Жан жылуын сезінген шақ

Желтоқсан айы басталғалы бері аспан жақтың жерге жіберген елшісіндей оқтын-оқтын жапалақтап жауған қар төңіректі қалың ақ көрпесімен тұмшалап тастады.

Әп-сәтте ауа тазарып, қыстың сәні келіскендей болды. Осындай тұмса табиғаттың таңғажайыбына тамсанып, көкірек сарайлары ашылған бүлдіршіндерді Жалғансай мәдениет үйінде бұдан да өткен тамаша тосын сый күтіп тұр еді. Өйткені, «қуантсаң, баланы қуант» дегендей, бұл жолы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қамкөңіл балаларға арналған жаңа жылдық аудан әкімінің қайырымдылық шыршасына анау-мынау емес, Махамбет атындағы облыстық драма театрының жас әртістері шақырылған еді.

Кәсіби сахна шеберлері ретінде бірден тізгінді қолға алып, ойын-сауық отауының отын үрлеген майталмандар мерекелік думанды дүркіретіп ала жөнелді. Ортада бар сылдырмақтары мен әшекей ойыншықтарын бойына жапсырып, малынған шырша мүлгіп тұр. Көп ұзамай ғайыптан пайда болғандай бүлдіршіндердің ортасынан табылған әлемдік әдебиет ертегілерінің кейіпкерлері Мигель мен Коко өздерін тосып тұрған балалармен бірге билей жөнелді. Енді бір сәтте Мигель өзінің әжесімен, иті Дантэмен бірге сахналық қойылым қойды. Гектар мен Имельданың Мигельмен кездесулері де әсерлі шықты. Осындай ойын-сауық қыза бастаған тұста аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы ортаға шығып, шараға жиналған барша бүлдіршіндерді жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Құрметті оқушылар! Сіздерді және сіздер арқылы ауданымыздың барлық оқушылар мен бүлдіршіндерін жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Мемлекет сіздер арқылы өрістейді, ауданымыздағы жақсы істер сіздер арқылы жалғасын табады. Сондықтан сіздердің талапты да талантты, батыл да алғыр, зерек те зерделі қадамдарыңыз сәтті, қуаныштарыңыз мол болсын. Жаңа жыл балалық шақтарыңызды нұрландыратын жақсылықтар алып келсін!

Аудан әкімі де мерекелік шараға құрқол келмепті. Жылы күртеше, қысқы аяқ киім, мойыншәлі тағы басқа балаға қажеттінің бәрі салынған «семіз» қоржында тәттілер де сықап тұр. Аудан бойынша әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын 47 бүлдіршінге осындай құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Бұдан әрі аудан басшысы Жәрдемғали Бахуұлы Талдыкөл мектеп-балабақша кешенінің жетінші сынып оқушысы Әділетов Есболмен бірге бағанадан үнсіз тұрған жасыл шыршаға таяп барып, сиқырлы таяқты сілтеп қалғанда, жасыл шыршаға да «жан бітіп», самаладай шамдары жарқ етті. Сол-ақ екен, қорбаңдаған аю бастаған орман аңдары андыздап атып шықты. Қазақы қағидамен «алмақтың да, салмағы барын» сезінген Әділетов Есбол осыншама көл-көсір қуаныш сыйлағаны үшін барша бүлдіршіндер атынан аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлына жүрекжарды ризашылық сезімін жеткізді.

Көптен күткен аяз ата мен ақшақар да төбе көрсетті. Шыршаны айнала ән салып, би билеп, ойын ойнап жүрген бүлдіршіндер аяз атаны қоршап, аңтарылып тұрып қалған. Бүлдіршіндердің ойын айтқызбай-ақ ұғынған аяз ата мен ақшақар «кәне, кімнің қандай өнері бар, сыйлығым жетеді» деп бір желпінтіп тастады. Бірінен соң бірі ортаға шығып, көркем сөз оқып, домбыра шертіп, күй төгілдіріп, шырқата әнге салып, би билеген жекелеген өнерпаз бүлдіршіндердің қай-қайсысы да сыйлықтан құр қалмады. Бүлдіршіндердің жандарын жадыратып, ерекше қуанышты көңіл-күй сыйлаған осынау тамаша жаңажылдық шара ұзақ уақыт есте сақталары сөзсіз.

Ал далада қар қылаулап, жаяу бұрқасын жүре бастапты. Иә, «бұл айдың бораны, қары бар...»

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT