Жанымызды жаралаған Ауғанстан

Фото: zh-shugylasy.kz

Ауған соғысының ардагері Аманжан Ізтелеуов – Қызылқоға ауданының ту­масы. 1985 жылы Қарабау орта мектебін бітірген Аманжан Отан алдындағы борышын өтеуге 1986 жылдың сәуірінде әскерге шақырылған.

Ол Самарқанд қаласында үш айлық әскери дайындықтан өткен соң Ауғанстанға аттанған. Ол жақта Шынданд провинциясында автоба­тальонда жүргізуші болыпты. Сол бір Ауған жеріндегі қиын шақтарды еске алған Аманжан Рамазанұлы бы­лай деді:

-18 жастан әскерге шақырылдық. Өрімдей шағымызда өзіміздей жігіттерге қорған болдық. Аздап қорқыныш та болды басында. Кейін үйреніп кеттік. Өлім мен өмір белдесіп жатты. Мен автобатта жүргізуші бол­дым. Кушкадан құрылыс материал­дарын тасыдық. Минаға жарылған қаруластар да болды. Ол кезде қарауылда тұрған солдатты да ұрлап кететін. Бізде бір эстон, бір украин жігітті қарауылда тұрған кезде ұрлап кеткені есімде. Өздері жоқ, тек бас киімдері ғана қалыпты.

Тағы бір есімде қалғаны-Шинданд аэропортына ұшақтан заттар қабылдап алуға барғанымыз. Келесі тікұшақтан көз жұмған солдаттарды түсіріп жатты. Денең түршігіп кетеді екен. Сонда алғаш көруім өлген адамды. Темір табытпен сарбаздар Ташкент арқылы елге жіберілетін. Ортақшылда бала кезде бірге ойнаған ауылдасым Мейрамбай Темірғалиевті Ауғанстанда көріп қалдым. Кейін Мейрамбаймен көрші тұрдық. Қазір арамыздан ерте кетіп қалды ғой есіл ер,-дейді Аманжан сол кезден сыр шертіп.

1988 жылы әскерден оралған соң Аманжан Энгельс совхозында жүргізуші болып еңбек еткен. Ол 1989 жылы жолдамамен Алматы зооветеринарлық институтқа(АЗВИ) оқуға түсіп, оны 1994 жылы аяқтаған. 1991 жылы Фаридамен шаңырақ көтеріп, екі қыз тәрбиелеп өсірді. 1996 жылы Ортақшыл ауылына көшіп келген. Осы жылдары Теңіз, Қарабатанда ауысымдық әдіспен жұмыс жасаған екен. Ал 2020 жылдан бері «Атырау-Жарық» мекемесінде жүргізуші болып еңбек етуде. Екі қызынан бес жиені бар. -«Жастардың әскерге бармай, одан қашып жатқаны мені қынжылтады. Әскер бұрынғыдай екі жыл емес, қазір бір жыл ғана бо­рышын өтейді. Онда ұрып-соғады деп барудан жалтарады. Кезінде де та­лай рет таяқ жегеніміз есімде. Қалай болғанда да Отанды қорғау керек қой,- дейді ардагер Аманжан Ізтелеуов.

Ауған соғысы ардагері Аман­жан Рамазанұлы «Ерлігі үшін», «Интернационалист жауынгерге Ауған халқы атынан», «КСРО Қарулы Күштеріне-70 жыл», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15,20, 25, 30 жылдығы медальдарымен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасы­мен марапатталған.

Тағы бір Ауған соғысының ардагері Сағындықов Бауыржан Жолдасұлы Махамбет ауылының тумасы. Бау­ыржан Махамбет орта мектебін 1984 жылы бітірген соң, 1985 жылдың мамырында әскерге шақырылады. Сол жылдың мамырынан қазан ай­ына дейін Түркіменстанның Тид­жин қалашығында 6 айдай әскери дайындықтан өткен екен.

- 1985 жылдың қазанында Ауғанстанға Гурьевтен 28 жігіт аттандық,-деп бастады Бауыржан әңгімесін. Кейін бәрімізді жан-жаққа бөліп жіберді. Мен Шинданд про­винциясында реактивті артиллерия полкінде жүргізуші болдым. Біз – бүкіл полк бөлімшелерді материалдық жағынан жабдықтаумен айналыстық. Түргения, Кушкадан оқ-дәрі, жанар­май тасыдық. Ол жолдар өте қауіпті, ұзақ еді. Жау кез келген жерге мина қойып тастайтын. Автоколлоннамен келе жатсаң, душмандар алдыңғы мен артқы лекті көздеп ататын. Біздің полктегі бір жігіттің машинасы минаға жарылып, өзі секіріп кетіп, әйтеуір жараланғаны болмаса, аман қалды. Ол жақтың адамдары орыс тіліне жетік еді. Бірақ дүниетанымы әлдеқайда артта қалған. Кеңес солдатын басқыншы, жау санайтын. Бізге олар­мен көп жақындасып, сөйлесуге бол­майтын. Түр-әлпеті жағынан тәжіктер сияқты көрінетін. Балаларының өзі қару асынып жүруші еді. Минаны адам жүретін аймаққа тастайтын. Белгіленген жермен жүрмесең, кез келген уақытта минаға түсіп қалуың мүмкін. Әскери операцияларға көп қатыстық. Қарулы қақтығыстар Иран шекарасы, Кандагар жақта болатын. Біз танк полкімен бірге жанармай, оқ-дәрімен жүретінбіз. Талай жолда­стардан айырылып қалдық. Мен де бір рет жауынгердің денесін сол Шинданд аэропортындағы мәйітханаға апарғам. Басында қорқыныш болғанмен, адам бәріне үйренеді екен. Әскерлерді сол мәйітханадан темір табытқа салып, елге жөнелтетін ұшақпен. Иа, өмір мен өлім қат-қабат жүретін. Бүгін бар адам ертең жоқ еді. Кандагар жақтағы әскери операцияларда адам шығыны болатын. Жау оғынан талай қаруластарымыз көз жұмды,-дейді Бауыржан Жолдасұлы.

Ол 1987 жылдың мамырында елге оралған. Бауыржан бізбен әңгімесінде қазіргі уақытта ауғандық 20 шақты жігіт барын, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш ашу ойда барын айтты. Бұл мәселе 2020 жылдан бері қозғалып келеді екен.

Ауған соғысының ардагері Бау­ыржан Сағындықов 1988 жылдан бері «Атырау-Жарық» мекемесінде еңбек етіп келеді. Ол 1991 жылы шаңырақ құрған. Жолдасы Гүлфая екеуі бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген. Бүгінде үш жиен мен үш немеренің атасы.

Жалпы Бауыржанның алған ма­рапаттары жетерлік. Атап айтсақ, «КСРО Қарулы Күштеріне-70 жыл», «Ерлігі үшін», «Интернациона­лист-жауынгерге Ауған халқынан», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15, 20, 25, 30 жыл» медальдарымен марапатталған. Со­нымен қатар, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасын да алған.

-Енді соғыс болмасын. Ұрпағымыз біз көрген қиыншылықтарды көрмесін. Ел аман, жұрт тыныш болсын,-дейді ардагер.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT