Жаңа оқу жылында Махамбет аудандық білім бөлімі 200 ноутбукке тапсырыс берген.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Қазір ахуал қиын. Денсаулық сақтау министрлігі берген мәліметті қарайтын болсақ, қыркүйек күз айларында жылда болатын ЖРВИ инфекциясы да таралады. Барлық мәселені қарастыра отырып, тиісті шешім қабылдадық. 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептер қашықтан оқу форматына көшеді. Әрине, бұл өте күрделі шешім»,- деген болатын. Осы орайда Махамбет ауданының білім ошақтары, мұғалімдер мен оқушылардың қашықтан оқуға дайындық жағдайын білмек мақсатта білім бөлімінің басшысы Айгүл Бердешқызын хабарласқанбыз.
Өткен оқу жылының төртінші тоқсанын оқушылар әупірімдеп алып шықты. Интернеті жоқтар Altel-4G роутерін сатып алып, пайдаланды. Мектептің директорлары көмектесті. Біреулерге «Қазпоштамен», енді біріне Whatsapp-пен хат келіп тұрды. Ал жаңа оқу жылында аудандық білім бөлімі 200 ноутбукке тапсырыс салмақшы екен. Кейін олардың бәрі мектептерге табысталып, мұқтаж отбасылардың балаларына уақытша беріледі. Яғни оқу жылы аяқталғаннан кейін қайта тапсырады. Компьютері, интернеті жоқ отбасылардың тізімі облыстық білім басқармасына жолданып, бар жағдайды жасауға байланысты мүмкіндіктер қарастырылып жатқан көрінеді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Бердешқызының айтуынша: «Қашықтан оқудағы басты мәселе – интернет».
- Бізді қинап тұрғаны – интернет, басқасын ақырындап үйлестіріп жатырмыз. Көпбалалы отбасылардың балаларына мектептен компьютер беріледі. Ал сабақ кестелерін мұғалімдер келісе отырып, жасауға мүмкіндік бар. Ол жағынан бала қиындық көрмейді. Осы жылы ақылы интернет-платформалармен келісім-шартқа отырмақшымыз. Қашықтан оқуға дайындық жұмыстары тыңғылықты жүргізіліп отыр. Білім ошақтарына санитайзер, бетперде, арнайы кілемше алдырудамыз. Егер «кезекші сыныптар» ашуға ата-аналар тарапынан келісім бола қалған жағдайда сақадай-сай болуымыз керек,- дейді бөлім басшысы.
Осы жылы Bilimland.kz, Darynonline. kz секілді ақылы интернет-платформаларды мұғалім де, оқушы да пайдаланбақ. Әр мектеп өзіне қолайлы интернет-платформаны қолданады. Қазірдің өзінде Талдыкөл орта мектебі Darynonline.kz платформасын таңдап қойыпты. Ұстаздар қауымы да түрлі курстардан өтіп, қашықтан оқытуға дайындалу үстінде. Бұл тұрғыда педагогтарға қойылатын бірқатар талаптар да бар. Біріншіден, олар ІТ тех-нологиясы, интернет платформасы, интернет жүйесімен жұмыс істей білуі керек. Біліктілікті арттыру курстарында мұғалімдер осы бағытта жұмыс жасауды үйренеді. Екінші мәселе - сабақ беру әдістемесі, киберпедагогика, балалардың оқу үлгерімін бағалау және сабақты қалай беру керектігі туралы болмақ. Ауылдық жерлерде ғана емес, аудан орталығында интернетсіз отырған отбасылар бар. Оларға Altel 4G нүктесін қондыру жөнінде «Қазақтелекомның» Атыраудағы филиалы басшылығына ұсыныс беріліп, 22 елді мекеннің тізімі жолданған. «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында мекеме басшыларына және кәсіпкерлік палатасы арқылы кәсіпкерлерге осы отбасыларға Altel 4G интернет желісін қондырып беруге қолдау көрсетуге шақырылып отыр. Ауданның атымтай жомарт азаматтары аталмыш отбасылардың балаларына онлайн оқуды ойдағыдай өткізуге көмек қолын соза ма, жоқ па, оны алдағы уақытта білетін боламыз.
Ал қашықтан оқуға сақадай-сай демесек те, жұмыстар жасалып жатқандығы байқалады. Бұл жерде үйдегі ата-ана бірінші кезекте баласының білім алуы үшін барлық тұрғыдан қамқорлық танытып, талпынуы керек-ақ. Әйтпегенде мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған тарыдай балақайлар үшін өмірінде көрмеген мұғаліммен экранның ар жағынан байланысу оңайға соқпасы анық. Эпидемиялық ахуал жақсарған жағдайда министрлікте дәстүрлі оқыту форматына кезең-кезеңімен көшетіндігі айтылған-ды. Сол күнге жетейік.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ