Махамбет ауданы – «қызыл аймақта»! Осылай деп аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма басшылығы дабыл қағуда.
Себебі коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны күн өткен сайын артып келеді. Күні бүгін 54 жағдай тіркелсе, оның ішінде өндірістік мекемеге жұмысқа кетер алдында тұрғындардың тапсырған ПТРтест нәтижесінде анықталса, 60 жастан жоғары адамдардан талдау қорытындысы негізінде анықталып отыр. «Індеттен құтылудың екі-ақ жолы бар: бірі – толықтай карантинде болу, екіншісі – вакцинациялау»,-дейді мамандар.
«Спутник V» вакцинасының алғашқы 30 дозасы ақпан айының 2-8 аралығында І кезеңде салынса, ІІ кезеңі ақпан айының 23-і мен наурыз айының 3-і аралығында енгізілді. 3 сәуірден бастап Махамбет аудандық емханасында халыққа жаппай коронавирусқа қарсы екпе салу басталған-ды. Осыған орай облысқа келген 3600 «Спутник-V» вакцинасының ауданға 200 дозасы жеткізілген болатын.
- Халықты жаппай вакциналау баяу жүргізілуде. Тіпті коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алған азаматтар арасында екпенің екінші дозасын салдыруға келмейтіндер бар. Емханадағы егу пункті демалыссыз жұмыс істейді. Вакцинаны 18 жастан асқан адамдар ала алады. Тұрғындардың бұл індетке бейжай қарамауын, екпеден бас тартпай, өз денсаулықтары үшін вакцина алуға шақырамыз. Себебі вакцина қазіргі шектеу шараларын азайтып, пандемияға дейінгі жайлы өмірге оралуымызға септігін тигізеді, - дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Болат Қалиев.
Айта кету керек, 1 ақпан мен 3 сәуір аралығында Махамбет ауданына 330 доза жеткізіліп, 130 адам егілді. Оның ішінде 14 мемлекеттік қызметші, 43 медицина қызметкері, 62 педагог, 11 полиция қызметкері вакцинацияланды. Сан қилы ақпараттардың арасынан кімге сенерін білмей, бастарын қатырып жүрген халыққа жаппай вакцина жүргізуде медицинасы жақсы дамыған бірден-бір ел Израиль елінің тәжірибесімен білікті дәрігер Марат Шуақбаев бөлісті. Өзі де саналы түрде, ақпараттарды екшелей отырып, ресейлік «Спутник-V» вакцинасын қабылдаған жандардың бірі.
- Вакцина шығаратын Pfizer және Moderna компаниялары осы елді неге таңдады? Олардың халқы аса көп емес, 9-ақ миллион! Тығыз орналасқан, тұрғындарының 99 пайызы электронды медициналық құжат пайдаланады, халқы заңға бойұрғыш, Үкіметінің халық алдында беделі зор. Оның үстіне, Үкіметі вакцинация турасындағы толық ақпаратты компанияға беріп отыруға міндеттенді. Ол елде екпеге қарсы тұрғындар жоқ деп пе едіңіз? Бар, митингілетіп жатыр. Мұндай кезек күттірмес шаралардың қалай жүргізгені емес, нәтижесі – маңызды. 60 пайызға жуық ел екпемен қамтылды. Соның нәтижесінде 8 ақпан мен 4 сәуір аралығында қайтыс болғандар саны 4,6 есеге, ем қабылдап жатқандар 13,9 есеге азайған. Осының арқасында наурыз айынан бастап Израильде карантин шаралары жеңілдетілді. Біздің халқымызға да шешім қабылдайтын кез келді. Қашанғы қамалып отыра бермекпіз? Қашан локдаун мен карантиннен көз ашамыз? Шешім қабылдау әрқайсымыздың жауапкершілігімізге байланысты, - дейді М.Тұрланұлы.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Сурет автордікі