Биыл – айтыскер ақын, жыршы, термеші Мұрат Мөңкеұлының туғанына 180 жыл.
Осыған орай өмірі мен еңбектерін насихаттау мақсатында Бақсай ауылдық мәдениет үйі мен кітапханасының ұйымдастыруымен «Дала дауылпазы» тақырыбында оқырмандармен ақпараттық сағаты өткізілді. Мұрат Мөңкеұлы 1843 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында дүниеге келген. Жасынан жетім қалып, ағасы Матайдың қолында тәрбиеленген. Ауыл молдасынан білім алады. Есет би мен Абыл ақыннан өнеге алып, өзі Мұрын жырау Сеңгірбайұлына ұстаздық еткен. 17 жасында Жылқышы ақынмен, 20 жасында бала Оразбен, 25-інде Жаскелең, Шолпан, Тыныштық сынды ақындармен айтысып, жеңіп шыққан. Ол өжет мінезді, тапқырлығымен әрдайым жеңіске жеткен.
– Ол елінің тәуелсіздігін аңсап, бодандыққа қарсы жыр толғады. «Зар заман ақыны» атанды. Ақынның басты шығармасы – «Үш қиян». Мұнда ақын ескі дәстүрдің іргесі шайқалған, адамдар ниетінің бұзылуын сөз етеді. Осы «Үш қиянда» атақоныс, жер жайы жазылады. Ол білімді игермейінше, елінің өркендемейтінін аңғартады. Мұрат Мөңкеұлы майталман жыршы,термеші ретінде танылған, -деді ақынның өмірі мен жыршылығы жөнінде библиографиялық шолу жасаған кітапханашы К.Есмурзина.
Кітапхана оқырманы Ғ.Нұрғалиев пен Бақсай ауылдық мәдениет үйі көркемдік жетекшісі Ө.Нәжмеденов ақынның би-болыстарға айтқан арнау өлеңдері мен жыршы, термеші ретінде танылғаны жөнінде әсерлі әңгімелеп берді. «Қырымның қырық батыры» жырын Шалкиіз, Қазтуған, әсіресе Махамбет өлеңдерін жеткізуде еңбегі зор. Қазақ әдебиетінде аса ірі айтыскер ақын ретінде ойып орын алған тұлға.
Қ.БАҒЫТ