Ерекше мамандық иесі

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Альмира Күнтазиева. Ол – жүрегі таза жан.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Альмира Күнтазиева. Ол – жүрегі таза жан.

Мейірімділігі мен жұмсақтығы, өзгелерге көмек көрсетуге дайын тұратын қасиеті оны ұзақ жылғы мұғалімдік қызметінен бас тартып, дефектология саласына бет бұруға жетеледі. Бүгінде шын жүрегімен ауданымыздағы ерекше балалардың танымын дамытып, қоғамға бейімдеу үшін жанын салып еңбек етуде.

Альмира Күнтазиева Махамбет ауылының тумасы. Әкесі Меңдібай көп жылдар бойына ішкі істер саласында, ал анасы ауруханада еңбек еткен. Отбасында 4 ұл, 4 қыз тәрбиеленген. Көп балалы отбасынан шыққан біздің кейіпкеріміз мектепті бітірген соң сол кездегі Гурьев педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Институтты аяқтап, алғашқы еңбек жолын Ы.Алтынсарин атындағы №11 мектептен бастайды. Кейін Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебіне ауысады. 1994 жылдан 2011 жылға дейін осы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Осы салада жүріп дефектология мамандығына қызығушылығы оянып, екі жылдық оқуын оқып алады. 2011 жылы аудандағы №8 педагогикалық-психологиялық түзету кабинетіне дефектолог болып орналасады.

Елімізде, оның ішінде ауданымызда ерекше балалардың жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны менің жаныма қатты бататын. Қоғамда әп-әсем өсіп келе жатқан баланың денсаулығынан қандай да бір ақау көрген кезде басынан сипап, жанымның жылуын сыйлағым келіп тұратын. Осы аяушылық сезім мені осы салаға алып келді. №8 педагогикалық-психологиялық түзеу кабинетінде менен басқа бірнеше маман қызмет көрсетеді. Келген балаларға әр маман жарты сағат уақытын бөледі. Логопед тілінде кемістігі бар балалармен, әлеуметтік педагог киініп-шешіну, қасық ұстап үйрену деген сияқты өмірге бейімдеу жұмыстармен айналысады. Медбике массаж жасайды. Ал дефектолог баланың танымын дамытуға күш салады. Дефектологияда білікті маман болу үшін тек педагог болу жеткіліксіз. Оған қоса, медицина, педагогика, психология, невропатология, физиология, заң, тарих секілді салалардан да хабардар болуымыз керек. Сонда ғана алдымызға келген ерекше балаларға пайдамызды тигізіп, олардың ата-аналарына үміт сыйлай аламыз.

Дефектологқа адамгершілік, қарапайымдылық, жаңашылдық секілді қасиеттер міндетті түрде қажет болады. Біздің түзету кабинетімізден жыл сайын көптеген балалар денсаулығын түзеп, қалыпты балалар қатарына қосылып кетеді. Олардың арасында мектепті үздік бағамен бітіргендері де бар. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Жұмысымның қиындығын сезінемін, ал жақсы нәтижеге қол жеткізген кезде ерекше ләззатқа бөленемін. Атақты Конфуцийдің «Өзіңе ұнайтын жұмыс істесең, өміріңде бір күн жұмыс істемегендей боласың» деген сөзі дәл маған арнап айтылғандай.

8 наурыз мерекесіне орай облыс әкімінің қабылдауында болдық. Ақұштап Бақтыгеерева, Рашида Мүрсалимова секілді апаларымызбен кездесіп, ғибратты әңгімелерін тыңдап бір марқайып қалдым. Өзімнің мамандығым бойынша шағын баяндама жасадым. Азды-көпті еңбегімді елеп, марапатқа ұсынған аудандық әкімдік қызметкерлеріне алғысым шексіз,- дейді Альмира Күнтазиева.

Ерекше балалармен ерекше жұмыс жасап жүрген Альмира Меңдібайқызы жолдасы Қуаныш Ағелеуовпен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған асыл жар, үлгілі ана.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT