Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауын насихаттау мақсатында және Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен бекітілген «Құқықтық мәдениет» арнайы жобасының тұжырымдамасы аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында Махамбет ауданында кездесу өтті.
ЖЕРДІ ЖАЛҒА БЕРУДІҢ ӨЗ ЗАҢДЫЛЫҒЫ БАР
Аудан әк імі н ің орынбасары С.Аманшиеваның төрағалығымен, облыстық Әділет департаментінің ұйымдастыруымен өткен кездесуде аудан тұрғындарына тиісті сала қызметкерлері кеңес берді. Аталған шараға адвокат, нотариус, сот орындаушы, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының өкілдері, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Жер қатынастары басқармасы, Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалының өкілдерінен құрылған білікті мамандар құқықтық көмек көрсетті.
– Даулы мәселенің бірі – тұрғын үй құрылысына берілетін жерлер. Бұл бағытта жер беру электрондық жүйеге көшірілді. Атырау облысы бойынша 120 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Конкурс – ешқандай сауда-саттықсыз ауылшаруашылық жерлерін дамытуға арналып берілетін жер учаскелері. Ал кез келген кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдар аукцион арқылы жер алады. Жер сатылып берілмейді. Тек қана аукционға түсіп, сол жерді жекешелендіру арқылы кәсіпкерлік мақсатта беріледі. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ешқашан сатылып берілмейді, тек жалға және де Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана беріледі. Қысқа мерзімді уақыт – 5 жылға дейін болса, ұзақ мерзімді жалға беру уақыты 49 жылға дейін болады,- дейді Атырау облысы бойынша Жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқали.
Кезінде ауыл шаруашылығы мақсатында алып қойып, игерілмей отырған жерлер мәселесі бүгінде өзекті күйінде қалып отыр. 2020 жылы 273 мың гектар жер мемлекет қорына кері қайтарылды. Ал өткен жылы 97 мың гектар жер қайтарылып алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады. Махамбет ауданының аумағында орналасқан каналдардың бойларын қоршап алған жеке кәсіпкерлер бары анықталған. Егер Жер ресурстары департаментіне жергілікті тұрғындар тарапынан арыз түсірсе, олардың тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіледі.
100 ҮЙ САТЫП АЛУҒА ҚАРЖЫ БӨЛУ ЖОСПАРЛАНУДА
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша коммуналдық меншіктегі тұрғынүй аз қамтылған, кезекте тұрған адамға тұрғылықты мекенжайы бойынша беріледі. Аудан орталығынан өзге ауылдарда салынып жатқан үйлердің болмауы себепті тек Махамбет ауылының тұрғындары ғана көп жағдайда баспанаға қол жеткізіп келеді. Жауапты мамандардың сөзінше, өзге ауылдың үй кезегінде тұрған адамдарына өзге ауданнан үй берілмесе де, өз өңірінен берілуге тиісті.
– Тұрғын үйді жалға алушыларға мемлекет тарапынан субсидия бөлу бойынша тиісті министрлікпен ережелер бекітіліп, сәуір немесе мамыр айында қолданысқа енгізілмек. Бұл жерде тұрғын үйді жалға алушылардың соңғы 6 айдағы 1 АЕК шамасынан аспаған жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға беріледі. Көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, жетім балалар және мүгедек бала асырап отырған отбасылар жатады. Және де азаматтар тұрғын үй кезегінде болуы шарт. Сондай-ақ, 3 адамға дейінгі мүшелері бар жанұяларға жалға алатын үйінің көлемі 40 шаршы метрден аспауы қажет болса, 4-5 адамы бар отбасылар 60 шаршы метрден, 6 және одан отбасы мүшелері бар жанұяларға 80 шаршы метрден аспауы маңызды. Бұл бағдарламаның операторы – «Отбасы Банк» АҚ болып табылады,-дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы Қуаныш Есекенов.
Бүгінгі таңда облыс бойынша тұрғын үйге мұқтаж 28 000 азамат болса, оның ішінде Махамбет ауданында 1106 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Былтырғы жылы облыста 222 адам баспанамен қамтамасыз етілсе, Махамбет ауданында 6 адамға пәтер кілті табысталды. Ауданға демеушілер есебінен 60 пәтерлік тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 100 үй алу бағытында қаржы бөлу қарастырылуда.
ТЕГІН ЗАҢГЕРЛІК КӨМЕКТЕР КӨРСЕТІЛЕДІ
Сонымен қатар шара барысында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2022 жылға арналған Операциялық жоспарына сәйкес халықтың мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу және зияткерлік меншік құқықтарының қорғалу тәртібіне қатысты Әділет департаменті мамандарының баяндамалары тыңдалды.
– Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңның талабына сәйкес адвокаттар мен азаматтарға тегін заң көмегі көрсетіледі. Бірақ көп жағдайда тұрғындар бұл жөнінде біле бермейді. Сотталушыларға, жәбірленушілерге, айыпталушыларға, соттарда қаралып жатқан алимент мәселесі бар адамдарға, кәмелетке толмаған мүгедек балалары бар азаматтарға, яғни заңмен белгіленген санаттағы адамдарға тегін заң көмегі көрсетіледі. Осы жайтты халықтың назарына баса айтқымыз келеді. Қазіргі таңда «E–Заң көмегі» деген ақпараттық жүйе құрылды. Осы жүйе арқылы Атырау өңірінің барлық 75 адвокаты осы жүйеге тіркеліп, азаматтарға тегін заң көмегі көрсетіліп келеді,- дейді облыстық Әділет департаментінің Құқықты түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұргүл Елубаева.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Дина Ахметованың сөзінше, жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасындағы еңбек даулары – өзекті мәселелердің бірі. Мұндай мәселелер қос тараптан да кететін өрескел заңбұзушылықтар себебінен туындайды. Мысалы, еңбек шартын жасақтамай, жұмысқа орналастыру. Еңбек дауы туындағанда, жұмысшы тарапынан «менің еңбекақымды уақытылы бермеді», «еңбекақының мөлшері келісілген сомадан аз мөлшерде болды» секілді арыздар айтылады. Сондықтан да кез келген адам жұмыс берушіден еңбек шартын талап етуге міндетті. Сондай-ақ, жеке сот орындаушылар туралы әлеуметтік желіде теріс пікірлер өріп жүреді. Себебі оларды коллектормен шатастыру жайттары жиі кездеседі. Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары Гуланда Қыстаубаеваның айтуынша, борышкер болмауға тырысу қажет.
– Коллектор – ол сотқа дейінгі процедураны орындаушы. Ал сот орындаушы қолындағы атқарушылық жазба арқылы немесе сот шешімі күшіне енгеннен кейінгі әрекеттерді жасайды. Жеке сот орындаушының әрекеті немесе әрекетсіздігі тек сотпен реттеледі. Себебі сот орындаушысы қаулысын өзі бұзады, болмаса сотқа жүгіну керек болады. Қазіргі таңда облыста 91 жеке сот орындаушы бар болса, оның ішінде Махамбет ауданында 5 жеке сот орындаушы еңбек етеді. Айыппұл төлемейтін, салық берешегі, төлемей жүрген несиелері бар адамдар «борышкер» болып табылады. Осы кезде борышкердің ісі жеке сот орындаушыларға түседі. Оған дейін жеткізбей, айыппұлды төлеп құтылған абзал болады,- дейді Г.Орынбасарқызы.
БҮГІНГІ КҮНІ ЗАҢ САЛАСЫ ТҰТҚАСЫНЫҢ ТОЛЫҚ ІСКЕ ҚОСЫЛУЫ ҮШІН ӘРБІР АЗАМАТ АТСАЛЫСУ КЕРЕК ӘРІ ӨЗІ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒЫНАН ҚОРҒАЛАТЫНДЫҒЫН СЕЗІНІП, САУАТТЫ ҚИМЫЛДАУЫ ҮШІН БЕЛГІЛІ ДӘРЕЖЕДЕ ҒЫЛЫМИ, КӘСІБИ ҚҰҚЫҚТЫҚ БІЛІМДІЛІГІ, БІЛІКТІЛІГІ, ТӘЖІРИБЕ БОЙЫНША МАҒЛҰМАТЫ БОЛУЫ ШАРТ. БҰЛ ЕҢ АЛДЫМЕН ЗАҢГЕРЛЕРГЕ ҮЛКЕН МІНДЕТ ЖҮКТЕЙДІ. АЗАМАТТАРҒА ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОЛДАУ ТАНЫТҚАН ТӘЖІРИБЕЛІ МАМАНДАРДЫҢ КЕҢЕСІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ БАСЫМ КӨПШІЛІГІ АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІ АЛУ, СОТ ШЕШІМДЕРІНІҢ ОРЫНДАЛЫСЫ, МҮГЕДЕК БАЛАНЫҢ АСЫРАУШЫСЫ РЕТІНДЕ ҮЙ КЕЗЕГІНЕ ТҰРУ ТӘРТІБІ, ЖҰМЫССЫЗДЫҚҚА ТІРКЕЛУГЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЖҮГІНІП, ТОЛҒАНДЫРҒАН СҰРАҚТАРЫНА ТОЛЫҚ ЖАУАП АЛДЫ.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ