Қазір баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр.
Баспасөзге, оның ішінде 80 жылдық тарихы бар аудандық басылымға жазылу біздің ұлт жанашыры ретінде көрсететін бірден- бір қолдауымыз болмақ. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қанатты қағиданы ұлт көсемі Әлихан айтты емес пе? Дәуір тынысын тасқа таңбалап, тарихқа айналдыруда газет көтерген жүк жеңіл болған емес. Ал, сол қып-қызыл еңбекті бірінші болып ұстаздар қауымы түйсінуі қажет. Өйткені аудандық басылым біздің өміріміздің бір бөлшегі, тынысымыз бен тіршілігіміз. Баспасөз бетінде білім саласының барлық жаңалығы, ұстаздарымыз бен оқушыларымыздың жеткен жетістігі мен бағындырған белестері бірден көрініс табады. Ол ғана емес ауданның барлық саласына қатысты қордаланған мәселелер, олқылықтар мен кемшіліктер де үнемі көтеріліп жүргеніне куә болудамыз.
Иә, газет – өмір айнасы. Газеттің басты тірегі – оның оқырманы. Газетті аса қажет ететін оқырман біз болуымыз керек. Ұрпақ тәрбиелеп, үлкен міндетті жүктеп отырған соң мұны заңдылық санауға тиістіміз. Өзіміз оқып қана қоймай, тәрбиелеп отырған оқушыларымыздың да газет оқуға деген қызығушылығын оята білудің маңызы зор. Газет бетінде жарияланған әр оқушының жетістігін сыныптың алдында көрсетіп, дәріптеуіміз керек. Аудандық білім бөлімі ұжымы ұйымшылдықпен 2021 жылға «Жайық шұғыласы» газетіне балама жазылым бойынша жазылды. Енді ауданымыздағы барша мектептер мен балабақша ұжымдарын төл басылымымызға жазылуға шақырамын!
Ұстаздар қауымына айтарым, ұрпақтың ертеңіне қалай алаң болсақ, аудандық басылымға да солай жанымыз ашысын, әріптестер!
Айгүл СҰЛТАНҒАЛИЕВА,
аудандық білім бөлімінің басшысы