Биыл Махамбет ауданы Жалғансай ауылындағы көшелерге қоқыс төгетін алаңшалар салынып, арнайы қоқыс жәшіктері орналастырады, деп хабарлайды Жалғансай ауылдық округі әкімі аппараты.
Ауылдық округ әкімі Ғибрат Мырзағалидың сөзінше, қазіргі күні алынып тұрған 13 қоқыс жәшігін орналастыратын жер дайындалу үстінде. Ол жәшіктерге тек күнделікті тұрмыстық қалдықтар төгіледі. Ал қорадан шыққан қоқыстарды, кесілген жеміс ағаштарының қалдықтарын, сойылған малдың терілерін шығару үшін әркім өз ауласына жинап, арнайы техникаға сұраныс беру керек. Содан кейін қоқыс төгетін орынға апарылады.
Рас, ауыл іші қоқысқа толып кетсе, «Әкімдік қайда қарап жүр?», «Неге қоқыс тазаланбайды?» деп арыз-шағым түсіре бастаймыз. Әсіресе, жаз мезгілінде Бақсай каналы бойындағы үйлердің ауласында бей-берекет тасталған қоқыстан жағымсыз иіс шығып, қоршаған ортаға қолайсыздық туғызып жатады.
– Сын айту орынды. Мұны ауыл тазалығына жанашырлық білдіру деп түсінеміз. Әкімдікке не мердігер компанияға кінә артпас бұрын қоқысты бей-берекет шашып жүргендер өз әрекеттері қаншалықты орынды екенін ойланып көрді ме?! Бала былай тұрсын, кейбір ересек адамдар үйінен шыққан қоқысын бір жерге жинап, арнайы қоқыс алаңына жеткізуге ерініп, Бақсай каналы бойына төгіп кете салатыны жасырын емес. «Әкімдік қайда қарап жүр?» деп ұрандай бергеннен гөрі көз алдымыздағы кем-кетікті өзіміз де түзеуге ат салысып, Жалғансай ауылының тұрғынына сай ішкі мәдениетімізді көтеруге тырыссақ нұр үстіне нұр болар еді,- дейді Жалғансай ауылдық округі әкімі Ғ.Мырзағали.
Айта кету керек, Жалғансай ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен қоғамдық жұмысшыларының көмегімен күнделікті тазалық жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ