«Жаныңда жүр жақсы адам»

Ортақшыл ауылдық кітапханасында, Есбол ауылдық әкімдігінің қолдауымен ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері бас қосқан тағылымды шара өтті. Бұл кеш – өнегелі адамдарды дәріптеп, олардың өмір жолы мен еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған «Жаныңда жүр жақсы адам» атты кездесу кеші еді.

Кештің басты кейіпкері – ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз, кәсіби ме­диатор Жібек Шамалиқызы Мұғауова. Шара барысында ауыл әкімі А.Төлеген, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Аруев кеш иесіне және мерейлі 75 жасқа толған білім саласының ардагер ұстаздары Ақпал Құрманбайқызы мен Роза Исатайқызына Алғыс хат табыс етті.

Жиналғандар Жібек Шамалиқызының сан қырлы еңбегіне тоқталып, «Ғибратты ғұмыр» бейнематериалын тамашалады. Сонымен бірге «Суреттер сөйлейді» атты отбасылық фотоколлаж да көрсетілді. Кешке ҚХА Атырау об­лысы «Қоғамдық келісім» орталығының өкілдері Кенжегүл Ерғалиқызы мен Жанар Төрениязқызы, түрлі мекеме басшылары, әріптестері, шәкірттері қатысып, ардагер ұстаз жайлы жылы лебіздерін білдірді. Олардың айтуынша, Жібек Шамалиқызы – шынында да «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға.

Кітапханашы ұйымдастырған «Парасат биігіндегі тұлға» атты кітап көрмесінде ұстаздың әр жылдардағы марапаттары, баспасөз бетінде жарық көрген мақалалары мен кітапқа енген еңбектері көпшілікке ұсынылды. Бұл көрме ұстаздық пен қоғамдық еңбектің мәңгілік құндылығын тағы бір дәлелдегендей болды. Шараға Қосарал орта мектебінің оқушылары арнайы келіп, ардагер ұстазға арнау жырларын оқыды. Ал “Самал” мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, кешті мерекелік көңіл-күйге бөледі.

– Жібек апайымыздың әрбір сөзі мен ісі – біз үшін үлкен сабақ. Оның мейірімі мен әділдігі бізді өмір бойы алға жетелеп келеді. Осындай игі кештердің жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор,- деді шәкірттері.

Осындай мазмұнды кездесу кеші ауыл тұрғындарына рухани серпіліс беріп, ардагер ұстаздың өнегелі өмірі мен жарқын болмысын дәріптеуге арналды. «Жаныңда жүр жақсы адам» деген атпен өткен шара шын мәнінде ел жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT