Уақыттың өзі емдеуге дәрменсіз

Фото: bbc.com

Тарих беттеріне үңілсек, қазақ қазақ болғалы талай нәубетті бастан кешті. Еске алудың өзі мұңлы кездер аз болмаған. Зұлматты жылдар, саяси қуғын-сүргін, ашаршылық, көтерілістер, соғыстар... Соның ішінде, биыл аяқталғанына 35 жыл толып отырған ауған соғысы. Аяқталғанына 35 жыл деп жар салғанымызбен, қантөгістің бел ортасында болып келгендердің жүрегінде уақыттың өзі емдеуге дәрменсіз қансыраған жара болып қалды.

 Иә, ауыр әрі қасіретті болса да, ащы тарих тағдырына жара салған қаншама жан жүр арамызда? Бірін білсек, бірін білмейміз, іздемейміз. Іздесек те, кейбірінің жарыққа шыққысы жоқ... Себебі, от пен оқ ортасындағы қасіретті жылдарды еске алу, оны қайтадан көз алдынан өткізе айтып беру қайдан оңай болсын? Оның үстіне сол кездегі саяси тәртіп «бәрі де құпия болуы керек» деген бұйрықтың салдары болар, кім білсін?! Дегенмен, ол ту­ралы айтудың өзі ауыр болса да, оны кейінгі ұрпақтың білуі, құрмет тұтуы парыз деп білеміз.

Он жылға созылған қақтығыстан қаншама жанның қаны текке төгілді, із-түссіз жоғалып, елге мүгедек хәлде оралғандары қаншама? Сол кездегі саясаттың құрығына ілінген өрімдей 18-20 жастағы қыршын кеткен бозба­лалар өмірі мен тірі қалғандардың жүрек түкпірінде қатқан зіл батпанның сұраусыз, жабулы қазан күйінде қалғаны өзекті өртейді.

Естеріңізге салсақ, газетіміздің өткен санында Ауған соғысына ауданымыздан 43 адам қатысқан болса, оның 3-еуі сол жақта ерлікпен қаза тауып, 12-сі кел­геннен кейін әртүрлі сырқатқа шалдығуы себептер­мен қайтыс болғаны туралы жазып едік. Тарих бетінде аты қалған батырларымыздың есімдерін көпшілікке таныту мақсатымен олар жайында газетіміздің әр са­нында мақала жариялап тұруды жөн көрдік.

20 ЖАСТАҒЫ МЕРГЕН ЕФРЕЙТОР

Ол - Имат Мұсағалиев Болатұлы. 1960 жылы 16 на­уырызда Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Алмалы ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Құрманғазы ауданы Нұржау ауылындағы В.И.Ленин атындағы орта мектебінің 8-ші сыныбын бітіріп, Махамбет ауданындағы кәсіптік- техникалық училищеге түседі. Оны 1979 жылы аяқтап, сол жылы күзде Кеңес Ар­миясы қатарына алынады. Алғашында Венгрия алты ай оқу-жаттығудан өтіп, сол жылы қараша айында интернационалдық борышын өтеуге Ауғанстан жеріне аттанған екен.

20 жастағы мерген ефрейтор Имат 1980 жылдың 13 маусымында Кандагар жерінде бірнеше рет дұшмандармен болған бетпе-бет айқаста ерлікпен қаза болған. 20 маусымда оның денесі мырыш табытпен елге жеткізіліп, туған ауылындағы бейітке жерленді.

Жауынгер қаза тапқаннан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Воину-интернационалисту» медалімен және КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған. Алмалы ауы­лында марқұм И.Мұсағалиевке ескерткіш салынды.

ЖАТ ЖЕРДЕ ҚЫРШЫН КЕТКЕН ЖАУЫНГЕР

Ұрыс даласында қаза тапқандардың бірі - Мұхтар Рах­метов Махонұлы. Ол 1965 жылы 18 қарашада Гурьев об­лысы, Махамбет ауданы, Махамбет кентінде дүниеге келген. Әскерге алынғанға дейін туған ауылындағы кеңшарда жұмыс істейді. КСРО Қарулы Күштерінің қатарына 1984 жылы 9 мамырда Махамбет аудандық әскери комссариатынан шақырылған. 1984 жылы қазан айынан Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингентінде әскери борышын өтейді. Қатардағы жауынгер, жаяу әскер ұрыс машинасының механик- жүргізушісі ретінде ұрыс операцияларына қатысып, өзін батыл әрі табанды жауынгер ретінде көрсете білді. 1985 жылы 10 қаңтарда Бахарак пунктіндегі ұрыста оның БМП-сі жарылып, жараланып, қаза тапқан. Жат жерде қыршын кеткен жерлесімізге ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені берілді. Жауынгер Ақжайық ауылына жерленіп, ауылдағы бір көшеге есімі берілді.

ТАЛАЙ ЖЫЛҒЫ НӘУБЕТТІҢ ЗАПЫРАНЫН ЖҰТҚАН ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ АУЫРТПАШЫЛЫҚТАРЫ АРТТА ҚАЛЫП, АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА БЕЙБІТ ӨМІР СҮРІП КЕЛЕМІЗ. ТАРИХТЫҢ ҚҰПИЯ БЕТТЕРІ БІРТІНДЕП АШЫЛУДА. КЕЙБІР АҚИҚАТ ЕНДІ МӘЛІМ БОЛЫП ЖАТЫР. СОЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫН КІТАПҚА ЖИНАҚТАП, ФИЛЬМ ТҮСІРІП, ХАЛЫҚ НАЗАРЫНА ҰСЫНЫП, КЕЛЕР ҰРПАҒЫМЫЗҒА ҮЛГІ ЕТЕТІН УАҚЫТ КЕЛДІ ЕМЕС ПЕ?

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT