым шегіп, ішімдік ішеді. Тіпті нашақорлыққа да барады. Әр ата-ана балаларға, студент жастарға ішімдік ішу мен темекі шегудің зияндылығын айтып, түсіндіруі қажет. Балаларымыздың бос уақыттарын қадағалап, араласып жүрген достары мен таныстарын білуіміз керек. Болашақ ұрпағымызды м а с к ү н е м д і к пен нашақорлық, шылымқорлық зардабынан сақтау үшін есірткі, спирттік ішімдіктердің зияндылығы туралы үгіт-насихат жұмыстары ең бірінші жанұядан басталады. Одан әрі мектепте ұстаз болып, жалпы қоғам болып, бірге жұмыс жүргізуіміз қажет. Жастар мұндай жағдайда көбінесе алкогольді пайдаланған жағдайда оның соңы тәуелділікке апарып соқтыратынын біле бермейді.
Наркологиялық белгімен ауруханаға келіп түсетін адамдардың алдымен диагнозы анықталып, егер наркологиялық науқас болып табылса, симтоматикалық емдері көрсетіліп, дер кезінде Атырау облыстық п с и х о л о г и я л ы қ денсаулық орталығына шұғыл түрде жеткізіледі. Неге десеңіз, ол арнаулы ем жүргізуді қажет етеді. Сонымен қатар емханада диспансерлік есепте тіркеуде тұрған науқастарды туыстарының полиция бөліміне жазған арызы бойынша емханадан медкомиссиядан өткізіп, сот шешімімен еріксіз емге арнаулы психикалық емдеу-сауықтыру орталығына мәжбүрлеп жіберіледі. Ауданда қазіргі уақытта есепте 36 адам тұр. Ара-тұра болса да бұрыш- бұрышта темекі тартып тұратын балаларды байқап қаламын. Нақты шылымқорлықпен есепке алынған- дар жоқ. Дәрігер ретінде мектептерді аралап, жасөспірімдермен түсінік жұмыстарын жүргізіп келемін. Арақ пен темекінің зиянды екенін үнемі айтып жүрміз. Бұл мәселелер бүкілхалықтық проблемаға айналды. Оған тек бір адам, бір мекеме ғана болып, назар аудармай, қоғам болып назар аударғанымыз дұрыс деп ойлаймын- дейді емхананың нарколог- дәрігері Б.Көшмағамбетов бізбен әңгімесінде.
Атырау облысында кәсіпкерлік нысандарына 318 лицензия берілген. Лицензия бөлшек сауда және көтерме сауда жасау үшін беріледі. Кәсіпкер алкомаркет аша ма, не сауданың басқа түрімен шұғылдана ма, ол жағы анықталмайды. Тек лицензиясыз немесе тауарға ілеспе жүк құжатсыз жұмыс істеген бизнес нысандарына және тауардың акциздік маркілеу заңдылығы ғана тексеріледі.
Соңғы кездері электронды темекі оқушылар арасында сәнге айналды. Әсіресе, электронды темекіге әуестік қалалық мектептерде басым келеді екен. Өнімді шығарушылар мақсаты - аталған тауардың нарықтағы саудасын қыздыру. Ағзасы әлі толық жетілмеген балалардың ағзасы никотинмен уланып жатқаны оларды онша алаңдатпайды, оларға саудасы жүрсе болды. Ең қорқыныштысы, ол жүрек-қан тамырлары, өкпе, бауыр, бүйректі зақымдап, жүйке жүйесіне кері әсері бары анықталған. Электронды темекі әлеуметтік желі арқылы ашық жарнамаланып, сатылып жатыр. Оны балалар дүкендерден, не болмаса онлайн тапсырыс арқылы алады екен. Дүниежүзілік сауда ұйымының дерегінше жыл сайын 65 мың бала темекі түтінінен қайтыс болатыны анықталған. Ал Қазақстанда 2,8 млн адам шылым шегеді.
Ішімдік ішу, темекі шегу адам өміріне тигізер зарбады көп зиянды әдеттер екенін жақсы білеміз. Ендеше, мұндай жат әдет-қылықтардан өрімдей жастарымыздың бойын аулақ ұстауы үшін кішкентайынан санасына құйып, одан қашық болуды қазірден үйреткеніміз жөн.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

