Көгілдір көктем дала төсіне жылылығын молынан сеуіп, шаруалар үшін қолайлы кезең жетті.
Қыстақтарда жаппай мал төлдеу науқаны басталса, дала төсінің шаңын шығарып, диқандар жер жырту, тұқым себу жұмыстарына білек сыбана кірісті. Біз де аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарымен бірге шаруа қожалықтарындағы беймаза тірлікпен танысып қайтқанбыз.
«МАЛ ӨСІРСЕҢ, ҚОЙ ӨСІР...»
Қазақтың өмірінде, тұрмыс-салтында төрт түлік аса маңызға ие. Халқымыздың бір-бірімен сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасқанда ең алдымен: «Мал-жаның аман ба?» деуі де тегін емес. Сол себепті де кең сахарада мал баққан шаруа үшін төрт түліктің амандығы, жаңа туған төлдің жағдайы әрдайым басты назарда болады. Дәл қазіргі уақыт – «қой қоздап, түйе боздап, қорада шу» боп жатқан қауырт кезең. Біз барған Бейбарыс ауылдық округіне қарасты аумақта орын тепкен «Тасқалиев» шаруа қожалығында да қызу жұмыс басталып кеткен. Төрт түлікті өрбіту, оның жемшөбін дайындау бағытында жұмыстар жасалуда.
Осыдан төрт жыл бұрын басталған кәсіп бүгінде Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Бастапқыда «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Махамбет аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Бастау» кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған курсты аяқтап, сертификатты алып, соны «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорында» қорғап шығып, кейін ұсақ мал алып, кәсіпті бастаған.
- Бастапқы кезде жер алу қиынға соққан еді. Алдымен кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз үйіміздің ауласынан қора салып, төрт түлігімізді сонда ұстадық. Бірақ шағын жерде мал ұстау қиындық туғызды. Содан жер алуға барлық керекті құжаттарды тіркей отырып, конкурсқа түсіп, Бейбарыс ауылдық округіне тиесілі аумақтан 56 гектардай жер алып, жан-жағын қоршап, қора салып, ірі қара малды да қосып, қазіргі уақытта жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Төрттүлік болғаннан кейін оның жемшөбін де ойластыру керек қой. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» біздерге техника жағынан көмек көрсетті. Өткен жылы бір жыл каникул мерзімге рұқсат еткен «Беларус» тракторын алдық. Осы жылы сол трактордың күшін барынша пайдаланып, жоңышқа егу жоспарда бар. Алғаш қолға алған жұмыс болғандықтан бастапқы жылы 5 гектардай еккіміз келіп отыр. Сонымен қатар 2 гектардай бау-бақша егу жоспарымызда бар. Қолда бар техниканы пайдалансақ, жұмыс жасауға болады. Қазіргі таңда жерімізді жыртып, қосымша су желілерін жүргізіп, дайындап жатырмыз,- дейді шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Тасқалиев.
Асқар Тасқалиевтың әкесі де ауыл шаруашылығынан алыс жан болмаған. Осы жерде яғни Талдыкөл ауылында агроном болып, қызмет еткен. Әке жолын жалғап, «туған жерге туыңды тік» демекші, осы ауылдың азаматы болғаннан кейін білімі бен білігін осы іске салып көру мақсатында шаруашылықты қолға алған жайы бар. Қой төлін көбейтудің өзі тұнған өнер әрі ғылым десе де болады. Дана халқымыз қой басын көбейтудің, санын арттырудың көптеген жолдарын білген. Әрбір төрт түліктің көбейтетін кезін, қолайлы маусымын таңдап, асыл тұқымына қарай бөліп шағылыстыру, күйек алу сынды маңызды шараларды орындаудың өзіне де асқан білгірлік, білімділік қажет. Шопан атаның ізбасары қой санына арттыруды көздеп отыр.
- Қойдың басын көбейтіп, сапасын арттыруға толықтай мүмкіндігім бар. Ол үшін иелегіміздегі егістік алқабына жоңышқа егіледі.Жерді өңдеп, егуге, жинап алуға техникамыздың күші жетеді. Осы жылдың күзінде 50 шақты аналық қой алып, мал басын көбейткіміз келеді, - дейді А.Бақтығалиұлы.
Қазақ қашанда мал басының көп болғанын қалаған ғой. Мал санының көп болуы байлықтың, молшылықтың, ырыспен берекенің белгісі. Біз бүгінде мал басын көбейту үшін үлкен-үлкен бағдарламалар қабылдап жатсақ, ата-бабаларымыз соның бәрін табиғаттың заңымен реттестіріп,әрбір төрт түліктің өз жаратылысына сай бабын тауып, келесі маусымдарға дейін төрт түлігін төскейге өргізіп, көбейтіп алып отырған. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың алғашқы төрт айында 16881 бас мүйізді ірі қара, 5689 бас жылқы, 41608 бас қой, ешкі және 3836 бас түйе малы болса, олардан 2462 бас бұзау, 320 бас құлын, 8504 бас қозы, лақ және 286 бас бота төлі алынды.
КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
«Тасқалиев» шаруа қожалығынан шығып, Жайықтың бұқар бетін бетке алып, Есбол ауылдық округінің Ортақшыл ауылының аумағында орналасқан «Темірлан AGRO - 7661» ЖШС-не қарай жолға шықтық. Биылғы қардың көп түскендігінен бе, жап-жасыл түске боялған дала көзге оттай басылды. Жайылып жүрген жылқы да, самайдан ескен самал жел д е, Жайықтың асау толқыны да табиғатқа әсемдік беріп тұр.«Темірлан AGRO-7661»-не жеткен мезгілде жауапты тұлғалардың қауырт шаруадан бас алмай, іске кіріскендері сонша, тілдесуге де уақыттары тығыз. Жер көлемі 264 гектарды құрайтын серіктестіктің ауласындағы тракторларды,жүріп жатқан су жинақтайтын резервуардың құрылысына қарап, шаруашылықтың аяқ алысы тым тәуір екендігі байқалады. Тіпті жергілікті ауылдың азаматтарын да жұмыспен қамтып отыр.
- Өткен жылы 55 гектар жерге егін егіп, 95 млрд. теңгеден астам субсидия алдық. 2021 жылы 92 гектар жерге егістік егуді, жергілікті жерден 25 адамды жұмысқа алу жоспарлап отырмыз. Қазіргі күннің өзінде 5 адам жұмысқа алынып, егістік алқаптарына дайындық жұмыстары басталып кетті,-дейді серіктестік өкілдері.
Жалпы Махамбет ауданы бойынша өткен жылдың қазан-қараша айларында 2400 гектар жер жыртылса, қалған егіс алқабының жерлері көктемгі дала жұмыстары науқаны кезеңінде толықтай жыртылмақ. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Жексенбай Пазуловтың айтуынша, биылғы жылы егіс көлемі ұлғаймақ.
- Жаңа технологияларды енгізу және заманауи техникалармен қамту жұмыстары бағытында тамшылатып суару технологиясын қолдана отырып егілетін егіс көлемін 1500 гектарға жеткізу жоспарланып отыр, бұл көрсеткіштер көктемгі дала жұмыстары науқаны кезінде ұлғаятын болады. Алдын ала болжам бойынша 91 шаруашылық және жеке сектормен қоса есептегенде 550 га жерге картоп, 807 га жерге көкөніс, 390 га жерге бақша, 2300г амал азықтық дақылдар егіледі деп күтілуде,-дейді Ж.Пазулов.
ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БЕРУ ЖАЛҒАСАДЫ
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ биыл 63 млрд теңгенің шағын несиесін беруді жоспарлап отыр. Бұл – шағын кәсіпкерлік саласындағы 12 мыңнан астам жобаны қаржыландыруға жетеді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» беретін несие көлемі өткен жылғы деңгейде сақталады. Берілетін несиенің негізгі үлесі «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына тиесілі. Несие қаржысының жартысынан астамы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің жобалары мен стартап-жобаларға беріледі.
Естеріңізге сала кетейік,«Еңбек» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл кәсіпкерлігін дамыту,ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау сияқты негізгі жобалар қаржыландырылады. Ауыл кәсіпкерлері 4,6,12млн. теңгеге дейін 6,5 жылға дейінгі мерзімге шағын несие ала алады. Сондай-ақ ауыл мен қатар қалаларда жүзеге асырылатын жобалар несиелендіріледі, олар бойынша несие сомасы 16 млн. теңгеге дейін, ал Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында – 20 млн. теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – жылына 6 пайыз. Бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7 пайыздан аспайды. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне несиелер жылдық мөлшері 4 пайыз беріледі, тиімді сыйақы мөлшерлемесі 4,7 пайыздан аспайды.
«Ауылшаруашылығын қаржылай қолдауқоры» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, бағдарламаға ауыл шаруашылығы бағытындағы және ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнесті ашатын немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейткісі келетін кәсіпкерлер қатыса алады. Барлық сұрақтар бойынша қордың облыстық филиалдарына хабарласу қажет. Несие өнімдері туралы толық ақпаратты www.fagri.kz сайтынан немесе әлеуметтік желідегі ресми аккаунттардан табуға болады.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның құрамына кіретін қаржылықнесиелік компания болып табылады. Қор қызметінің негізгі бағыты – АӨК саласындағы жобаларды несиелеу, «Еңбек» бағдарламасы аясында несиелерді және банк несиелерін кепілдендіру, АӨК сақтандыру бойынша операторлық қызмет көрсету, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында мамандарды несиелеу агентінің қызметтері.
Қырдағы қарбалас осылай жүруде. Тынымсыз тірлік, еңбекқорлық қана үлкен жетістіктерге жетудің бірден-бір жолы екендігінің куәсі болдық. «Еріншектік», «жауапсыздық» ауыл шаруашылығы саласына бел шеше кіріскен жандарға жат ұғым. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өз-өзімізді толық қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берген-ді. Ал шаруа адамының жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы әлі де өзектілігін жойған емес.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Сурет автордікі