Қазір жол-көлік оқиғасына түскен, болмаса ауырып, жерге құлап қалған адамдарды телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге лезде тарату әдетке айналып кетті.
Ал осындай қиын жағдайда сабырлық сақтап, алғашқы медициналық көмекке ұмтылатындар қатары сирек. Осындай олқылықтың алдын алу мақсатында Атырау облысы Жастар саясаты мәселесі басқармасының қолдауымен «Birgemiz» жалпыұлттық жобасының «Saulyq» бағыты аясында пайдасы мол шараны облыстық 103 жедел медициналық жәрдем станциясының волонтерлары қолға алды.
Олар аудандарды аралап, алғашқы медициналық көмекті қалай жасалатындығы жөнінде түсінік беріп, практикалық тұрғыда көрсетуде. Мақат ауданынан бастаған волонтерлар Махамбет ауданына келді. Аудандық жастар ресурстық орталығында жедел жәрдем қызметкерлерінің көмегімен аудан жастарына алғашқы көмек пен базалық реанимацияның жасалу жолдарын үйретіп, тәжірибелерімен бөлісті.
- Науқастың өмірін аман алып қалуда алғашқы көмектің пайдасы өте көп. Әрине, ол жерде қалай жасалу жолын білсе ғана көмек бере алады. Аудандарды аралап, бұл жерлерде де жедел жәрдемде қызмет еткісі келетін волонтерлар тобын құру жоспарда,- дейді өткен жылдан бері жедел жәрдемде ерікті түрде қызмет атқарып жүрген Ақбөбек Тәттібекқызы.
Аудандық жедел жәрдемнің фельдшерлері Шынар Қалиева, Мархаба Нұрмұханова мен Назира Қарағойшиевалар жұмыс барысында кездесетін жағдайларды айта келіп, ересек адамға және кішкентай балаға жасалатын базалық реанимациялық көмектің қалай жасалатындығын кездесуге қатысушыларға түсіндірді.
- Көшеде құлаған адамды кездестірген жағдайда сабыр сақтап, ең алдымен ол кісіні қауіпсіз жерге жатқызу керек. Екі иығынан қағып, не жағдай болғандығын сұраймыз. Кейін жиналған адамдарға 103-ке хабарласа беруін сұраймыз. Ескеретін жайт, тек бір ғана адам хабарласу керек, әйтпегенде желі бос болмауы мүмкін. Кейін қиындыққа тап болған адамның кеудесін ашып омырауының қақ ортасындағы төс сүйегіне сол алақаныңның білек сүйегі және оның үстінен оң алақаныңмен айқастырып, бар күшіңмен басып, кеудеге 3-4 см төменірек 30 рет ритмикалық серпіліс жасайсың, - деп бастаған фельдшер Ш.Қалиева жиналғандарға базалық реанимациялық көмектің қалай жасалатындығын толықтай көрсетті.
Өз кезегінде аудан жастары да өз еріктерімен тәжірибелі мамандардың көрсеткендерін қайталап, фельдшерлер мен жастарға қашанда қолдау білдіруге даяр Жастар саясаты мәселесі басқармасына және жедел жәрдемнің еріктілері алғыстарын жеткізді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ