«Жас өнерпаздардың шығармашылығын шыңдау» семинар-кеңесі өтті

«Самал» мәдениет үйінде мәдениет қызметкерлерінің арасында «Жас өнерпаздардың шығармашылығын шыңдау» атты семинар-кеңес өтті.

Семинарға ауылдық мәдениет үйлері бас­шылары, көркемдік жетекшілері, әдіскерлер қатысты. Семинар жұмысын аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы А.Қайырғалиев ашты.

«Өнерпаз» мәдениет үйінің әдіскері Қ.Ексебаева мәдениет жұмысында аудан, об­лыс намысын қорғап жүрген таланттар барын, әр мәдениет үйінде жұмыс жасайтын үйірмелер жұмысын саралап қарау, түрлі жобалармен та­нысатындарын ортаға салды. «Самал» мәдениет үйінің басшысы Б.Маратұлы ауылдық мәдениет үйінің ашылғаннан бергі жұмыстарын слайдтан көрсете отырып баяндады.

- «Самал» мәдениет үйінің ғимараты 1978 жылы «Заурал» совхозына қарасты типтік жүйеде 200 орындық болып салынған. 2013 жылы күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі таңда жақсы күйде. Ең алғаш клуб ашылғанда ре­жиссер мамандығын бітіріп келген жас ма­ман Д.Есімұлы клуб меңгерушісі болып тағайындалса, көркемдік жетекші болып, Т. Есенғалиев жұмысқа орналасты. Кел­ген бойда жас мамандар ауыл жастарын жинап, С.Жүнісовтың «Ажар мен ажал» спектаклін сахналаған болатын. 2001 жылы «Заурал» совхозы саз мектебінің мұғалімі бо­лып, жұмыс атқарып жүрген Г.Есенбайқызы «Самал» мәдениет үйінің директоры болып тағайындалды. Гурьев қаласындағы музыка училищесінің домбыра-тенор класы бойынша бітірген жас маман клуб жұмысын шыр ай­налдырып әкетеді. 2021 жылы туған ауылдың мәдениет үйіне басшы болып тағайындалуым мен үшін үлкен мәртебе болды. Сұранысты ескере отырып, драма, би үйірмелері ашылды. «Ауылымыздың мақтаныштары» атты жоба қолға алынып, ауылымыздың мәдениетінің дамуына үлес қосқан айтулы жандар туралы естеліктер жазылды -деді Б.Маратұлы.

b5f7ca01-94fa-47c2-a02c-50fb72b2688f

Бақсай мәдениет үйінің басшысы Қ.Қазымбекұлы жазғы мектептің «Балдәурен» лагері жұмыс жасап тұрғанын, домбыра үйірмесі ашылғанын, бишілер концерті өткенін, «Мектепке мәдениет келді!» бағдарламасы жасақталып жатқанын, тамызда «Менің туған жерім» сайысын өткізу көзделіп жатқанын айтты. «Шалқыма» мәдениет үйінің басшысы Қ.Жұмашев ауылда балаларға арналып түрлі шаралар өтіп жатқанын, бүгінде мәдениет үйі жанында драма үйірмесі жұмыс жасап тұрғанын жеткізді.

«Өнерпаз» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Б.Әбілдай «Өнерпаз пойызы» жо­басын ұсынды. Жоба 7-13 жас аралығындағы балаларға арналған. Оның жорық картасы во­кал, би, терме, драма, аспаптар вагонынан, саздық сәлем, жолсерік шеберлік сағаты, өнер фестиваліне шақырудан тұрады. Пойыз 11 мәдениет үйін араламақшы.

Сарайшық мәдениет үйінің басшысы А.Тапахова алдымен «Жаңа бақыт-жаңа жыл» қайырымдылық кешіне тоқталып, дертке шалдыққан Саян есімді бала жөнінде айтып, «Тұмар» би тобы, қолөнер үйірмесінің жеткен жетістіктерін слайдтан көрсетті.

71d2a89e-e51e-4e05-80a8-0e04d84e3707

«Өнерпаз» мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Д.Ғасырбек қатысушылармен тренинг өткізіп, «Рухани жаңғыру», «Жаңа Қазақстан», жаңашылдық, өзгеріс, жаһандану атауларына тоқталып, ко­мандамен жұмыс жасады.

Үшінші бөлімде көрініске негізделген «Әдебиет кафесі» мюзикльде көпшілік көңілінен шықты. Кафедегі төрт адамның төрт түрлі тағдырын сомдап, жұртшылыққа шынайы жеткізе білді. Драма үйірмесінің мүшесі жас ақын Жайнар Ардаққызы «Апа-ау, мықты адамдар жылай ма?» өлеңін мәнерлеп оқыды.

Алға мәдениет үйінің басшысы Л.Боранбай мәдениет саласына еңбегі сіңіп, бар ғұмырын арнаған жандарға «Мәдениет саласының майталманы» , «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін берсе, өнер жолындағы майталман мамандарға, ардагерлерге санаторий-курорттық демалыс орындарына жолдама ұсынса деген ойын білдірді.

А.ТЕКЕБАЙ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT