Шылымға шырмалған ғұмыр

Өлімге әкелетін ауру тудыратын негізгі себептің бірі – темекі шегу. Әр темекінің қорабының сыртында оның қандай қатерлі ауруға душар қылатыны, қорқынышты суретімен бірге тұрады. Бірақ, соған қарамастан оны тұтынушылар саны азаяр емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасына сәйкес, жыл сайын әлем бойынша 6 миллионға жуық адам темекіден туындаған аурулардан қайтыс болады.

ЕЛІМІЗДЕ ҚАНША АДАМ ТЕМЕКІ ШЕГЕДІ?

Денсаулық сақтау министрлігі 2019 жылғы GATS темекіні тұтыну туралы тұрғындардың жаһандық сауалнамасы деректеріне сүйеніп, елімізде 2,8 миллион ересек адамның темекі шегетінін айтады. Оның ішінде ерлердің 38,3 пай­ызы және әйелдердің 6,4 пайызы кіреді. 2018 жылғы HBSC мектеп оқушыларының денсаулығы мен әл-ауқатына қатысты мінез-құлқын зерттеу жөніндегі Ұлттық зерттеу мәліметі бойынша, темекі шеккен жасөспірімдердің үлесі 11 жастан 15 жасқа дейін ұлдар арасында 3-тен 10 пайызға, ал қыздарда 2-ден 6 пайызға дейін көбейген. Олар есей­ген сайын 13 және 15 жаста элек­тронды темекіге көшеді. 15 жаста ұлдардың 14 пайызы, қыздардың 6 пайызы электронды темекі шегіп көрген.

ҚАНША ҚАРЖЫ ЖҰМСАЛАДЫ?

Осындай жан түршігерлімәліметтердің растығына қарамастан, темекі бизнесі өрлеген үстіне өрлеп келеді. Өзіміз күнделікті бас сұғатын дүкенге кіріп, сатушыдан темекінің бағасын сұрап көрдік. Ең қымбат «Парла­мент» секілді темекілер 1300 теңге, ал ең арзаны 780 теңге тұрады. Ауыл тұрғындары арасында «Күніне неше қорап темекі тартасыз?» де­ген сауал тастап көргенімізде, кейбіреулері күніне 1 қорап, қалғандары 2 немесе 3 қорапты қалай тауысып қойғандарын байқамай қалатындарын жеткізді. Ер адамдардың көпшілігі жұмыс ба­рысында жүйкесі көтерілген кезде өзін-өзі тыныштандыру үшін тарта­тынын, бұған қоса жігіттер болып бас қосып, сыра ішкен кезде әңгіме жүру үшін үсті-үстіне еселеніп кететінін мойындады. Ал шылым шегуге құмар нәзік жандылар жас кезде қызығушылықпен бастап, енді қоя алмай жүргендерін ашық айтты. Темекі адам денсаулығына зияндылығымен қатар отбасылық бюджетке де кері әсерін тигізеді.1300 теңгенің темекісінен күнге бір қораптан тартатындар айына 39000 теңге, жылына 474 500 теңге жұмсайды екен. Ал, күніне 2 қорапты жоқ қылатындар айына 78000 теңге, жылына 949 000 теңгені темекі бизнесімен айналысушы­ларды байытуға арнайды. Бұл әрине, маңдай термен тапқан еңбекақыны желге шашу деген сөз.

ДЕНСАУЛЫҚҚА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенер болсақ, әлемде жылына шамамен 6 миллион адам темекіден қаза табады екен. Соның 5 миллионы тұрақты түрде темекі тартқаннан қайтыс болып жатса, қалған 1 миллионға жуығы темекі тартпай, бірақ темекі шегушілердің арасында көп уақыт жүріп, темекі түтінінен уланғандар есебіне жатады. Дәрігерлердің ай­туынша, ішімдікке, нашақорлыққа тәуелділік сияқты темекі де өзіне адамды тәуелді етеді. Темекі түтіні адам организмі үшін зиянды және никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе рагіне душар ететін әртүрлі радиобелсенді улы заттардан тұрады. Соның ішіндегі ең улысы – никотин. Темекі тарта­тын адамда никотиннің ықпалынан асқазан қышқылдығы төмендейді. Қан қысымы артады. Орталық жүйке жүйесі мен жүректің қызметі бұзылады. Елу жасқа дейін темекі тартатын әйелдерде миокард инфаркті темекі тартпайтындарға қарағанда 20-есеге жиірек кездеседі екен. Бронхитпен аурушылардың 75 пайызы темекі тартушылар бо­лып табылады.Темекі ішкі мүшелер қызметін бұзып, ауруға душар етумен қатар, адамның сыртқы келбетін де бұзады. Жастайынан шылымға үйренген жастар ұмытшақ келеді. Оқу үлгерімі нашарлайды, тіпті ақыл-ойы кемиді. Темекі шегу тұрмыс құрған болашақ аналарға да өте зиян. Олардың шеккен әрбір тал темекісі бойындағы нәрестенің денесіне сіңетін улы заттардың мөлшерін 10 пайызға көбейтіп, нәрестеге қажетті оттегінің мөлшерін 10 пайызға кемітетін көрінеді.

ТӘРБИЕ ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

Біздің салауатты өмір салтын ұстану орталығы қызметкерлері, дәрігерлер мектептерге барып, жасөспірімдер арасында темекінің, арақтың адам денсаулығына зияны туралы лекциялар оқып тұрады. Түрлі акциялар өткізеді. Үлкендер арасында да түсінік жұмыстарын үнемі жүргізіп отырады. Өзінің, балаларының денсаулығына алаңдаған әр адам зиянды әдеттен өз еркімен бас тартуы керектігін ай­тады. Өкінішке орай, мамандар тара­пынан қанша айтылып жатқанымен бала – отбасының айнасы. Баланың қандай адам болып өсетіні отбасындағы тәрбиеге байланысты. Ата-аналар балаларына темекіден аулақ болғанын қалайтынын ай­тады, алайда өздерінің іс-әрекеті айтқан ақылымен сәйкес келмейді. Өздері баланың алдында темекі тар­тып тұра береді.Бала ата-анасынан көргенін жасайды. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің деген сөз бе­кер айтылмаған.

ТҮЙІН

Расында да, әкесі немесе анасының, туған-туыстарының, көршілерінің, ата-анасының достарының темекінің түтінін будақтатып тартып тұрғанын көріп өсіп келе жатқан ұрпаққа,темекі тартуға болмайтынын, оның зи­яны шаш-етектен екенін айтып түсіндіру мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Баланың ең бірінші еліктейтін адамы – өзінің ата-анасы. Ұл әкесіне қарап ой түзесе, қыз ана­сына қарап бой түзейді. Әсіресе, ұлдар ержеткенде әкесі сияқты күшті болғысы келеді. Ержетудің бірден-бір белгісі шылым шеге білу деген түсінік кішкене күнінен қалыптасады. Көрінген ұрпағының тәрбиелі, иманды, білімді, дені сау болып өскенін қалаған әр ата-ана өздері зиянды әдеттерден аулақ болуы керек.

Баян СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT