Адамның өмірі отбасынан басталады, отбасында азамат болып қалыптасады. Әке отбасының тірегі болса, ана – алтын қазығы. Береке мен бірліктің, ынтымақ пен ырыстың ұйтқысы бола білген көпбалалы аналар құрметке де, қошеметке де лайық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, дүниеге он сәби әкеліп, сол балаларының сегізін тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана Сындар Молдрахманова.
Балаларын байлығына теңеп, ұрпақ сабақтастығын жалғап, жас келіндерге өнеге көрсетіп отырған сексеннің сеңгіріндегі ақ жаулықты әже сегіз баланы аяқтандырған.
Өмірдің қиындығына құрыштай шыныға білген кейуана 1943 жылы Мақат ауданына қарасты Комсомольск деген ауылда өмірге келген. Отбасында жалғыз қыз болып еркелеп өседі. Өмірлік серігі Жақсылық Жәкеевпен 1962 жылы шаңырақ көтереді. Он баланы өмірге әкеліп, сегізін тәрбиелеп өсіреді. Екеуі Алланың қалауымен шетінеп кетеді. Жолдасы оператор, жүргізуші болып еңбек етеді. Ал өзі аудандық ауруханада 22 жыл аспаз қызметін атқарып, аурухана жабылып қалған соң, «Доссормұнайгаз» мекемесіне сылақшы болып жұмысқа орналасады. Сол жерден ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шығады. Елдің дамуына үлес қосуды мақсат еткен ерлі-зайыптылар ауылдастарынан қалмай жұмыс істеп, балаларын өсірді. Өмір болған соң, қуаныш пен қайғының бірге жүретіні заңды емес пе? Балаларын өсіріп, жеткізген шағында отағасы қан қысымы көтеріліп, өмірден өтеді. Жарты жолда жалғыз қалған асыл ана 5 қыз бен 3 ұлды ары қарай жеткізіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырады.
-Жолдасым өмірден ерте кеткен соң, балаларды өсіріп жеткізу өзіме жүктелді. Жұмыста жүргенімде үлкен балаларым кішілерін бағып отыратын. Осылай бірін-бірі бағып ержетті. Қолымнан келгенше ішетін астан, киетін киімнен тарықтырмай өсірдім. Ұлттық құндылықтарымызды бойларына сіңіріп, ешкімнің ала жібін аттамауға, адал ас ішуге тәрбиеледім. Қазір балаларыма қарап отырып еңбегім де, тәрбием де зая кетпегініне шүкіршілік етемін. Немеренің қолынан ас жеп, шөберенің қолынан май жалап отырған менде енді не арман бар дейсің? Бар тілегім осылардың амандығы, еліміздің тыныштығы,- дейді анамыздың өзі.
Сындар ана тынымсыз еңбек етіп, білімі мен күш-қайратын адал еңбекке арнады. Біздің қоғамда ерен еңбек елеусіз қалмайды. Кезінде апай да тиісінше бағасын алды. Ұзақ жылғы еңбегі үшін «Ембімұнайгаз» АҚ- ның мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Өмірге ұрпақ әкелгені үшін «Алтын алқа» иегері атанды. Осының барлығы – өмір жолының өнегесі. Қазір қария мәуелі бәйтерекке айналып, 13 немере, 9 жиен, 2 шөбересінің қызығына кенеліп отыр. Ұлдары – Сәрсенбай, Сейсенбай, Қанат, қыздары –Қалықыз, Айгүл, Майра, Ләззат, Жанат – барлығы да облыстың дамуына үлес қосып, әр салада еңбек етуде.
Қазақтың ата дәстүрін дәріптейтін Сындар Молдрахманова кенже ұлы Қанат және келіні Әсемгүлмен, олардан тараған 7 немеремен бірге тұрады. Алтын діңгекті бәйтерек тектес ана балалары туралы айтқанда ақсары жүзі нұрланып, аса мейірленіп кетеді.
Кенже келіні Әсемгүл де жеті баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ана.
-Үй тірлігіне қанша пысық болсам да, келін ретінде мамам мен абысындарымның, қайынапаларымның үйреткені көп. Маманың «Біреудің ала жібін аттамаңдар. Үлкенді құрметтеп, адал болыңдар. Ағайынның ауызбірлігін сақтап, біріктіретін әйел. Сондықтан абысын-ажын тату жүріңдер» деген өсиеті әрдайым жадымда жаңғырып тұрады. Анамыздың даналығына, жолдасымның отбасы алдындағы жауапкершілігіне сенгендіктен болар, қай перзентіміз дүниеге келгенде де, қорқыныш болған емес. Өмір болған соң, қызығы мен қиындығы қатар жүретіні анық. Тек екі жас бір-бірінің жақсысын асырып, жаманын жасырып, бір-біріне демеу бола білгенде ғана іргетасы берік отбасы болады. Ал, әрбір әйел келген әулетінің ұрпағын жалғастырып, шаңырағының шырақшысына айналса игі, - дейді ол.
Үйдің берекесі, балалардың өнегесі бола білген ана алдында бәріміз қарыздармыз. Немере-шөберелерін “айналайын” сөзімен аялап, жан-жағына шуақ шашып жүрген Сындар ана сияқты қазыналы қарияларымызды қадірлеу – парызымыз.
Б.СҮЙЕУОВА