Жарқын бейнең жадымызда...

Өліммен күресіп жүріп, өзі өмірден өтіп кетсе де, артында өшпейтін ізін қалдырған Бибігүл Бақтығалиқызының еңбегі қаншалықты еленуде?!

Аты жаман ауру тараған алты айдан астам уақыттың ішінде күллі дүние жүзі миллиондаған мамандықтың арасында дәрігерлердің ғана рөлі қаншалықты жоғары екенін мойындады. Қандай ауру болмасын қарапайым адам жеңілгенімен, дәрігерлер қарсы тұрып күресіп, денсаулық майданында өмір үшін арпалыста алдыңғы шепте жүреді. Әйтсе де олардың осы еңбегі, жанкештілігі уақытында бағаланбай жататыны өкінішті.

Сіз алдына көмек сұрап барған дәрігер де, медбике де тіршілікте өзіңіздей пенде ғана. Олар да біреудің анасы, әкесі, жары, досы, бауыры. Олардың да қуаныш пен қайғысы қатар жүретін өмірі, қызығы мен қиындығы аралас тынымсыз тіршілігі бар. Бірақ олардың шыдамдылығы мен өжеттілігі сізден артық екеніне шүбәңіз болмасын. Сондай қайсар жандардың бірі қаршадай күнінен аудандық аурухананың табалдырығын аттап, талай науқасты аяққа тұрғызуға көмектесіп, талай жанның жүрегінде ақжарқын бейнесімен қалған Бибігүл Сұлтанова еді.

1969 жылдың 29 мамырында Атырау облысы, Хамит Ерғалиев ауылында дүниеге келген ол 1986 жылы орта мектепті бітіріп, Гурьев медициналық училищесіне оқуға түседі. 1988 жылы аталмыш оқу орнынан медбике мамандығы бойынша дипломын алып, Махамбет аудандық ауруханасына қызметке орналасады. Жұмысқа қабылданған 1989-2000 жыл аралығында орталық залалсыздандыру бөлімшесінде, 2000-2012 жылдары интенсивті терапия бөлімшесінің, 2012 жылдан бастап жалпы тәжірибелі бөлімнің медбикесі болып, қызмет атқарған. Бір жылға жуық уақыт хирургия кабинетінде жұмыс жасап, 2017 жылдан өмірінің соңына дейін Бибігүл Бақтығалиқызы №5 жалпы тәжірибелі учаскесінің медбикесі болды.

b

Қашанда мейірбан, ақкөңіл келбетімен науқастарды қарсы алып, жылы шыраймен шығарып салатын, кез келгенмен тіл табысып кететін көпшіл мінезін әріптестері былай деп еске алады.

АҚЖАРҚЫН, АДАЛ ЖАН ЕДІ...

Шолпан Орашева оталау бөлімінің медбикесі: -Бибігүлмен 1989 жылдан бері әріптес атандық. Ол өзінің қарапайым, аузын ашса, жүрегі көрінетін кең мінезімен ортада сыйлы еді. Қай жұмысты тапсырса да, алдыңғы кезекке адалдықты қоятын. Жансақтау бөлімінде медбике болып жүрген уақыттарда небір ауыр оталарға қатысып, білікті дәрігерлердің оң қолы болды. Өжеттілігі шығар күн-түн демей, науқастардың жанында отыратын. Қан керек болса, ойланбастан донор да болатын. Елде орын алған соңғы оқиғалардың салдарынан жұмыс та көбейіп, аурулармен тікелей байланыста жүрді. Өз өмірі, денсаулығын ойлап, бұғып қалған жоқ, соңына дейін әр ісін тиянақты, адал атқарып кетті. Әттеген-ай арамызда жарқылдап жүрген осындай жанның өміріне бір ұжым болып, араша түсе алмадық. Ажал оның ауруы болып, ақыр соңында Бибігүлді алып кетті...

bibigul307252

Иә,Бибігүл Бақтығалиқызы Covid-19 індеті басталған уақыттан өршіген кезеңі аралығында ауру жұқтырған науқастармен тікелей байланыста болып, екі есе жұмыс атқарған жалпы тәжірибелік медбике. Жалғыз өзі жүріп-ақ күніне бірнеше адамнан ПТР тестке анализ алып, оларға медициналық, моральдық қолдау көрсете білді. Қорқынышпен келген науқастардың өзін сабырға шақырып, ауруды жеңу жолында бірге күресті. Тіпті Алмалы ауылдық округі карантинге жабылғанда жолдасы, бала-шағасын тастап, 14 күн бойы аурудың ошағында қызметтік сапарда болған. Жаңалықтар небір жағымсыз хабарлар мен дәрігерлерге қатысты қайғылы оқиғаларды айтып жатса да, Бибігүл Бақтығалиқызы өз өмірі үшін еш алаңдамастан, індет тараған аймақта, аурудың бел ортасында пенделік қорқынышы мазаламай қалай жүрген деп таң қаласың.

Сол қарбаластың қамымен ол өзінің де қалай ауырып қалғанын байқамаса керек. Бастапқыда ауырып, ауруханаға жатқызылып, компьютерлік томографияға түскен мезгілде өкпесінің зақымдануы 35 пайызды көрсетіп, коронавирус инфекциясының қызу көтерілу, дем жетпей ентігу секілді клиникалық белгілері болды. Аудандық емханаға 27 маусым күні жатқызылған медбике 6-шілде күні жағдайы нашарлауына байланысты, жансақтау бөліміне ауыстырылады.

СОҢҒЫ ДЕМІ ЕМХАНАДА ҮЗІЛДІ

Қызы Жұмагүлдің айтуынша: -Анамыз бастапқыда бізді алаңдамасын деп ауруын жасырып айтпады. «Бар-жоғы 30% пневмония көрсетіп тұр, көп ұзамай жазылып шығамын» деген еді. Бірақ күн өте өкпесінің жұмыс жасауы нашарлап, оттегі аппаратына қосты. Одан кейін жан сақтау бөліміне ауыстырғанын естіп, дереу жанына келдік. Қажетті дәрілердің барлығын Ресейдің Астрахань, Саратов қалаларынан алдыртып, қолдан келгенді жасадық. Соңғы күндерінде тіптен болмаған соң санавиация шақыртып, ИВЛ- ға қосты. 10 шілде күні аппараттан аламыз деп жоспарлап отырғанда анамыз бақилық болып кетті. Өмірінің соңына дейін емхананың жұмысымен шапқылап жүріп, ақыры сол емханада соңғы демі үзілді. Іште өкінішіміз өте көп. Жағдайының нашарлағаны соншалық, біздің жүзімізге қарап танымастан, бір ауыз аманатын айтпастан кетіп қалды.

b

Иә, өмірде анадан асқан аяулы, ардақты кім бар? Қос қызы да өзінің жолын қуып, ақ халат кигенімен, немере-жиеннің қызығын көре алмады. Өмірге екі ұл, екі қыз әкеліп, тәрбиелеп, жолдасы Нұрболатпен бар-жоқты бөлісіп, ғұмыр кешкен Бибігүлдің артында аяқтанбаған балалары, аяқталмаған талай ісі қалды. Бірақ тағдыр сағаты қай сәтте тоқтап, соңғы демі қай жерде үзілерін ешбір пенде білмеген де, біле алмайды да. Бастысы ол осы 51 жылдық ғұмырында ұрпағы мақтанышпен айта алатын игі істер атқарды. Ақ халатты абзал жан деген атқа лайықты, берген антына, халқына адал қызмет еткенін дәлелдеп кетті.

Халқымыз «орны бар оңалар» деп бекер айтпаған шығар. Бибігүл апай өмірден өткенімен, артында қалған отбасы қазір бәрінен бұрын қолдауды қажет етеді. Осы ретте аудандық емхана ұжымы әріптестерінің қазасына бей-жай қарамай, отбасының қайғысына ортақтасып, материалдық көмек көрсетуге тырысып жатыр. Бірақ барлығы да заңның аясында ғана. Кәсіподақ пен ұжымдастарының жинап берген қаражаты және марқұмның жұмыс жасаған уақытының есептік төлемақысынан басқа мемлекеттің, жергілікті әкімдіктің, денсаулық сақтау басқармасының тарапынан бұл отбасыға ешқандай көмек көрсетілмеген.

ОТБАСЫНА ОН МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БЕРІЛЕМЕ?

Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс- шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы бекітілген үстемеақы белгілеу туралы шешімді бекітті. Төлемдер коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша 3 айдың ішінде жүргізілетіні айтылды. Бұл төлемнің шарты бойынша Бибігүл Сұлтанова "Қауіптілігі орташа" – деңгейлі медициналық санитариалық алғашқы көмек көрсету ұйымдарының қызметкері ретінде қосымша 5 ЖТМ (212,5 мың теңге) үстемақы алуы тиіс еді. Алайда, үстемақыны төлеудің қосымша шарттарына сәйкес аталмыш соманың барлық мөлшері емес, жұмыс жасаған сағатына қарай қосылыпты. Сонымен қатар Үкімет басшысының тапсырмасымен «Медициналық қызметкер коронавирустық инфекциямен ауырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін бір реттік әлеуметтік төлем көлемі 2 млн теңгені, ал көз жұмған жағдайда 10 млн теңгені құрайды» деп хабарланған еді. Алайда, аудандық аурухана басшылығы: «Бибігүл Бақтығалиқызының коронавирустық тестілеу қорытындысы теріс нәтиже берді. Соған қарамастан қызметкеріміздің ауру белгілерінің анықтамасын, адал еңбегін ескере отырып, облыстық денсаулық сақтау басқармасына марқұмның отбасына әлеуметтік төлемді тағайындау туралы өтінішімізді жолдадық. Басқарма өтінішімізді қарап, арнайы комиссияға ұсынады деген сенімдеміз» - деп отыр.

b

«Жалпы қазіргі күнде Атырау облысы бойынша пандемиямен күресіп жүріп, көз жұмған 4 медицина қызметкері тіркеліп отыр. Ал жұқтырғандар саны соңғы деректерге сәйкес 243. Марқұмдардың отбасына және жұқтырғандарға өтемақы төлеу арнайы органдардың эпидемиологиялық тексерісінен кейін комиссияның қорытындысымен жүзеге асады. Әзірге облыс аумағында аталмыш төлемді беру басталған жоқ»-деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Қабдықапаров БАҚ өкілдеріне берген соңғы сұхбатында.

Медбике Бибігүл Сұлтанованың қайтыс болу диагнозын емхана мамандары бүгінде «вирустық пневмония» деп қорытындылап отыр. Алдағы, зерттеулер нәтижесі қалай болатыны белгісіз. Алайда, жуырда Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов облыста пневмониядан қайтқан медицина қызметкерлерінің отбасына әзірге Президент айтқан өтемақы төленбейтіндіктен «Қайырымды қала» қорының есебінен 1млн теңге қаржылай көмек көрстекен еді. Науқастардың өмірі үшін арпалысып жүріп, ажал құшқандар арасында дәрігерлер, медбикелер мен фельдшерлер болыпты. Сонымен қатар олардың алтауына "Құрмет", біреуіне "Парасат", екеуіне "Барыс" ордені берілген.

P.S Біздің жерлесіміз Бибігүл де қандай да болмасын жоғарғы наградаға лайықты бүгінгі медицинаның батырларының бірі деп санаймыз. Осындай қайсар жаннан туылған қыздары Жұмагүл мен Айгерім де анасындай еліне адал қызмет етіп, атына кір келтірмейтініне сенеміз. Өліммен күресіп жүріп, өзі өмірден өтіп кетсе де, артында өшпейтін, өлмейтін ізін қалдырған Бибігүл Бақтығалиқызының жарқын бейнесі қашанда халық жадында.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT