Ауылға кіреберісте шөп тиеген қызыл КамАЗды көзіміз шалған соң журналистік қызығушылығымыз оянып, жанына барып, әңгімеге тарттық.
Өзін Алмат Уажипов деп таныстырған Ортақшыл ауылының тұрғыны биылдан бастап бергісі көршілес Қызылқоға ауданынан, әрісі Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының аумағынан шөп әкеліп, сатумен айналысып жүргенін айтты.
-Ақтық шөпті 5000 теңгеден алып, 9000 теңгеден сатып жүрмін. Өйткені, жанар-жағармайға кететін қаржымды өтегенде, үстінен өзім де пайда көруім керек. Кез келген адамның көрші облыс, аудандардан барып алып келуге шамасы жетпейді. Барса да жол шығынымен бәрібір осындай бағаға шығады. Сондықтан олар үшін ауылдан сатып алған тиімді,– дейді Алмат бізбен әңгімесінде.
Президент күні кешегі Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айтқан болатын. Ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – мал басын көбейту. Мал басын көбейту үшін жемшөп қолжетімді болуы тиіс. Олай болса, ауданымыздағы мал азығы мәселесін қалай шешеміз?
Ғибрат МЫРЗАҒАЛИ, Жалғансай ауылдық округінің әкімі:
МАЛДЫ БАҚТАШЫҒА БАҚТЫРУ ҚАЖЕТ
Жалғансай ауылы үшін жайылым күрделі мәселенің бірі болып отыр. Өйткені, ауылдың іргесіндегі мал жайылатын жердің бірде-бірінде шөп жоқ. Соның кесірінен ауылдың ірі қарасы жеке қожалық иелерінің егіндеріне түсіп, зиянын тигізуде. Жақында ғана ауылдың бірнеше сиыры жеке кәсіпкер А.Кабулованың жеріне түсіп, өсіп тұрған егінін жайпап тастаған. Ал кәсіпкер болса, малдың барлығын қамап тастап, жібермей қойған. Осының кесірінен сауын сиыры келмей қалған соң іздеп шыққан ауылдықтар мен кәсіпкердің арасында түсінбеушілік туындады. Осы мәселені шешу үшін тұрғындарды шақырып, жиын өткіздім. Тиісті жергілікті өкілді органдар бекіткен ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған жауапкершілікке әкеліп соғатынын түсіндірдім. 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» № 235-V ҚРЗ 408 бабының 1 бөлімінде малын көшеге қараусыз жібергені үшін 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал егер малы біреудің шарбағына кіріп кетіп, зиян келтірсе, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Шарбағына кіріп кеткен малды қамап ұстаған адам үш күннің ішінде иесіне хабар беруі керек. Үш күнде иесі келсе, малын қайтарып береді. Ал егер мал иесі екі айға дейін табылмаса, өз атына тіркеп алуға немесе сойып алуға құқылы. Жайылым аудан әкімінің қаулысымен, мәслихаттың шешімімен бекітіледі. Заң бойынша жайылым жеткілікті болмаса, көрші ауылдың жайылымына апарып жаюға болады. Ол үшін ауылдан бақташы шығуы керек. Тұрғындар бақташы жалдауға келісім берсе және өз еркімен мал бағуға ынталы адам шықса, мен жайылымды да тауып беруге, бақташыны киіз үй және атпен де қамтамасыз етуге әзірмін. Бақташыға мал басына 2000 теңге төленеді. Бір үйде 5-6 сиырдан бар деп есептегенде, бұл жұмыстан отбасын асырайтындай табыс табуға болады. Осы мәселелерді түсіндіріп, жиын соңында біріншіден, жайылымдық жерді нақты анықтап, қоғамдастыққа ұсынып, келісім алуға, екіншіден, бақташыны сайлап, тиісті құқықтары мен міндеттерін айқындауға келістік. Осы бағытта жұмыстар жасалуда.
Қадыржан ҚАЗЫМБЕКҰЛЫ, штаттан тыс тілші:
АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН ДЕ СУБСИДИЯ БЕРІЛСЕ
Ауыл шаруашылығын дамытпай, ауылдың өркендемейтіні бесенеден белгілі.Оның үстіне ата кәсібіміз болып саналатын мал шаруашылығының ақсап тұрған жайы қазір ауыл тұрғындарын қатты алаңдатып отыр. Қазақстанның басқа облыстарындағыдай емес, біздің Атырау өңіріндегі жыл сайын жалғасып келе жатқан қуаңшылық жайы кім-кімге де бесенеден белгілі.Тіпті қолда бар бір-екі бас сиырын ұстай алмайтын халге жеткендер де бар. Қазақ малды тектен-тек қолға ұстамайды,сүті болсын,еті болсын дейді,ешкімге алақан жаймасақ екен дейді.Қазір мал жайылатын жерлеріміз қазақша айтқанда терімен сыпырғандай тып-тықыр.Бұрын жайылымда жататын сиырлар мен уақ малдар кешкісін қарындары қампиып,желіндері жер сызып келетін еді. Қазір кәдімгі бір әруақ дерсіз,қабырғалары ырсиып, жамбас сүйектері шошайып,аяқтарын әзер басады.Ауыл дүкендеріне келетін кебек жемнің құнары жоқ, бірақ бағасы удай, бір қапшығы екі мың теңгеге жетіп жығылады.
Қазір жер-жерге Батыс Қазақстан облысынан,Құрманғазы,Қызылқоға аудандарынан тайланған шөптер келіп жатыр. Жеп-жеңіл етіп тайланған шөпке шөмеледей ақша сұрайды. Әр рулоны 9-10 мың теңгеден сатылатын шөпті екінің бірі ала алмауда. Ауданымызда көлтабанды жерлер жоқ емес, бар. Бірақ олар жеткілікті көлемде суландырылмайды. Көлтабандарды иелікке алған шаруа қожалықтары тек өз малдарына ғана жетерлік пішендерін дайындап алғандарын қанағат тұтады. Өздерінен артылса, ғана сатады.
Негізінен мал азығын дайындауға бел буған шаруа қожалықтары үшін субсидия беру мәселесін шешпей, жағдай оңалмайды.Біздің үкіметіміз тек шаруа қожалықтары үшін ғана емес қолында екі-үш сиыры мен бес-алты уақ малдары бар ауыл тұрғындары үшін де субсидия берудің жағдайын ойластырса дейміз. Күні кеше Президентіміз Қ.К.Тоқаев өз Жолдауында: «Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады.Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады»-деп өте орынды айтты. Президент жеке қосалқы шаруашылықтардың өлместің күнін көріп отырғанын да жасырмады. Бізде кооперация құрудың дұрыс тетігі қалыптаспаған. Басқа өңірлерде қалыптастыруға болар. Бірақ біздің облыс аумағында жайылыстың жоқтығы,мал азығының жеткілікті болмауы кооперативтер құруға оңтайлы жол аша қоймайды деп білемін.Сондықтан да ең алдымен мал азығын дайындау мәселесін шешіп алғанымыз дұрыс. «Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады» делінген Президент Жолдауында.Ендеше, ауыл адамдарының әлеуетін көтеру үшін жұмыстанған жөн. Әйтпесе бір машина шөп үшін шөмеледей ақшаны қайдан табамыз?
Айболат БИЖАНОВ, мемлекеттік грант иегері:
ЖЕМ ӨНДІРІП САТУДЫ ҚОЛҒА АЛАМЫН
Ауылдық жерде тұрған соң ата-анамыз азын-аулақ мал өсіріп, үй жануарларын асырайды. Бала күнімізден үй мен қораның шаруасына араласып, әке-шешемізге қолғабысымызды тигізіп өстік. Соның пайдасы болар, малды баптау, астын тазалау, жемдеу, суару жұмыстарын бір кісідей білемін. Ауданымыз облыс көлеміндегі алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы ауданы болып саналғанымен, мал азығының тапшылығы мал басының көбеюіне кесірін тигізіп отырғаны жасырын емес. Әкем қысқы уақытта үйдегі шамалы малға шөп пен жемді жеткізе алмай, қалатынына талай куә болдым. Қалай кәсіп ашуға болатыны туралы онлайн тренигтерге бұған дейін де қатысып, білімімді кеңейтіп жүретінмін. Осы жағдай «неге жем өндіріп сатпасқа» деген ойға жетеледі. «Өзім жемшөп өндіріп, ауыл тұрғындарын қамтамасыз етсем» деп армандай бастадым. Осы арманның жетегінде жүріп, әлеуметтік желілерден «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы туралы білдім. Құжаттарымды жинақтап тапсырып, оқуымды оқып, одан кейін бизнес жобамды қорғап, мемлекет тарапынан берілетін грантқа ие болдым. Ақша қолыма тиген соң үйімнің ауласынан шағын шеберхана салып, бидай уатқыш құрылғымды аламын. Содан соң тұтынушының сұранысына қарай өнім дайындаймын. Ірі қара үшін бидай мен арпаны араластырамын. Ал жем жегіш үй құстарына егін мен шөп қалдықтарын түйіршіктейтін құрылғыдан өткізіп әзірлеймін. Осылайша аудандағы мал азығы мәселесін шешуге аз да болса, үлесімді қосқым келеді.
Ибатолла БАҒЫТЖАНҰЛЫ, кәсіпкер:
ГИДРОПОНИКА – ТИІМДІ ӘДІС
Мал азығы мәселесін тиімді шешудің жаңа жолы – бүгінде ірі шаруа қожалықтары қолданып жүрген гидропоника әдісін үй жағдайында қолға алу. Дүние жүзі бойынша алдыңғы қатарлы мемлекеттер осы әдіспен тағамдық көкөністер, мал азықтық жем-шөп, әсемдік гүлдер өсіруде. Бұл әдісте өсімдіктер топырақсыз ортада өсіріледі. Өсімдіктерді топырақсыз ортада өсіру, су мен тыңайтқыштарды үнемді қолдану және арамшөптің болмауы – гидропоника әдісінің дәстүрлі өсіру әдістерімен салыстырғандағы ең негізгі басымдылықтары болып табылады. Бұл әдіспен кез-келген бидай тектес өсімдіктерді өсіруге болады. Тиімдісі, біріншіден, 5 есе артық өнім береді. Екіншіден, дәруменге бай болғандықтан малды тез көтереді. Өнімін жеген мал етті әрі сүтті болады. Гидропониканы қолдан жасап алуға болады. Ол үшін темір бұрыштардан және пластиктерден жасалған сөре, циркуляцияға арналған насос, су тұратын ыдыс болса, жетіп жатыр. Өзім де алдағы уақытта екі сиыр бағып, осы әдіспен жемдеуді жоспарлап жүрмін. Мал баққан ауылдастарыма да осы әдісті пайдаланып көруге кеңес беремін.
Б.СҮЙЕУОВА