Өлке тарихының тамыршысы – Жанұзақ Ғизатов

Кешегі Алтын Орда дәуірінен бастап бүгінгі күнге жеткен ұлы ел билеушілері жерленген, киелі жерлердің бірі – Сарайшық қаласының тарихы кім-кімді де қызықтырары сөзсіз.

Ортағасырлық Сарайшық қаласының археологиясы мен этнографиясы, жергілікті тарихты зерттеудегі өлкетанудың рөлі мен маңызы, ата-бабалардың ру­хани мұрасы және киелі ны­сан ретінде тұлғалары, туған өлке тарихының беймәлім беттері туралы жазып, бір сөзбен айтқанда өлке та­рихын түгендеуге үлес қосқан өлкетанушылардың бірі –«Сарайшық» музей- қорығының ардагері - Жанұзақ Ғизатов.

Ол 1939 жылы 14 шілдеде Атырау облысы, Иса­тай ауданы, Зинеден (За­бурын) ауылында дүниеге келген. 1963 жылы Гурьев (Атырау) педагогикалық институтының физика-мате­матика факультетін аяқтаған. Еңбек жолын Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Байқоңыр орта мектебінде мұғалім болып бастайды. Кейін өз өлкесіне оралып, Исатай ауданындағы, Ново­богат селосындағы кәсіптік- техникалық училищеде қызмет атқарады. Алайда кейін училище Гурьев (Аты­рау) қаласына көшіріледі. Сол кездегі облыстық басқарма Ж.Ғизатовты бірнеше жыл жұмыс атқарған тәжірибелі маман ретінде 1971 жылы Сарайшық се­л осында орналасқан кәсіптік-техникалық училищеге ауыстырады. Сол білім қабырғасында 30 жылға жуық әртүрлі са­лада қызмет атқарады. Білім берудегі жаңашылдық, шәкірт жүрегіне жол таба білу, білім мен тәрбиені тиімді ұштастырудағы озық үлгілерімен еңбегі сіңіп, 1975 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атағы беріледі.

Шығармашылықпен айналысқан ізденімпаз ұстаз қашан да шәкірт жүрегінен орын табатыны сөзсіз. Арада қанша уақыт өтсе де 2016 жылы Жезқазған қаласынан алғашқы шәкірттері ұстаздарын іздеп, арнайы Сарайшыққа келді. Шәкірттері 60-67 жасты шамалаған жандар.

Бүкіл өмірін ұстаздыққа ар­наумен қатар Жанұзақ ағай ел жұртшылығына қарымды қаламгер, өлкетанушы ретінде де танылды. Жанұзақ ағай ғылымға бетбұрыс жа­сап, 2002 жылы «Хан Ордалы - Сарайшық» музей-қорығына аға ғылыми қызметкер болып орналасып, музейдің ғылыми жұмыстарын жүргізді. 16 жыл ішінде музей жұмысының ілгері дамуына үлесін қосады. Сол кезеңде өлке тарихына қатысты түрлі дөңгелек үстел, пікір алмасулар мен қызықты кездесулер өткізеді. Оның оқу-ағарту, тарих, тақырыптарындағы мате­риалдары республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жари­яланып тұрды. Өлке тарихын зерттеп, Сарайшықтың та­рихын көпшілікке насихат­тау жөніндегі еңбектерінің өзі бір төбе. «Атырау өлкесі Алтын Ордаға дейін», «Ұлы Жібек жолы –дүниежүзілік өркениет жолы», «Бабамның жұрты-Ноғайлы» , «Аңызға толы Сарайшық», «Сарайшықтың екінші өмірі», «Алтын Орда хан­дары» ғұндар мен хазарлар, оғыздар мен қыпшақтардың Атырау аймағындағы дәуірлеу кезеңін, орта ғасырлық көне қала жәйлі сыр шертсе, Ноғай батыр мен Едіге биден басқа алты хан ту­ралы түрлі ғалымдардың пікірлерін жинақтап, салы­стырып серияларын жүзеге асырды. Көлемді материал­дарын оқырман қауым жылы қабылдады. Қазіргі уақытта да өлкетанушының кітапшалары музей-қорыққа келушілер арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр.

30ccd39c-5799-4dec-b486-80ee4e658f66

Музей қорларын есепке алу – мекемедегі қор жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Барлық музей заты мен кол­лекциялары мемлекеттік есепке алынады. Бұл бағытта да Жанұзақ ағай аянбай еңбек етті. Музей-қорықтың қор жүйесін ретке келтіріп, жәдігерлердің барлығын есепке алып, тіркеу кітабын жүргізді. Қазіргі таңда осы жұмыстың негізінде музей- қорықтың қор жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде.

Ж.Ғизатов 20-дан аса ғылыми мақалалардың ав­торы. Ғылыми-зерттеу еңбектері республикалық басылымдарда жарияланған. Республикалық «Қазақ та­рихы» ғылыми –әдістемелік журналының Атырау облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарды. «Сарайшық-Астана қала», «Ұлы Даланың қасиетті күмбезі» атты бірқатар еңбектер шығарды. 2015 жылы зейнетке шыққан өлкетанушы Сарайшық тари­хына, ел тарихына бейжай қарап отыра алмайды. 80 жа­сында оқушы жастар мен тарихқа қызығушылық таны­татын қалың оқырмандарына «Түркіден шыққан тектілік» атты кітап шығарады. «Та­рихымызды байыптасақ», «Жаңа буын оқулықтарының сапасы», «Тарихи деректерге ұқыпты қарасақ», «Адам­зат дамуының оң бағыты», «Әдебиет беттері», «Халық са­уалы» тарауларынан тұрады. Олардың барлығы тұрғылықты мекені Сарайшықпен ше­бер байланыстырылған. Сондай-ақ, осы еңбегінде өлкетанушы мек­теп оқулықтарындағы қателіктерді де ашып көрсетеді. Оның «Қазақ та­рихы» журналы мен «Ана тілі» газеті басылымдарында 2003 жылы жарық көрген «Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы» оқулығындағы кемшіліктерді дәл анықтауы ортағасырлық ел тарихын терең зерттегенін көрсетеді.

Өлкетанушының қай еңбегін, мақаласын алсақ та бүгінгі жастарға арналып отыр. Оны Ж.Ғизатовтың «Ұлы Даланың қасиетті күмбезі» еңбегіндегі алғы сөзін айтуға болады: «Жастардың еліне, туған жері – атамекеніне деген сүйіспеншілігін ояту, еліміздің кемел келешегіне сенімін қалыптастырып, отанылдық сезімін тәрбиелеу үшін олардың санасына ұлтымыздың та­мырлы тарихы мен адамзат өркениетінде елеулі орны бар өнегелі мәдениетін сіңіруге көмектессек деген ағалық оймен бұл кішкене еңбек сіздерге арналады, XXI ғасыр жастары!».

Мәуелі бәйтеректей ұрпағымен жайқалған Жанұзақ ағай жұбайы Нағима апаймен 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Нағима апай 1995 жылы өмірден өтеді. Қазіргі таңда ұл-қыздарынан 8 немере, 4 жиен, 2 жиеншар сүйіп отыр. Ағайдың қолында Нұрлан де­ген баласы, Гүлнафиз атты келіні бар.

Қорыта айтқанда барлық саналы ғұмырын туған өлкесінің игілігіне ар­нап, өзіндік із қалдырған Жанұзақ ағайдың өмір жолы қазіргі жастарға, әрбір азаматқа үлгі боларлық деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, барлық қабілеті мен жігерін халқына қажетті, өзі ұнатып, мақсат қойған іске арнаған оның өмірі мен қызметі үнемі тынымсыз еңбек, алға ұмтылушылық пен нәтижелі істер баспалдағынан тұрады.

Жанар ДИЯРОВА,

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей- қорығының ғалым-хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT