Елімізде өткен жылғы наурыз айында төтенше жағдай енгізілгенін білеміз. Жұқпалы дерт ел-жұртты біраз есеңгіретті.
Бұрын еркін жүріп үйренген халық өзін торға түскендей сезінді. Алайда өзіңді де, өзгені де қауіпті дерттен қорғау үшін тиісті талаптарды сақтаудың маңызы зор. Осындайда өткеннен өнеге алып, болашақты байыптайтын мүмкіндік туды. Сол кезде көпшілік теледидар мен ұялы телефонға телмірді. Қазақта «ауыр жол батаңды сынайды, ауыр іс адамды сынайды» деген нақыл бар. Бұл сынақ жасқа да, жасамыс-кәріге де ауыр тиді.
Карантин уақытында көп тұрғындар ауырып, емделді. Ішінде дертінен айыққандар да бар. Мына жалған өмірден өтіп кеткендері қаншама. Барынша сабыр етіп, бірге болып, бір-бірімізге қолдау жасап, сынақтан аман-есен өтуді Жаратқан Иемізден сұрағанымыз абзал.
Аймақта карантин режимі сақталғанымен, кей азаматтарымыз өзінің және отбасының қауіпсіздік талаптарын онша сақтай бермейді. Мәселен, бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты талаптарды орындауға болмас па еді. Әлі де садақаға, тойға, қонаққа баруды тоқтатпай тұрмыз ғой. Елбасының өзі «ел болып, бірігіп, Алла қаласа, бұл сынақты міндетті түрде жеңеміз» десе, ал Президенттің өзі талай жиындар өткізіп, осы мәселе төңірегінде көп шешімдер қабылдады.
Елімізде төтенше жағдай режимі алынғанымен, шектеу шаралары әлі де жалғасып жатыр. Карантин талаптарын мейлінше сақтамайынша, шектеу шараларын жеңілдету мүмкін емес сияқты. Қашанда қауіпсіздік талаптарын сақтағанымыз дұрыс. Мұның өзі онша қиын емес. Басты мақсат- адам көп шоғырланған жерлерге көп бармай, санитарлық талаптарды қатаң сақтай білу.
Қазіргі уақытта сатылымда дәрі-дәрмек, бетперде, антисептиктер де жеткілікті. Менше сақтық талаптарын қатаң сақтап, бір-бірімізге құрметпен қарап, өміріміз бен денсаулығымызды сақтау - аса маңызды екенін ұмытпайық.
Халқымызда ежелден той жасау, онда тілек айту, адам өмірден өткенде оған топырақ салу деген дәстүр бары рас. Сол дәстүрге құрметпен, түсіністікпен қарап, одан да маңызды адам өміріне көңіл бөліп, отбасы амандығына үлес қоссақ, артық етпес еді.
Әрине, өмір болған соң өлім-жітім болады. Той-томалақ, садақа жасауға тыйым салынған кезде имамдар оны тума-туыстармен ғана атқарып, дұға-тілекте болған дұрыстығын, дұға етіп, бата беруді бармай-ақ қашықтықтан беретін мүмкіндік барын айтқанын жақсы білеміз.
Біздің ортақ мақсатымыз- індеттен біржолата толықтай құтылу. Сондықтан барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, қайда барсақ та бетпердемізді киіп, ара қашықтықты сақтағанымыз абзал деген ойдамын.
Д.РЫСҚАЛИЕВ,
зейнеткер
Сурет:дереккөз