Жалғансайда Рысқали Отаровтың құрметіне ескерткіш тақта ашылды

Жалғансай ауылдық округіндегі ең ұзын, ең әдемі орталық көшеге осы ауылдың тарихын­да өзіндік қолтаңбасын қалдырған ерен еңбегі бар тұлғаның атауы берілген. Ол кісінің есімін ауылдың қазыналы қарияларынан ба­стап жастары да жатқа біледі. Жуырда Ұлы Отан соғысының ардагері, Еңбек ардагері, Жалғансай ауылының Құрметті азаматы Отаров Рысқали Отарұлы атына берілген көшеге енді ұрпақтары атынан ескерткіш тақта орнатылды.

f716b658-16fd-4d67-a6cc-3ec296a6e15b

Салтанатты шараға ауылдық округ әкімі Ғибрат Мырзағали мен ауыл тұрғындары, ақсақалдары мен ақжаулықты аналар қатысып, ардагер туралы естеліктерімен бөлісті.  Қарапайым отбасында дүниеге келген ауыл баласы, еңбегімен еленіп, бір кездері атағы дүркіреп тұрған Гурьев облысына қарасты «Еңбекші тап», «Фурманов», «Бірінші май» кеңшарларының төрағасы деңгейіне де жет­кен. Жалғансайдың өсіп-өркендеуі жо­лында аянбай тер төгіп, азаматтарды ауылды көркейтуге бастай білген, кеңейтілген кеңшар жұмысын, жоспарын артығымен орындай­тын тәртіп пен еңбекті бәрінен биік қоятын Рысқали Отарұлын ауыл халқы әлі де ұмытқан жоқ.

1fc2b033-7ef2-43f3-8d84-0ab63bcb85ec

Рысқали Отарұлы 1924 жылы бұрынғы Гу­рьев облысы Жылықосым ауданына қарасты Бекбике кәсіпшілігінде дүниеге келген. 1941 жылы сұрапыл соғыс басталған уақытта ол небәрі 7 жылдық мектепті бітірген бозбала еді. Жастығына қарамастан оқуын бітіргеннен соң 1942 жылдың қаңтарына дейін Гурьев орман питомнигіне есепші болса, тамыз ай­ына дейін Бақсай ауданына қарасты «Жаңа шаруа» селолық кеңесінде хатшы қызметін атқарады. Сол жылдың 15 қыркүйегінде Гу­рьев жаяу әскер даярлайтын училищесіне қабылданып, 1943 жылдың тамызында май­дан шебіне қосылады. Сұрапыл соғыс жыл­дарында Белорусияны, Варшаваны, Герма­нияны фашистерден азат ету ұрыстарына қатысып, №290.№251 атқыштар полкінің командирі қызметтерін абыроймен атқарған. Сол ерліктері үшін 2 мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Вар­шаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен мараптталған. 1946 жылы жеңіспен елге оралған жас сарз­баз «Еңбекші тап» кеңшарында қой фер­масы меңгерушісі және партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1949 жылы осы кеңшардың төрағасы лауа­зымына көтеріліп, 1952 жылы «Ортақшыл» кеңейтілген кеңшарының партия бюросының хатшысы болады.

0b44f198-5d06-4566-a406-60e44b3abdee

Шаруашылықтарды басқару жұмысында Рысқали Отарұлы жұмысшы таптың еңбегіне баса назар ау­дарып, ауыл тұрғындарының хал-ауқатын, тұрмысын жақсартуға өз үлесін қосқан. Тіпті техниканың жоқтығына қарамастан қолдан бал соқтырып, сол жұмыстың басында өзі жүріп, жалғансайлықтардың ауласына дейін ауыз су құбырын жүргізіп берген екен. Сон­дай ұлтжанды, қарапайым ауыл мүддесін, халық сұранысын бәрінен биік қоя білетін азаматтығы үшін де оны ел сыйлаған. Естелік тақтайшаның ашылу салтанатына жиналған ауыл жұртшылығы да, көненің көзін көрген қарияларымыз да Рысқали Отарұлының жақсылығын, еңбегін айтып, көздеріне жас алды. Сонау 50-ші жылдары Дінмұхаммед Қонаевтың өзінен кеңшардың қойын 500 басқа жеткіземін деп жоспарлы тапсырма алып, оны артығымен орындаған екен. Ер есімін елі ұмытпайды. Бүгінде Рысқали Отарұлының ар­тында қалған ұрпақтары әке жолын жалғап, Жалғансайдың жарқын болашағы үшін өз үлестерін қосып жүрсе, ауыл халқы ақсақалдың жақсы атын ұмыттырмай келеді.

Айнұр ҚАНАТБАЙҚЫЗЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT