Елімізде 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат орын алуда. Су тасқынына байланысты Атырау облысы аумағында төтенше жағдай жарияланды. Осыған орай үндеу жолдаған Мемлекет басшысы атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін шұғыл түрде нақты тапсырмалар бергенін, қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын, Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда екенін айтты.
Президенттің айтуынша тасқын судан зардап шеккен азаматтарға қаржылық және басқа да көмектер беріліп, материалдық шығындар толық өтеледі. Жағдайы неғұрлым күрделі аймақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға шығуды тапсырды.
Президент тапсырмасынан кейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Атырауға келіп, су тасқынына қарсы күресіп жатқан атыраулықтармен бірге апаттың алдын алу шараларына қатысуда.
Мемлекет басшысы, сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпауды тапсырды. Расында да қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды.
Ватсап әлеуметтік желісіндегі топтарда түрлі жалған ақпараттар желдей есуде. Судың көтерілу деңгейі мен жасалып жатқан, жасалуы тиіс жұмыстар туралы аудандық әкімдік пен аудандық газеттің парақшасында күнделікті жариялап отырмыз. Тұрғындарды көшіру бойынша қабылдау орындары, халықты азық-түлікпен қамту жоспарлары жасалуда. Бірінші кезекте балалар, қарт адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандар көшіріледі.
Ауданымызда тасқынға қарсы күрес бірнеше күн бұрын басталды. Ауылына жаны ашитын ер-азаматтар, әйел аналар білек сыбанып, бөгет соғу жұмыстарын жасап жатыр.
Баршаңызды елді дүрліктіретін жалған ақпараттарды таратпауға шақырамын.
Баян СҮЙЕУОВА,
аудандық мәслихаттың депутаты