Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында еліміздің даму бағытын айқындайтын жаңа міндеттерді белгілеп берді. Бұл стратегиялық құжат – заман талабына сай жаңару мен ілгерілеудің айқын жолы.
Президент өз Жолдауында жаһандық өзгерістер мен цифрлық дәуірдің сын-тегеуріндеріне төтеп берудің нақты тетіктерін ұсынды. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің басты мақсаты – жаңа технологиялық және экономикалық дәуірге бейімделіп, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді тиімді енгізу арқылы Қазақстанды бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыру.
Жолдауда ерекше мән берілген бағыттардың бірі – білім мен ғылымды дамыту. Президент білімді ұрпақ тәрбиелеудің маңызын атап өтіп, жастардың шығармашылығын, ізденісін және жаңашылдыққа ұмтылысын қолдау қажеттігін айтты. Білім беру жүйесін жетілдіру, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жағдай жасау, жас ғалымдарды қолдау – елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыратын басты бағыттардың бірі болып табылады.
Сондай-ақ Жолдауда әділетті қоғам құру, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, қоғамдық бақылауды күшейту және азаматтардың билікке деген сенімін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл – ел мен халық арасындағы өзара сенімді нығайтып, әділдік пен ашықтық қағидатын орнықтыруға бағытталған маңызды қадам.
Мемлекет басшысының бастамалары – еліміздің тұрақты дамуы мен әрбір азаматтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралардың бастауы. Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Ә.Сейлова,
Махамбет аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы