Отбасылық кәсіпкерлікпен айналысатын «С.Ж.Мухамбетова» ЖК жетекшісі Алиева Дания Марксқызы «Атамұра» мейрамханасы иесі «А.Мусепов» жеке кәсіпкерлігімен бірлесіп, аз қамтылған отбасылардың кішкентай бүлдіршіндеріне арналған жаңа жылдық қайырымдылық шыршасын ұйымдастырды. Оған Махамбеттен басқа ауылдық округтерді қосқанда 100 бала қатысты.
Демеушілер шыршатойға арнайы Атырау қаласынан ойын-сауық ұйымдастырушылар шақыртыпты. Тіпті Аяз ата, ақшақар, сайқымазақ, бұғы, қарақшы, өрмекші адамға дейін келіп, балғындарды күлкіге көмді. Түрлі аң-құс, ертегі кейіпкерлерінше киінген балалар ортаға құрылған алып шыршаны қоршай, дөңгеленіп тұр екен.
Шыршатойды аудан әкімінің орынбасары Мардан Жұмахметұлы ашып, балақайларды келе жатқан 2019 Доңыз жылымен құттықтап, бақытты балалық шақ тіледі. Мұнан әрі жаңа жылдық кеш тізгінін атыраулық ойын-сауық ұйымдастырушылар алды. Екі ақшақар, бір бұғы кейпіндегі жігіт балаларды ортаға шақырып, жасыл шырша жанындағы ән-думан көрігін қыздыруға көшті. Бір мезет сыйлық толы қапшық арқалаған аяз ата мен ақшақар да көрінді-ау. Міне, жасыл шырша шамы да маздай жанды. Балалар қол ұстасып, биік жасыл шыршаны айнала дөңгелене жөнелді.
«Аяз ата қолғабы» ойыны ойналып, сиқырлы қолғап қолдан-қолға өтті. Қолғап қолында қалған бала өнерін көрсетуі тиіс. Әр бала өлең оқып, ән шырқап, би билеп, ортаны толтыра түсті. Балалар тізбектелген «Паровоз» ойынын да ерекше ықыласпен ойнап жатты. Қарақшының аяз ата мен ақшақарды ұрлап, оны тұтқындағаны мәлім болды. Одан әрі оны құтқару операциясы жүрді. Ақыры оларды өрмекші адам құтқарып үлгерді. «Әуенді тап!» ойыны ойналып, әр бала әуенді тез тауып, түрлі сыйлықтар, ойыншықтар ұтып, мәз болды. Өрмекші адаммен бірге шыршаны айнала билеп, ән салды.
Атыраулық ойын-сауық ұйымдастырушылар да шыршаға келген балалардың тілін тауып, ойын ойнатып, өнерін тамашалады. Жеңімпаздар түрлі ұтыстарға ие болды.
Демеушілердің балаларға арналған сыйлығын аяз атаның өзі таратуға көшті. Қойны-қонышы ойыншыққа, сыйлыққа толған балалар мәз-майрам болды. Келген 100 баланың бәрі сыйлықтарын алып, жүзі бал-бұл жанып қуанды. Қазақта «Қуантсаң, баланы қуант, берсең, балаға бер!» демей ме. Ата-аналар да демеушілерге алғысын жаудырды.
КӘСІПКЕРДІҢ ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРШАСЫ
Жеке кәсіпкерлер Нұрлан Ұзақбаев пен Ғалия Сейлованың демеушілігімен «Берекет» мейрамханасында мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап, жаңа жылдық шырша өткізді. Оған Атырау қаласынан «Алақай» театры үкіметтік ұйымы жанынан құрылған қуыршақ театры балақайларға ертегілерден үзінділер көрсетті. Үлкен ақ және қара пандалар фокустар көрсетіп, балаларды күлкіге көмді. Аяз ата мен ақшақар балаларға сыйлықтарын үлестіріп, бір қуантты.
«ӨНЕРПАЗДАҒЫ» ШЫРШАТОЙ
«Өнерпаз» мәдениет үйінде «Үміт жанары» қорының (Т.Кенжалиев) ұйымдастыруымен зағип балаларға жаңа жылдық шырша ұйымдастырылды. Оған аудан кәсіпкерлері Б.Габдуллин, Н.Есенғалиев, Т.Қоржынов, М.Избулов, Қ.Кенжеғалиева(«Әлинұр» кафесі) демеушілік көмегін көрсетті.
ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ ДЕ ҚАРАП ҚАЛМАДЫ
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімдері бірлесіп, «Берекет» мейрамханасында 102 балаға қайырымдылық шыршасын өткізді. Балалар аяз ата мен ақшақарды, өзге де ертегі кейіпкерлерін ата-аналарымен, тәрбиешілерімен бірге келіп, қызықтады. Шыршатойға қатысушыларды аудан әкімінің орынбасары С.Ертлеуқызы құттықтап, игі тілегін арнады. Сан алуан кейіпте киінген балалар қол ұстасып, жасыл шыршаны айналып, ән салып, би биледі. Әсіресе, фокус көрсетушінің өнері балалар жүрегіне жол тауып, жылылық сыйлады. Шара соңында жаңа жылдық сыйлықтар тарту етіліп, балаларға арнап фуршет әзірленді. Балғындарға мерекелік шараны ұйымдастыру барысында кәсіпкер Наурызбай Қажиұлы демеушілік танытып, үлкен қолдау көрсеткенін айта кеткен дұрыс.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.