Амангелді Сисенов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы (1983):
- Жалпы мен жыл таңдамаймын. «Көппен көрген ұлы той», не болса да елмен бірге көріп келе жатырмыз. Әр жыл адамның өмірінде өзіндік бір ізін қалдырып отырады.
Өтіп бара жатқан ит жылы мен үшін табысты жыл болды деп айта аламын. Осы жылда лауазымым өсіп, аудандық ішкі саясат бөлімі басшылығының тізгінін ұстадым. Бұл жылда ауданымыздың 90 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өттік.
Дегенмен, ит жылының маған, менің отбасыма сыйлаған ең басты сыйлығы – ол менің кішкентай қызымның өмірге келуі болды. Жан жарым Жадыра мені осындай керемет, жұпар иісі аңқыған, балдай тәтті бөбекпен қуантты. Сол үшін де Аллаға ризашылығым шексіз. Келер жыл өзімнің туған жылым болғандықтан, бұл жылдан да күтер үмітім зор. Өзінің туған жылында адамның ойлаған армандары орындалады дегенге сенемін. Доңыз өзі еңбекқор жануар болғандықтан, еліміз үшін де табысты жыл боларына сенемін.
Келер жылы барлық мемлекеттік қызметкерлер үшін жағымды жаңалық, жалақымыз да екі есеге өседі деп жатырмыз. Бұл да жаңа жылдың бізді бір жарылқағаны деп білемін. Ауданымыздың гүлденіп дамуы жолында бар ынта- жігеріммен еңбек етіп, болашақтан зор үміт күтемін.