Алғашқы су тасушы Нәсіпқали(+ВИДЕО)

Қолынан келетін ісін жеке кәсіпке айналдырған.

 Сонау 90-шы жылдары жұмыссыздық белең алып, елең-алаң күйге түскен жұрт ала дорбасын асынып, саудаға бет бұра бастаған-ды. Дүркіреп тұрған мекемелердің де күйі кетіп тұрған кез. Махамбет ауданы орталығындағы коммуналдық шаруашылық мекемесі де солардың қатарында еді.

1997 жылы мардымсыз жалақы мен шатқаяқтаған шаруашылықтың жұмысынан өз еркімен бас тартып, жеке кәсіпкерлікке бел буғандар қатарында қарапайым жұмысшы Нәсіпқали Халидуллин де бар еді. Сол уақытта аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің аукционға түскен су тасушы көлігін сатып алып, қолынан келетін ісін жеке кәсібіне айналдырады.

- 1982 жылы сегізінші сыныпты аяқтаған бойда коммуналдық шаруашылық мекемесіне қызметке орналасып, еңбекке араластым. Кейін әскер қатарына алынып, 1987 жылы елге оралғаннан кейін аталған мекемеде жұмысымды жалғастырдым. Техниканың түр-түрі болатын. Су тасушы көліктен бастап тұрмыстық қалдық таситын көлікке дейін жүргіздім,- дейді Нәсіпқали аға.

nas25920

Ауданда су тасушы көлікті икеміне келтіріп, жеке кәсібіне алғаш бастаған да осы Нәсіпқали аға болатын. Кейін су тасушы көлікті тізгіндегендер шыға бастады. Нәсіпқали ағаның айтуынша, бұрынғы кезде тұрғындардан тапсырыс көп болған. Ал қазіргі күні қысқы және жазғы су желісінің әр көшеде барын ескерсек, су тасушыға деген сұраныс төмендеген. Дегенмен, ауылдың шет аумақтарынан жаңа мөлтекаудандар пайда болып, үйлер салынуда. Су желілері де әзір тартылмайтыны белгілі. Сол себептен де, Нәсіпқали ағаның су тасушы көлігі бір орында тұрмасы анық.

- Жұмыс ауқымы кеңейгесін 2015 жылы тағы бір су тасушы көлікті сатып алдым. Қысқы уақытта және жаңбырдан кейінгі уақытта кей жерлерге бару қиын. Ауылішілік жолдардың салынғанына қуанамыз, әйтпегенде балшыққа батып жататын күндеріміз көп болған. Қазір алдын ала барар жерімізді бағамдап алып шығамыз. Қос көліктің бірін сататын ой бар. Сұраныс төмендеп кеткені жасырын емес,- дейді су тасушы.

nasipqaly25920

Су тасушы ағамен біз де тапсырысқа бірге барайық деп шештік. Алдымен су тазарту қондырғысынан таза суды сыйымдылығы 4-5 тонна болатын көлік үстіндегі бөшкеге толтырады. Тапсырыс берушімен келіскен уақытта белігіленген жерге келдік. Нәсіпқали ағаның қимылы шапшаң. Айналдырған 5-10 минуттың ішінде құдықты толтырып, келесі тапсырысқа кеттік. Қос тапсырыс беруші де жаңа қонысқа көшкен ауылдың шетінде қоныстанғандар. Кәсібінен нәсіп тауып отырған Нәсіпқали ағаға ақ жол тілеп, біз де өз жұмысымызға асықтық.

Еңбектің түбі береке екендігін дәлелдейтін көрініске куә болдық. Өскелең ұрпақтың бойында еңбекке деген ұмтылысты күшейту, өз кәсібіне сүйіспеншілікпен, мақтанумен қарауды үйренетін мысалдар өмірде жетіп артылады. Соны ұғынар жас ұрпақ болса,қане?! Масылдықпен күрес, уайымсыз салғырттыққа, бос ойын-күлкіге салынбау, еңбектің қадірін білу жөніндегі Абай атамыздың ой-толғаныстары мен өсиеттері басты қағидамызға айналып, бүгінде де маңыздылығын жойған емес.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT