Халық аманаты орындалған күн

Оттегі аппаратының 6 данасы аудандық ауруханаға, біреуі Сарайшық ауылындағы дәрігерлік емханаға табысталды.

Тынысы тарылып, дем жетпей қиналған адамдардың оттегі концентратына зәрулік туындаған шақта Махамбет ауданының белсенділері Бұлан мен Айдана бастап, «Махамбетке кислород» атауымен бастама көтергені белгілі. Халық болып жұмылып, «теңізге құйған тамшыдай» жан-жақтан көмектер келіп, жерлестер қолдан келгенінше қолдау білдіре бастады. Бір үміт, бір күдік. Үміттен гөрі күдігі басым болған жас отбасы, аманатқа қиянат жасалып кетсе қайтпек керек? деген ойда болады. «Тәуекел түбі - жел қайық». Халық болып 3 аппараттың қаржысы жиналса, бір белсенді кәсіпкер бірден 3 аппаратқа, ал Сарайшық ауылының әкімі бір аппаратқа қаржы аударады.

a

«Бастапқыда әлеуметтік желіде Қайрат Жолдыбайұлы есімді қоғам белсендісінің халыққа үндеу тастап, аппарат алуды қолдауға шақырғанын көріп, жолдасым екеуміз осындай бастаманы көтердік. Аудандық аурухананың басшылығынан сұрағанымызда, «40 орындық провизорлық стационардың кем дегенде 50%-ы оттегі аппаратымен қамтылу керек» деді. Содан 19 аппаратқа тапсырыс бергіміз келетіндігін айтқанбыз. Бірақ олай болмайтынын жеткізді. Содан 7 аппаратқа ғана тапсырыс беруге мүмкіндік алдық»,- дейді Айдана Сүлейменова.

Қоғам белсендісі Қайрат Жолдыбайұлы өзі бастап алып келген 1400 оттегі концентраттары Атыраудан бөлек, Ақтау, Ақтөбе, Орал қалаларына жүк машинасымен жеткізіледі.

a

«Біздер тек ұйымдастырушы ғанамыз. Негізгі үлес – сіздердікі. Барша халық болып бірлесіп, игі іске мұрындық болдыңыздар. Үндеуге қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Біздер Атырау облысындағы күрделі жағдайға байланысты 244 аппаратты әкелмекші едік. Бірақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы 160 аппарат жеткілікті екендігін, өздері тапсырыс беріп қойғандығын жеткізді. Егер сіздің ауданға аппарат жеткілікті болып жатса онда артық қалған аппарат көршілес аудандарға жеткізуге тырысамыз»,- деді Қайрат Жолдыбайұлы.

Осылайша оттегі аппаратының алты данасы аудандық ауруханаға, біреуі Сарайшық ауылдық амбулаториялық пунктіне табысталды. Сарайшық ауылы әкімі оттегі аппаратына тапсырыс бергенін газетіміздің алдыңғы санында жазған болатынбыз.

a

Бір айта кететін жайт, бұл аппараттардың бәріне артикул салынып, аурухана меншігіне алынып, бақылауда ұсталады. Яғни, қазір қоғамда «байлар бұл аппараттарды өз үйлеріне апарып қояды екен» деген секілді әңгімелер желдей ескені белгілі. Осының алдын алу мақсатында барлық аппараттар ауруханада болуын қадағалап отырады.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521