Махамбет ауданының әкімі ауылдық округтердің тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, мұң-мұқтаждарын тыңдауын жалғастыруда. Бұған себеп – Мемлекет басшысының жаңа Жарлыққа қоюы. Жарлыққа сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер халықпен тұрақты кездесулер өткізуге міндеттелді. Бұл жолы Жалғансай ауылы тұрғындарының базынасын тыңдаған аудан басшысы Ринат Жанқылыш әлі де шешімін таппай тұрған мәселелердің барына көз жеткізді.
Жалғансай ауылындағы көңіл қуантар жаңалықтың бірі – қалаға қатынайтын жолаушылар автобусының шыққаны болса, екіншісі – ауылдық емханаға дәрігердің келуі болды. Ал ауыл халқын біраздан бері қинап келе жатқан мәселе – ауылішілік асфальт жолдың жоқтығы еді. Бүгінгі кездесуге қатысқан аудан әкімі бұл мәселенің шешілгендігін айтып, жалғансайлықтарды қуантып тастады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарын атқарушы мердігер мекеме анықталып, заңнамаға сәйкес келісім-шарт жасақталу үстінде.
– Жалғансай ауылының ауылішілік автомобиль жолдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін ЖСҚ 2021 жылы тамыз айында жасақталып, сараптамадан өткен болатын. Жоба бойынша құрылыс 1 миллиард 941 миллион теңгені құрады. Осы орайда құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау мақсатында аудандық бюджеттен 12 млн 993 мың теңге қаралып, мемлекеттік сатып алулар жарияланды. Ашық конкурс нәтижесінде мердігер мекеме «АтырауИнжСтрой- АИС» ЖШС анықталды. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес шағымдану сатысында тұр,- деді аудан әкімі Р.Бауыржанұлы.
Тұрғындар көкейде жүрген көп сұрақтарына осы жиында жауап алды. Ауылдың сыртынан кәріз суын төгуге арнайы орынның қажеттілігі, төрт түлікті өрісте бағатын бақташыны ұйымдастыру секілді ұсыныс- пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, ойын алаңдарының жоқтығы да жанға батып тұрғанын тілге тиек етті. Ауыл тұрғыны Айсана Маханованың сөзінше, ауылдағы ғаламтор желісінің жылдамдығының төмендігінен жұмыс жасау мүмкін болмай тұр. Аудандық телекоммуникация учаскесінің басшысы Мұхтар Ожаевтың айтуынша, ғаламтор жылдамдығының төмендігіне байланысты алдағы уақытта ауылдық аймақтарда спутниктік желі жүргізілмек.
- Алдағы уақытта «Қазақтелеком» басшылығының шешімімен ешқандай кабельдік желі тартылмайды. Алдағы уақытта тек спутниктік желі жүргізіледі. Бағаналар, кабельдер болашақта болмайды деген болжам бар. Учаске ретінде біз тек соларды орнатып беретін боламыз. Оларды орнату үшін аудан әкімі, ауыл әкімі облысқа хатпен шығуға тура келеді,- деді учаске басшысы.
Тұрғындармен кездесу жиынына арнайы қатысқан облыстық мәслихаттың депутаттары Айгүл Әмірғалиева, Айбек Габдуллин және аудан басшысы Ринат Жанқылыш жеке қабылдауға келгендердің мәселелерімен танысып, жауапты тұлғаларға жуық арада шешімін шығаруды тапсырды.
Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ