ЖАРАЛЫ ОРАЛҒАН ЖАУЫНГЕР

Ұлы Отан соғысы жауынгерлері сапында және тыл майданының еңбек ардагерлері қатарында, өмірінің соңына дейін қажымай қызмет еткен Сармалай Бисеновтың ұлағатты өмір жолынан естелік

...Соғыс бітті, біткенде ме бар айып,--

Соғыс, соғыс... ұмыттырмас ол атын.

От өшкен соң осылайша қарайып орны қалар болатын.

Ұмытар ем соғыс атын, ел оны

Бес құрлыққа таратыпты бес бөліп,

Және соғысты ұмыттырмай келеді

Әкелер жайлы естелік...»- деп, Жұмекен Нәжімеденов ақын жырлағандай, арада қаншама жылдар өтсе де, сол сұрапыл соғыстың жауынгерлері ата, әкелеріміздің есімі ел тарихында хатталып, ұрпақтар жадында мәңгі сақталуда.Атадан ұлағат ұстанған сондай ұрпақтардың бірі — Сармалай Бисенұлының артында қалған ұл-қыздары мен бүгінгі немере-шөберелері болса керек-ті. Олар әр жыл сайын, Жеңіс мерекесі күндері ата-бабалары қауымындағы мәңгілік мекені зиратының басына барып, рухына тағзым етіп, дұға бағыштауды дәстүрге айналдырғандардың бірі. Бұл күндері олар ата, әкелері туралы естелік айтып, ұрпақтарына жадылайтын... Кәрі құрлық Европаның тең жарымын алып жатқан бұрынғы ұланғайыр Ұлы Отанымыз Кеңестер Одағына, 1941 жылы Гитлер басқарған фашистік Германия тұтқиылдан соғыс ашқанын, барша әлем жұрты әлі ұмыта қойған жоқ. Ол сұрапыл ұмытылмайды да! Сол отты жылдары Отан қорғаушы солдаттар сапында, сан мыңдаған қазақ азаматтары да соғыс ошағына аттанған еді-ау. Даңғарадай дархан даламыздың қай аймағында да, Отан үшін от кешуге кемі бір азаматы аттанбаған қазақ шаңырағы кем де кем-ау. Сондай шаңырақтардың қатарында —Тұңғатаров Бисен қарттың да жанұясы бар еді.

Бисен қарттың өз басы сұрапыл соғыс көрмесе де, алмағайып заман өтінде жастық өмірін өткерді. Бір де ақтары, бір де қызылдары дүрбелең туғызып, туған жерінің топырағын шаңытып, қаймана қазақтың есін шығарған алсапыран күндерді де көрді. Ақыры большевиктер армиясы жеңіп, коммунистер партиясы бос болып жаңа құрылған Кеңес үкіметіне мүше болды. Кедей-кепшік, қара шаруалар қатарында сол үкімет ұстанымына орай, өз ауылында бұл да қызмет қылды. Және де көптің бірі емес, сол көпке ұйытқы болар бірегей белсенділердің бірі болды. Бала кезінде Шойтөбе басындағы қабырғасы қос қабатты, күлгін күмбезді мешіттен аз-кем араб ғарпін үйреніп, одан бері де сол ғаріптер негізінде төте жазуды да меңгергені бар-ды. Осының өзі оның сауаттылар қатарында саналып, жаңа үкіметтің белсенділері сапында көрінуіне көп-көрім пайдасы тиген. Ата қонысы Сіберті болыстығының Қалабасы ауылында жаңа үкімет орнатып, ауылдасы, революционер Қадір Бекбосыновпен бірге ұжымдасқан шаруалар артелін құруға атсалысқан. Оған мүше болуға ауылдастарын үгіттеп, жаңа еңбек жолына бағыттауда мұрындық болады. Осы орайда әр төбенің басында аталастарымен ауылдасып отырған жанұяларды бір орталыққа ұйыстырып, отырықшыландыру шараларын іске асыруда да белсенділік көрсетеді. Жаңа үкіметтің екпінді істеріне белсене араласып жүрген кедей-шаруалар өкілі Тұңғатарұлы Бисенді Сіберті болыстығының революциялық комитеті, ауыл тұрғындарының қолдауымен туған жері Қалабасы ауылдық кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындайды. Бұл 1925 жылдың 2-ші шілдесі күні болатын. Осы жылдың 25 желтоқсаны күні, Бисен қарт пен Зияда әжеміздің шаңырағын қуанышқа бөлеп, ұлдарының тұңғышы – Сармалай ағамыз да жарық дүниеге келген екен. Сол жылдары жаңа үкіметтің жаршысындай сауаттандыру шарасы жалпы халық арасында науқан алған кез еді. Осы 1925 жылы Гурьев уезінің алғашқы мектептерінің бірі болып, Қалабасы ауылында да жаңаша оқытатын мектеп үйі бой көтерген. Оны осы ауылдың ауқаттыларының бірі болған Шоқай байдың баласы Азбантаев Мырзақуат деген азамат өз қаражатына салдырған. Ол өзі орысша – қазақша оқып, арнаулы мұғалімдік білім алған сауатты азамат болған. Осы Азбантаевтің мектебінен 7 сыныптық білім алып шыққан Сармалай Бисенұлы, 1940 жылы Гурьев педагогикалық институтына мұғалімдік оқуға түседі. Алайда, соғыс жылдарындағы ауыртпалық, жанұялық тұрмыс жағдайымен толық бітіре алмайды. Бірақ, көршілес Сарайченко ауылындағы орталау мектепке, 1942 жылдың қыркүйегінен мұғалімдік қызметке кіріседі. Бұл уақыттарда өзінің алдындағы ағалары, ел азаматтары бірнен соң бірі ортақ Отанымызды қорғауға әскерге аттанып жатқан болатын. Жасының 18-ге толуын күтіп жүрген Сармалай Бисенұлы да, 1943 жылдың ақпан айында қатарлас азаматтар қатарында сапқа тұрып, отты майдан ошағы Батысқа аттанады. Салдырлаған қара вагонге тиеліп, қазақ даласынан шыққан жас жауынгерлер Орынбор облысының Калтубанка теміржол бекетінен түседі. Осы жерден оларды әр топқа бөлгенде, бұл қасындағы жерлестерінен Темірғалиев Жолдас және Бисенғали Төленовтер бар саппен, жаяулатып бірнеше шақырым жердегі әскери жаттығу бөліміне жетеді. Осы жерде ақпаннан тамыз айына дейін әскери оқу-жаттығу дайындығынан өтіп, аз- кем болса да ұрыс қимылдарын ұғынады. Қолдарына қандай қаруды қалай ұстауды аз да болса меңгергеннен кейін майдан шебіне жіберілген. Алғаш қазан айында Калинин майданындағы 154-ші атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болып ұрысқа кіреді. Дайындықтағы ұрыс пен нағыз қан майданның арсындағы ұрыс қимылдары жер мен көктей әрине. Қазылған орлар мен дзоттарды тасалай жатып, фашистік жауынгерлермен қарама- қарсы, бір-біріне оқ жаудырып атысудың не екенін, өз бойынан сан мәрте өткізеді. « ...Жаныңдағы жауынгерлеріңнің бірі оққа ұшып қаза тауып, бірі жараланып жатса да, оларға қарайлайтын мұрсатың да бола бермейтінін айтып қана тынатын» –дейді, бұл күндері үлкен ұлы Ноян Сармалайұлы әкесі туралы еске алғанда. Қанқасап қырғынның қандай екенін сан мәрте көзімен көрсе де, марқұм әкелері ұлдарына соғыстағы жағдайларды онша тәптіштеп айта бермеген көрінеді. Жас буын балаларының жандарын түршіктермейін дегені шығар. Сол кездегі сұхбат алушыларға:«...Бірінші рет соғысқа түскенде 1 ай, 28 күнде батальонда 26 адам қалғанша соғыстық. Бірнеше елді мекендерді, қалаларды жаудан азат етуге қатыстым...» деп, қысқаша ғана айтқан екен өз аузынан.

Өткен ғасырдың соғыстан кейінгі жылдарында, жауынгер-ардагерлер туралы жазылып қалған кейбір деректерге сүйеніп қана айтар болсақ, соғыс үстінде әскери құрамы да әлденеше рет өзгеріп отырған. Сармалай Бисенұлы 1944 жылдың наурыз айынан қараша айына дейін, Беларусь майданының 26-шы гвардиялық полкіндегі автоматшылар қатарында ұрысқа қатысады. Міне, осы құрама сапындағы шайқастарда нағыз қанды қырғынды басынан өткерген. Қатардағы жауынгер – Сармалай бұл соғыс даласында алғаш жеңіл жараланып, одан емделіп қайтадан ұрысқа кіргенде екі рет ауыр жараланып госпитальға түскен. Бұл жолғы жарақатының ауырлығы соншалық, бір қолынан иықтан төмен айырылып, әскерге жарамсыздығынан 1945 жылдың наурыз айында елге жіберілген. Елге оралған азаматын, ата-анасы мен бауырларынан бетер ауылдастары қуанышпен қарсы алады. Сәкең, әйтеуір елге аман келдім ғой деп, «еркелеп» жатып алмайды. Көп ұзатпай мүмкіндігіне орай, ел жұртына қосылып еңбекке араласуды жөн санайды. Соғысқа дейін институт білімін алған, болса да сауатты ұлына, әкесі Бисен қарт өзінің атқарып жүрген колхоз қоймашысы қызметін босатып береді. Десе де, тәжірибелі, әрі осы ауылдың шаруашылық құрылымына белсене араласып келген Тұңғатарұлын аудандық партия, атқару комитеттері жұмыссыз қалдырмайды. Бақсай аудандық партия комитетінің 1946 жыл, 4-ші маусым күнгі бюро отырысының қаулысымен, «Жаңа шаруа» колхозының товарлы сүт фермасының меңгерушісі қызметіне тағайындайды. Осылайша, әкелі-балалы болып, туған ауылдарының шаруашылығын өркендету жолында одан әрі иықтасып еңбек етуге кіріседі... Өткен ғасырдағы Кеңестік үкіметтің саяси ұстанымындағы нық орнаған қағида, ол—әрбір кеңестік қоғам мүшесі мектеп қабырғасынан бастап «октябрьят», «пионер» және жоғарғы сыныптар да өте тәртіпті, озат оқушылар «Ленин комсомолы» деген ұйымдарға мүше болуы міндетті болатын. Ал, ер жетіп еңбекке араласқан немесе жоғары оқу орнында оқитын азаматтардың арасындағы саяси түсінігі мол, белгілі дәрежеде белсенді болғандар коммунистік партия ұйымына мүшелікке алынатын еді. Біздің кейіпкеріміз Сармалай ағамыз да бұл ұйымдарға кезең- кезеңімен мүше бола алған. Тек, жоғарғы коммунистік партия ұйымына, майдан даласында көрсеткен жауынгерлік ерліктері мен әскери басшыларының тапсырмаларын орындау жолындағы қайсарлығы мен табандылығы ескеріліп, 1944 жылы май айында мүшелікке кандидат дәрегейіне алынған. Алайда, елге оралғанда Сармалай Бисенұлының қолында бұл құжаттарының бірі де болмаған. Өзінің коммунистік партия қатарына жауынгерлер сапында жүріп өткенін ауызша айтқанымен, ең болмаса бір жапырақ анықтама қағазы жоқ. Бірақ, құрығы ұзын аудандық партия комитеті Жоғарғы соғыс комиссариатарына сұрау салып, мүшелікке кандидат болғанын анықтайды. Сармалай Бисеновтың атына Қорғаныс министрлігінен келген анықтама құжаттарда оның соңғы ерлігі де көрініс берген. Енді архивте сақталған, Бақсай аудандық партия комитетінің 1945 жылдың 25 қазан күнгі бюро отырысының хаттамасына көз жүгіртейік: «... Бисенов Сармалайдың кандидаттық книжкасы 18-ші гвардия атқыштар дивизиясының политотделінен берілген. Қазір де «Жаңа шаруа» колхозында складщик болып жасайды. Бұдан бұрын сотталмаған, партия жазасын алмаған, партияға қарсы группировкаларға қатыспаған. Отан соғысына қатысқан, ауыр жаралы болып бір қолынан айрылған. Негізгі істің жайы: Бисенов Сармалай соғыс даласында ауыр жаралы болып, есінен айырылып жатқанда кандидаттық книжкасынан және басқа да документтерінен айрылған. Қазір де оның қолында карточкасы жоқ. Ал учет карточкасы Райкомға түсті... Қаулы: 2. ҚК(б)П Райкомның бюросы Бисенов Сармалайдың: « соғыстан ауыр жаралы болған кезімде партиялық документтерімнен айрылып қалдым...» деген тілегін және өзінің партия ұйымында тұрғанда партия тапсырмаларын таза орындайтынын еске алып, Бисенов Сармалайдың жоғалған кандидаттық карточкасының орнына жаңа документ беру ҚК(б)П Обкомінен сұралсын....» (АОМА. қор-16, тізім 1, іс №122, 101-102 беттер ) Ұлы Отан соғысының осындай ауыр жолынан өткен, абзал азамат Сармалай ағамыз партиялық құжаттарын нақтылап алып, туған жерінде тапжылмай бір салада еңбек жолын жалғастырып жатты. Әуелі 1949 жылы «Орал—Каспий» балық тресі жанындағы қысқа мерзімдік есепшілер дайындау курсынан өтіп, диплом алады. Есеп саласына білімін жетілдірген Сармалайды Бақсай аудандық партия комитетінің 1950 жыл 23 мамырдағы бюро отырысы қаулысымен «Жаңа шаруа» колхозының бас есепшісі қызметіне беркітеді. Шаруашылықтың ең бір жауапты да күрделі саласын жүргізе отырып, Сәкең туған ауылының қоғамдық саласында да белсенді болған. Бұнысын бағалап, сенім артқан Аудандық партия комитеті оны 1955 жылдың 28 мамыры күнгі бюро шешімімен, «Жаңа шаруа» колхозы жанындағы бастауыш партия ұйымының хатшысы етіп бекітеді. Сол жылдары Қазақстанның жоғарғы үкіметінің ұйғарымымен, колхоз шаруашылықтарын ірілендіру саясатына орай, 1959 жылы көршілес жатқан «Жаңа шаруа» мен «Красный Каспий» колхоздары біріктіріліп «XXI партия съезі атындағы» балықшы колхоз шаруашылығы атанып қайта құрылады. Бұл шаруашылықтың да бас есепшілігіне Сармалай Бисенұлы қалдырылды. Арада 13 жылдай уақыт өткенде колхоздың шаруашылық құрылымы мүлдем басқа бағытқа ауысып, бұрынғы атауындағы көкөніс пен сүт өндіру бағытындағы совхоз шаруашылығы болып тағы да қайта құрылды.

Осы жылдар ішінде мол тәжірибе жинаған, есеп саласының кәнігі маманы С.Бисеновті, Балықшы аудандық партия комитетінің 1972 жыл, 5-ші сәуір күнгі бюро отрысының қарарымен жаңадан құрылып жатқан көкөніс-сүт өндіру бағытындағы совхоз шаруашылығының бас есепшісі міндетін атқаруға тағайындайды.

Арада сан жылдар жылжып жатса да, барша кеңес халқына орны толмас қайғы- қасірет салған, бес жылға созылған алапат соғыс жаңғырығы санадан сонда да өшер ме? Сол қандықасап қырғынның бел ортасында болып бірі жаралы, бірі әлдеқалай аман оралған азаматтардың да ерлігі ешқашан ұмытылмайтын. Отан үшін от кешкен сондай азаматтардың бірі, Алланың қалауымен кеудесінде жаны қалып, елге жаралы оралған жауынгер Сармалай Бисенұлының да ерліктерін елі ұмытпаған екен. Оған мысал етіп архив құжаттарында сақталған, бұрынғы Балықшы аудандық партия комитетінің 1967 жыл 6-13 желтоқсан күнгі бюросының орыс тілінде жазылған №42 хаттамасымен сол күйінде танысып көрейік.

«О представлений к награждению правительственной наградой участников Великой Отечественной войны».

Принять предложение Гурьевского городского объединенного военного комиссариата и рекомендавать к награждению за активное участие в Великой Отечественной войне, имеющих ранения и не отмеченных ранее правительственной наградой следующих товарищей:

а). Орденом «Красной звездой».

...2. Бисенова Сармалая –старшего бухгалтера колхоза им. XXI партсъезда…».

(АОМА. қор—17/05, тізім—1, іс--№218, 147- бет ).

Сармалай Бисенұлының бұған дейін де бірнеше марапаттары болатын. Олар: I-дәрежелі «Отан соғысы», II дәрежелі «Даңқ» ордені және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Осы Ұлы Жеңіске қосқан ерлік істері бейбіт күнде де ескеріліп, «1941- 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында «Гер­манияны жеңгені үшін» және Ұлы Жеңістің 20-30-40 жылдығы медальдарымен, сондай-ақ, кезіндегі КСРО Қарулы Күштерінің 50,60,70 жылдықтарына арналған медальдармен де марапатталып отырған. Бұл марапаттарынан басқа да Сармалай Бисенов ағамыздың мынау жарық дүниеде артына қалдырған байлығы ұрпақтары болатын. Соғыстан аман оралған ол, алдымен еңбекке араласа жүріп, заман­дасы Зиба анамызбен жанұя құрып, дүниеге 6 ұл, 2 қыз әкеліп, балаларын тәрбиелеп өсірді. Бәрі де арнаулы, жоғары білім алып, әр саланың мамандары атанды. Олардан тараған ұрпақтар—Сармалай қарттың не­мере, шөберелері де бұл күндері Бисен ата­лары әулетін одан әрі өрбітіп, шаңырақтарын кеңейтуде.

Президентіміз Қ.К. Тоқаев Атырау қаласында өткен III Құрылтайда сөйлеген сөзінде: «...Ұлттық бірегейлігімізді нығайтумен қатар, ел қорғаған ерлердің есімін жады­мызда жаңғырту да маңызды...» деген бола­тын. Әрине, біз ешкімді де, еш нәрсені де еш уақытта ұмытпаған халықпыз. Біз аруақты қадірлеп, ерлерімізді ардақтап, олардың ру­хына мәңгілік тағзым ұстанған халықпыз. За­манында Отанымызды жаудан қорғауда жан­дарын да аямаған ата, әке, ағаларымыздың сан қилы ерліктері туралы мың мәрте жа­зылып, сан мәрте дәріптелді де. Біз де сол екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жылдай болып жатса да, бүгінгі ұрпақ та біле жүрсін деп, газетіміздің оқырмандарына осынау деректі естелікті ұсынып отырмыз.

Сәтқали ӘУЕЛБАЙҰЛЫ,

Алға селосы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521