Бүгінгі біздің кейіпкеріміздің есімі Ғалия. Туа сала тасжүрек ата-анасынан көз жазып қалған тұлдыр жетім. Жасы 36-да. Бала кезінен екінші топ мүгедегі.
Тастанды балалар тағдыры біздің қоғамның алдында тұрған өзекті мәселенің бірі екені белгілі. Мұндай балаларды мемлекет кәмелет жасына толғанша қамқорлығына алып, одан әрі баспанамен қамтамасыз етеді. Өкінішке орай, Ғалия мемлекет тарапынан көрсетілетін бұл қамқорлықты уақытында пайдалана алмай қалған. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген ата-баба нақылын ұстанған жалғансайлықтар үйсіз-күйсіз, ала дорбасын арқалаған қызды әзірге паналатып отыр. Әркімнің босағасын бір сығалап жүрген жетім қыздың үкіметтен үй алатын мерзімі қашан келетіні белгісіз. Өйткені, үй кезегінде 249 болып тұр.
БАЛАЛАР ҮЙІНЕН – ҚАМҚОРШЫЛЫҚҚА ДЕЙІН
Редакцияға қоңырау шалған жалғансайлық ардагер Биғали Өміралиев өзі тұратын ауылда жанары жасқа, жүрегі мұңға толы, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған тағдыр иесі барын айтып, көмек қолын созуды, БАҚ бетіне жариялап, қоғамдық резонанс тудыруды өтінгеннен кейін арнайы барып, мән-жайға қанықтық. Кейіпкеріміз Нығматуллина Ғалия Искакқызы 1984 жылы 18-ші мамырда өмірге келген. Дүние есігін ашқан сәтінен бастап балалар үйінде тәрбиеленген. Қай балалар үйінде өскені, балалық шағы туралы естеліктері мүлде есінде жоқ. Туу туралы куәлігінде ата-анасының аты-жөні Нығматуллин Искак, Нығматуллина Румия деп жазылған. Бала күнінен неврологиялық аурумен ауырғандықтан ІІ топ мүгедегі анықтамасы берілген. 7 жасында (1991 жылы қыркүйектің 1-де) Атырау облыстық көмекші мектеп-интернатына қабылданады.
1999 жылдың 25 мамырында қамқоршылыққа берілуіне байланысты интернаттан шығарылады. 1999 жылы 15 жастағы Ғалияны Жалғансай ауылының тұрғыны Роза Жолдасова сол кездегі Махамбет аудандық сотының төрағасы С.Дюсебалиеваның шешімімен 18 жасқа толғанша қамқорлығына алады. Сол күннен бастап 2016 жылға дейін яғни 33 жасқа толғанша Ғалия Роза Жолдасованың тәрбиесінде болады. 2016 жылы сүйіктісін жолықтырып, Жылыой ауданына тұрмысқа шығады. Бірақ, жолдасымен дәм-тұзы жараспай 10 айдан кейін Жалғансайға қайтып оралады. Тәрбиеленген үйіне қайта оралғанымен, көп ұзамай 2017 жылдың желтоқсан айында осы уақытқа дейін асырап баққан анасымен бірге тұрғысы келмей, ол үйден кетіп қалады. Барар жер, басар тауы жоқ, ала дорбасын арқалап, көшенің ортасында қалған қызды Биғали аға аяп, үйіне алып келеді. Ғалияның 36 жылдық өмір жолы қысқаша айтқанда осылай өрбиді.
«2018 ЖЫЛЫ ҮЙ КЕЗЕГІНЕ ТІРКЕДІМ»
Ғалияны бала күнінен білеміз. Өте таза, еңбекқор, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайды.
15 жасынан бастап ауылдасымыз Розаның тәрбиесінде болды. Қыздың осындай болып қалыптасуы қамқоршылығына алған анасының тәрбиесінен екені анық. Роза өзінің бойындағы жақсы қасиеттерін Ғалияға сіңіруге тырысқаны тәрбиесінен-ақ көрініп тұр. 2017 жылдың желтоқсан айында ауыл тұрғындары жаңа жылды тойлауға дайындалып жатқан уақытта Ғалияның үйінен кетіп қалғанын естідік. Қақаған суықта қалшылдап тұрған соң әрі сол кездегі ауыл әкімі Орынша Мақсотқызының өтінішімен уақытша тұра тұруға үйіме алып келдім. Содан бері менің үйімде тұрақтап қалды. Жалғансай – кішкентай ауыл. Ғалияның 15 жасынан бергі өмірі көз алдымызда өтті. Роза оған жаман қарады деп айта алмаймын. Бірақ ауылдың кейбір тұрғындары, қызды үйінің жұмысын жасатуға пайдаланғанын білеміз. Тіпті кейбір үйлердің отымен кіріп, күлімен шыққанына да куәміз. Менің ойымша өзі онсыз да жаны жаралы жан осындай тірліктен шаршап, өзімен өзі өмір сүруді қалаған сияқты.
2018 жылы қарашаның 11-де екінші топ мүгедегі ретінде үй кезегіне тіркедім. Тұлдыр жетім ретінде тіркелуіне жасының 29-дан асып кеткені кедергі болды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық жұмысқа орналастырғым келген, бірақ мүгедектігіне байланысты ол шаруа да шешімін таппады. Мен қиналған кезде көмек қолымды созсам да, үйімде тұрақты тұруға мүмкіндік жасай алмадым. Өйткені өзімнің де бала-шағам бар. Оның үстіне ержеткен, үйленбеген ұлым болғаннан кейін қыз баланы тұрғызуға қауіптендім. Сондықтан ауыл әкімі Ғибрат Мырзағалидың көмегімен ауылдың бір тұрғынының сарайына уақытша, жалдау ақысыз тұруына мүмкіндік жасадық. Ол кісі де қанша уақыт тұрғызары белгісіз. Үйінің кезегі әзір келетін түрі жоқ. Осы балаға әкімдік тарапынан кезегі келгенше уақытша тұратын баспана берілсе деген өтінішпен аудан әкімінің онлайн қабылдауына қатысып, мән-жайды баяндаған болатынмын. Аудандық әкімдік бар, «Нұр Отан» партиясы бар, қайырымдылық қорлары бар, бірлесіп, осы жетім қызды жебеп жіберсе деген тілегім бар, - дейді Биғали Аққалиұлы.
«МЕН ОҒАН ЖАМАНДЫҚ ОЙЛАМАЙМЫН»
Биғали ағаның үйінен шыққан соң Роза Жолдасованың есігін қақтық. Келісіміздің мәнісін түсіндіргеннен кейін Роза апай төрінен орын ұсынып, Ғалиямен арасындағы қарым-қатынасы туралы баяндады. 1999 жылы Атырау облыстық көмекші мектеп-интернатынан 18 жасқа дейін қамқоршылығыма алғаным рас. Бірақ 33 жасқа дейін менің үйімде тұрды. Өзім жүріп мүгедектігіне байланысты жәрдемақысын тағайындаттым. 2016 жылы тұрмысқа шыққысы келетінін айтты. Қолымнан келгенше несие алып, шарбағыма палатка құрып, тойын жасап, аттандырдым. Он айдан кейін күйеуі мен қайын жұрты үйге кіргізбей қойғанын айтып, қайтып келді. Балам шарбақтан екінші үй салып жатқан болатын. Өзім көз жұмғаннан кейін ескі үйді Ғалияның атына жазып беретінімді айттым. Ол да қуанып қалды. 2017 жылы жаңа жылдың қарсаңында аяқ астынан киімін жинап алды да, менімен тұрудан шаршағанын, өзімен-өзі үй жалдап тұратынын айтты. Мен барымша тоқтатуға тырыстым, күн жылынғанша күт дедім, ақыры көнбеген соң бірінші жалдайтын үйіңді тауып ал, сосын азын-шоғын дүние – мүлкіңді алып кетерсің дедім. Оған да илікпеген соң құжаттарын қолына ұстатып, шығарып жібердім. 2018 жылдың қаңтар айының 3-күні сол кездегі ауыл әкімі Орынша Қайрекешова шақырып алып, мән-жайды сұрады. Әкімге жаман айтпай жақсы жоқ, бір нәрсеге ұшыраса, жауап бермейтінімді айттым. Өйткені соттың шешімі бойынша мен оны 18 жасқа дейін ғана тәрбиелеуге тиістімін. Бірақ, сол кезде араға көп уақыт салмай кешірім сұрап келсе, кешіріп кері кіргізер де едім. Бірақ, Ғалия сол кеткеннен мол кетті. Көшеден көріп қалса, маған жақындамай қашқақтап жүреді. Мен оған ешқашан жамандық ойламаймын. Өмірден өз жолын тауып, бағы ашылып кетуіне тілекшімін, – дейді Роза Жолдасова.
«ҮШ МИЛЛИОНҒА ҮЙ ТАБУ ОҢАЙ ЕМЕС»
Ғалияның тағдыры туралы ауыл әкімі Ғибрат Мырзағали былай дейді.
-Мен Жалғансай ауылына әкім болып, тағайындалған кезде Биғали аға келіп, Ғалияның қиын жағдайда қалғанын айтып, көмек сұрады. Ауылдағы бір тұрғынды келістіріп, сарайына тұрғызуға көндірдік. Жарығы қондырылмаған екен. Өзім керек-жарақтарын сатып алып келіп, жарығын тартып бердім. Бірақ ол үйдің пешінен қиындық туындап, салқын болған соң тұра алмады. Тағы да әркімнің үйін бір сағалауына тура келген соң тағы бір бос тұрған үйді, иесін көндіріп, уақытша тұруға бердік. Бұл жағдайдан хабардар болған аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы 3 миллион теңгеге үй тауып, сатып алып беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Алайда Жалғансайда ол қаржыға келетін үй жоқ. Сатылатын үйлер 7 миллион сұрап тұрған жайы бар. Аудан әкімі жалпы ауылдық жерлерден тұрғын үй салуға басымдық беріп отыр. Жер табылса, кәсіпкерлер арқылы тұрғын үй салдыру жоспарымызда бар. Бірақ бұл – алдағы жылдары ғана шешімін табатын мәселе.
«АРМАНЫМ – БАСПАНАЛЫ БОЛУ»
Өзіммен бірге көмекші мектеп-интернатта оқыған қыздар пәтерге қол жеткізіп жатыр. Мен де өзімнің үйім болғанын армандаймын. Жұрттың есігінде жүріп, көзтүрткі болып, күн көруден шаршадым. Осы жазда ауылдағы Аманқос Қабдешов деген кәсіпкердің егінінде жұмыс жасап тапқан ақшама көрпе-көпшік, ыдыс-аяқ сатып алдым. Жомарт жүректі жандар менің баспаналы болуыма септігін тигізсе, өмірімнің соңына дейін алғыс айтып өтер едім, – дейді көзінен мөлдір тамшылар мөлтілдеген Ғалия.
ТҮЙІН
Алты алаштың абызы Асанқайғы бабамыз бір кезде:
Құйрығы жоқ жалы жоқ - құлан қайтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ - жылан қайтіп күн көрер?! - деп жырлаған болса, бізде Жалғансай ауылынан ата-анасыз, ағайын-тумасыз сүйенері жоқ, әркімнің босағасын сағалап жүрген тұлдыр жетім болып өскен баспанасыз жан әрі қарай күнін қалай көреді деген қалың ойдың құшағында қайттық. Аудандық әкімдік, "Нұр Отан" партиясы, қоғамдық ұйымдар, еріктілер жасағы, қайырымдылық жасауға жаны құмар жомарт жүректі жандар бұл мақалаға бей-жай қарамай, аудандық газет көтерген мәселеге үн қосады деп сенім артамыз.
Б.СҮЙЕУОВА