Жақсы отбасы – бақыттың ұясы

Отбасы – қазақи ортадағы қасиетті ұғым.

Себебі ол – ізгі тәрбиелік қайнар көзі, мейірім-махаббат бастауы, саналы тұлға қалыптасуына негіз болар басты іргетасы, бал дәурен балғын шақтың жылы естеліктеріне толы ыстық ұя.

«Балапан құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді халық даналығы. Береке-бірлігі, тату тірлігі жарасым тапқан жанұя – салауатты қоғамның басты тірегі. Сүттей ұйыған шаңырақта өзара сыйластық, ыстық сүйіспеншілік, қамқорлық пен түсіністік салтанат құрады. Ал күнара дау-жанжал орын алып, кез келген нәрсе ұрыс-керіске ұласатын, үлкенге - құрмет, кішіге - ізет қағидаты қадірін жоғалтқан жанұяда бақ-береке де, ырыс-дәулет те тұрақтамасы анық. Соңғы жылдары қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды түсінігімізге жат ұғымды жиі қолданатын болдық. Отбасы мүшелері арасындағы өзара түсініспеушілік, бірі өзгесіне әлімжеттік не зорлық көрсету, балағаттау, қысымға алу, қинау әрі қорлау сынды жантүршігерлік фактілер орын алуы, әрине, көңілге қаяу салары анық.

Кез келген жан тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналуы мүмкін. Отбасындағы бір жанның қасақана әрі жүйелі түрде өзге біреудің денсаулығына зардап тигізуі, психологиялық қысымға алуы, жыныстық зорлық көрсетуі немесе қаржылық зиян келтіруі тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне жатады. Ерінің әйелін немесе керісінше, ата-ананың өз балаларын немесе балалардың қартаң ата-ананы жәбірлеуі зорлықтың айқын мысалы бола алады. Тұрмыстық зорлық ұғымының аста¬рына көз жүгіртсек, төрт түрлі сипатқа ие болатынын түсінеміз.

Ең алдымен, әрине, психологиялық тұрғыдан қысым көрсету. Құйтырқы әрекеттер нәтижесінде жүйке жүйесін жұқарту, қоқан-лоқы көрсету, былапыт сөздермен балағаттау, сынап-мінеу, табалау, жөнсіз кінә тағу немесе жала жабу арқылы көңіл күйіне, сана-сезіміне әсер ету, күйзеліске түсіру, тіпті өзіне-өзі қол жұмсауына дейін апару – психологиялық зорлықтың бір түрі. Ал физикалық зорлық фактілеріне ұрып-соғу, ауыр дене жарақатын салу сынды жәбір көрсету түрлері жатады. Сондай-ақ өзге жанға қатысты сексуалдық сипаттағы кез келген іс-әрекетті қолдану жыныстық зорлық ретінде танылады.

Сондай-ақ қазіргі таңда экономикалық зорлық-зомбылық фактілері де жиі ұшырасады. Мәселен, ақшаны немесе материалдық игіліктерді қатаң бақылауға алу, осы дүниелер арқылы тән мен жан саулығына нұқсан келтіру экономикалық зорлықтың бір сипаты болмақ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бірнеше жылдарға созылуы мүмкін. Жәбірленуші отбасылық қарым-қатынастағы құқыққа қарсы әрекеттерді жасырын ұстайды. Сол себепті көп жағдайларда тұрмыстық зорлық фактілері жария болмай, өз жалғасын тауып жатады. Әрине, ең өкініштісі – осы. Ел арасында түсіндіру, толыққанды ақпарат беру үрдісі белсенді қарқын алған сайын жәбір көрушілер бойында сенім де пайда болады.

Отбасы – шағын мемлекет. Отан отбасынан бастау алады. Жанұя бақыты жолында тәуекелге бас тігіп, жауапкершілік жүгіне арқа тосқан жан ғана қоғам алдындағы азаматтық борышын адал өтей алмақ. Бұл – еш жерде жазылмаған өмір заңы.

Сол себепті ой-санасы, сезім сарайы, жан дүниесі үйлесімді тұлғаны бақыт мекені-отбасында тәрбиелеп өсіру – баршамыздың адами борышымыз екенін сәл де болса естен шығармауымыз қажет.

Лаура КУАНЫШБАЕВА,

аудандық полиция бөлімі

жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің

әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы,

полиция лейтенанты

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT