30 орындық қонақ үй ашылды

Береке ауылында 30 орындық қонақ үй, демалушыларды қабылдайтын асхана, ет дүкенінен тұратын кешенді кәсіпкерлік нысан ашылды.

Сондай-ақ жаңа жобамен салынған мал соятын алаң іске қосылды. Бұл ауданда биылдыққа пайдалануға берілген 18-ші кәсіпкерлік нысан.

Бұл нысан жас кәсіпкер Жасұлан Хайруллинге тиесілі. Жаңа нысанның ашылу салтанатында Алмалы ауылдық округінің әкімі Қайрат Қойшығали, Атырау облысының кәсіпкерлер палатасының Махамбет аудандық филиалының директоры Болат Рахметовтер сөз алып, ізгі тілектерін арнады.

- Махамбет ауданы биылғы жылды табысты аяқтағалы отыр. Ауданда жылдың он айында өндірілген өнімнің көлемі 9 миллиард 16 миллионға жетті. Бұл табыста аудан кәсіпкерлерінің үлесі мол. Біздің ауданда 1800-ден астам кәсіп иелері болса, биылдың өзінде 100-ге жуық кәсіпкер 620 миллиондай шағын несие алып, өз кәсіптерін бастап отыр.

Ағымдағы жылы 3 ірі жоба іске қосылған болатын. Айталық, Сарайшық ауылдық округінде 1 гектар жылыжайда 750 түп лимон ағашы отырғызылды. Қазіргі таңда цитрустық өсімдік өнімін беруде. Лимон ағаштарын 5 адам күтімге алған. Береке ауылында мал сою және өңдеу цехы іске қосылып, өз жұмысын бастады. Алмалы ауылдық округінде 13 адамды жұмыспен қамтып отырған 2000 тонналық көкөніс қоймасы.

Елбасымыз халықтың әл-ауқатын көтеру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуды міндеттеп отырғаны белгілі. Ауданымызда болашақта жергілікті атқарушы билік пен жеке бизнес өкілдері арасында тығыз қарым-қатынас орнап, игілікті жұмыстар атқарылатынына сеніміміз мол, – деді Б.Рахметов.

- Бұл кешен заманауи жиһаздар, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жолаушылардың тыныс алуына барлық жағдай туғызылған. Қазірдің өзінде бес адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жаңа жылда қосымша тағы да жұмыс орны ашылмақ, - дейді кәсіпкер Ж.Хайруллин.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ,

Жастар ресурстық орталығының маманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT