Сыбайлас жемқорлық елімізде бүгінде күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Жалпы сыбайлас жемқорлық дегеніміз – мемлекеттік орган қызметкерлерінің қызметтік жағдайын материалдық немесе мүліктік, заңсыз жеке пайда табу мақсатында пайдаланатын әлеуметтік құбылыс.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қызмет өкілеттігін теріс пайдалану немесе асыра пайдалану, пара алу, пара беру, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену, мемлекет қаржысын талан- таражға салу сияқты қылмыстар жатады. Бір сөзбен айтқанда, сыбайлас жемқорлық - бұл жеке басының пайдасы үшін мемлекеттік билікті теріс пайдалану.
Ал, сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керек. Осы тұрғыда Атырау облысы Әділет департаменті де жоспарлы түрде бұқарамен тығыз байланыста жұмыстар жүргізіп келеді. Айталық, департаментпен бұл бағытта осы жылғы 10 айда 30-ға жуық іс-шара өткізді.
Атап айтсақ, жыл басында департамент мамандарының және «Шаңырақ-2024» қоғамдық бірлестігі төрағасының қатысуымен, ауыл тұрғындарына құқықтық көмек көрсету мақсатында Мақат және Доссор кенттері тұрғындарына «Тегін заң көмегі күндері» өткізілді.
Сонымен қатар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент өкілдері, жеке сот орындаушы, адвокат, нотариустің қатысуымен «Заң және тәртіп» қағидаттарын ілгерілету мақсатында құқықтық мәселелер бойынша «Infinity Mall», «Тамаша», «Атырау», «Атырау Qiwi» сауда орталықтарында, қалалық №4 емханасында тұрғындармен қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
Одан бөлек, сыбайлас жемқорлықтың салдарын түсіндіру мақсатында Әділет департаментіне жаңадан қабылданған қызметкерлерінің ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «УГ-75 мекемесіне» баруы ұйымдастырылып, арнаулы орта және жоғары оқу орындарының студенттері, жалпы білім беретін орта мектептердің оқушылары арасында «Жемқорлық – індет, онымен күресу - міндет» қағидатын санаға сіңіре отырып, бүкіл қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдыру бойынша ақпараттық- түсіндіру сипатындағы семинар өткізіліп, дәріс оқылды.
Сондай-ақ, ауқымды өткен іс- шаралардың бірі «BAIZAAR» сауда және ойын-сауық орталығында азаматтарға қоғамдық қабылдау ретінде ұйымдастырылды. Іс-шараға департамент қызметкерлерімен қатар, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті және «Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы РҚБ Атырау облысы бойынша филиалы, Атырау облысы және қаласының прокуратурасы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті, Полиция департаменті, Адвокаттар алқасы мен Медиация орталығының өкілдері қатысты.
Осы жылдың алғашқы тоқсанында Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде өзімнің төрағалығыммен «Заң және тәртіп» тақырыбында семинар- кеңес өткізілді. Оған Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының аға офицері Жеңісбек Байшеркешов және департамент қызметкерлері қатысып, семинар барысында баяндама оқылып, слайд көрсетіліп, қызметкерлер үшін маңызды ақпараттар ұсынылды.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен брейн-ринг өткізілді.
Қызметкерлерге жан-жақты ақпарат беру мақсатында түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылып отырса, солардың бірі Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті» тақырыбындағы ақпараттық сағаты болды.
Сондай-ақ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Экономика және құқық факультетінің 2-курс студенттеріне «Жемқорлық – індет, онымен күресу - міндет» қағидатын санаға сіңіре отырып, бүкіл қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдыру бойынша ақпараттық- түсіндіру сипатында семинар өткізіп, дәріс оқылды.
Аталған барлық іс-шаралардың мақсаты – халыққа мемлекеттік қызмет көрсету саласы бойынша заңды көмек көрсету, жергілікті мемлекеттік органдарға сенімді арттыру, халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру, халықпен тікелей, ашық қарым-қатынас орнату, тұрғындардың жеке мәселелерін тыңдап, шешу жолын қарастыру болатын.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттің немесе тиісті құзырлы органдардың ғана міндеті емес, оған тосқауыл қою әрбір азаматтың азаматтық міндеті болуы тиіс. Сонда ғана нәтижелі іс болары сөзсіз. Өйткені сыбайлас жемқорлықпен күрес – жарқын болашақтың кепілі.
Гүланда ҚЫСТАУБАЕВА,
Атырау облысы Әділет
департаментінің басшысы

