Түлектер тал екті

Оқушылар республикалық «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысты. 11-сынып оқушылары қоршаған ортаны аялау мақсатында өз мектебінің ауласына ағаш отырғызып, өз үлестерін қосты.

Аудандағы іргелі білім ордаларының бірі – Есенбай Ағелеуов атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушылары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында «Түлектердің ағаш егуі» челленджіне қатысты. Мектеп ауласын абаттандырып, 20-дан аса жеміс көшетін отырғызды.  Осылайша олар өздерінің естеліктерін қалдырып қана қоймай, ауданның экологиялық ахуалының жақсаруына үлесін қосуда.

– «Түлектердің ағаш егуі» челленджі қоршаған ортаға жанашырлық танытуды, сондай-ақ жастарды еңбекке баулып, айналамызды жасылдандыруды көздейді. Бұл челлендж тек табиғатты ғана көркейтпей, адамдардың денсаулығын жақсаруына сеп болары анық. Сондықтан баршаңызды табиғатты аялауға шақырамын,- дейді мектеп түлегі Сұлтан Жолдас.

Экологиялық мәдениетті, табиғатқа ұқыпты қарауды, еңбекқорлықты үйрететін акцияға оқушылар белсене қатысты. Дәстүрлі түрде өтетін шараға қатысушылардың бірі – Альбина Шалқар. Ол «Түлектер аллеясына» отырғызылған әр көшеттің мәуелі бәйтерекке айналарына сенеді. Сондай-ақ, ол барша мектеп бітіруші түлекке сәт сапар тіледі.

– Мектеп түлектері өзі оқыған мектебінің ауласына ағаш отырғызып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауда. Сондай-ақ, барлық мектеп түлектеріне, сыныптастарыма алдағы ҰБТ-дан сәттілік тілеймін. Армандаған мақсаттарыңызға жете беріңіздер,- деді Альбина.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында Махамбет ауданы бойынша 244 оқушы мектепті тәмамдайды. Оның 226-сы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниетті. 5 оқушы «Алтын белгіге», 11 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткерлер қатарында.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT