Өзекті мәселелер талқыланған жиын

Аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы ұйымдастырылды. Оған комис­сия мүшелері, округтегі түрлі ұйым мен мекеме жетекшілері, әкелер және аналар кеңесінің төрағалары мен төрайымдары қатысты.

«ТӘРБИЕ – ТАЛБЕСІКТЕН»

Комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек комис­сия отырысын ашып, күн тәртібінде үш мәселе қаралатынын еске салды. Бірінші мәселе – отбасындағы тәрбие бойынша әкелер, аналар кеңестері төраға-төрайымдары Төре Пангерей мен Тойған Сариеваның баяндамалары тыңдалды.

Әкелер кеңесінің төрағасы Т.Пангерей жыл бойы атқарылған жұмыстарына тоқталды. Онда тал егу, спорттық шаралар, мал сойып, оны жіліктеу шеберлік сабағы, әкелер слеті, «Дөңгелек үстел», әртүрлі челлендж де қамтылыпты. Ол 9 ауылдық округ­те 16 әкелер кеңесі төрағасы барын еске салып, барлық жұмысты бірлесіп атқарып жатқанын айтты.

Аналар кеңесінің төрайымы Тойған Сариева да атқарылған жұмыстарын саралады. Ауданда түрлі қоғамдық бірлестіктер, қыз-келіншектер клуб­тары, округтерде аналар ансамбльдері жұмыс жасап жатқанын атап өтті.

ЕРТЕ ЖҮКТІЛІК ДЕРЕГІ ТІРКЕЛМЕДІ

«Білім беру ұйымдарында қыздар тәрбиесі және ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыбында баяндама жасаған аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Берікқызы бүгінде аудандағы 15 мектепте 5687 оқушы білім алып жатқан болса, оның 2860-ы қыздар екенін атап өтті.

– Білім беру саласындағы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бүгінде «Адал азамат» болып өзгерді. Ата-ана­ларды қолдау бағытында «Даналық мектебінің» жұмысы жолға қойылып, аналар, әкелер, жеңгелер мектептері, қыздар, ұлдар клубтары жүйелі жұмыс жасауда. Мектептерде қыздар жина­лыстары, «Ерте жүктіліктен сақтан!», «Ар-намысты жоғары ұстайық!» тақырыбында кездесу жиындары өтіп, оған ауданның гинеколог-дәрігерлері белсене араласты. «Қауіпсіз қоғам өмірге салауатты қоғамнан басталады» кездесу кешіне прокуратура, полиция органдары, дәрігерлер қатысып, ой- пікірлерін ортаға салды. Соңғы жыл­дары мектеп оқушылары арасындағы ерте жүктілік фактілері анықталмады,- деді В.Берікқызы.

Аудандық әкелер кеңесі төрағасы Төре Пангерей соңғы кездері ерте жүктілік өзекті тақырыпқа айналып, бұл мәселе бойынша Атырау облысы «Қызыл аймақта», соның ішінде Жы­лыой, Мақат аудандары көш бастап тұрғанын меңзеді. Шетел асып, қайта оралған теріс дін жолындағы азамат­тардан жастарымызды сақтандыру қажеттігін айтқан комиссия төрағасы М.Ербөлек дін, нашақорлық, суи­цид мәселелерін де назардан тыс қалдырмауды ұсынды. Бұл бойынша қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс атқаруға кеңес берді.

«БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫНА МӘН БЕРІҢІЗ»

Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлнар Бекбаева «Мемлекеттік отбасылық-демографиялық саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік тапсырыстың орындалуына монито­ринг жүргізу» тақырыбында баянда­ма жасап, онда атқарылған шараларға қысқаша тоқталып, үш шараға 4 мил­лион теңге қаражат қаралып, бәрі игерілгенін айтты.

Бала денсаулығы бәрінен аса маңызды екенін айтқан комиссия мүшесі, аудандық емхана дәрігері Балымгүл Сақтапова әсіресе, қыз балалардың денсаулығын ата- анасының рұқсатынсыз тексеру жүргізілмейтінін тілге тиек етті.

– Мұндай жағдай қыздарға арналған екпе жұмыстарына да кедергі келтіреді. Кей ата-аналарға балаларының ауруын айтып, қанша ескертсек те мән бермей жүре береді. Мезгілінде дәрігерлерге қаратпай, әбден ауруын асқындырып алғаннан кейін қозғалады. Осылайша баланың денсаулығына немқұрайлылық таны­тады. Сол немқұрайлылық танытатын ата-аналарға сіздер арқылы ықпал ет­сек, сіздер ұйымдастырған шараларға біз де қатыссақ,- деген ойын ортаға салды дәрігер.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлнар Қырықбайқызы алдағы уақытта көшпелі ата-аналар форумын өткізу ойда барын айтты. Аймақтық, аудандық деңгейде өткізетін шараларға ерте жүктілік, нашақорлық мәселелерінен бөлек бала денсаулығы тақырыбын да қосып, дәрігерлерді шақыратынын атап өтті.

МЕКТЕПТЕГІ БУЛЛИНГКЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Аудандық полиция бөлімінің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, поли­ция капитаны Арайлым Сапарғалиева мектептегі буллингке байланысты про­куратурамен бірлескен жиналыстар, акциялар өткізіп жүргеніне тоқталды.

– «Отбасын қолдау» орталығымен бірлесіп, өмірлік қиын жағдайға тап болған бірнеше жанұяға бардық. Осы мәселеге байланысты жиындар өткіздік. Ауданда 23 қолайсыз отбасы тіркелсе, отбасы-тұрмыстық салада құқық бұзушылық фактісі жиі орын алады. Әсіресе, отбасында ұрып-соғу әлі тоқтамайды. Былтыр отбасылық жанжал себебінен 5 қылмыс тіркелсе, биыл екі оқиға орын алды. «Отбасын қолдау» орталығында өмірлік қиын жағдайға тап болған аналарға арналған бір бөлме бар. Орталық психологі мұндай жандарға көмегін көрсетіп, жұмыссыздарға жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі,-деді А.Сапарғалиева.

Комиссия отырысын қорытын- дылаған аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек жағдайы нашар отбасылар әлі де кездесетінін, соны­мен қатар істі болып, сотталғандар да барын айтты. Сондықтан алдын алу жұмыстарын жүргізу керектігін алға тартып, мемлекет тарапынан көмектер беріліп жатқанын жеткізді.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT