Жалғансай ауылының намысын қорғаған Сейілхан «Жігіт сұлтаны» атанды

«Өнерпаз» мәдениет үйінде «Жігіт сұлтаны» аудандық байқауы өтіп, оған алты жігіт қатысып, бақ сынады.

«Біздің елдің жігіттері» сайысын аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Н.Аруев ашып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткізілгені отырған байқауға қатысқалы келген жігіттерге сәттілік тіледі. «Тегімді менің сұрасаң» бөлімінде есболдық Сәтжан Артурұлы, бейбарыстық Нұрберген Өтегенұлы, сарайшықтық Жасұлан Серікқалиұлы өлеңмен таныстырса, ақжайықтық Қуаныш Жылқышыұлы, бақсайлық Даулет Дощатов, жалғансайлық Сейілхан Шәудірұлы таныстыруын слайд арқылы көрсетті.

4e75dca8-ac6d-47d7-ad13-66904b0fcec1

«Жігітке жеті өнер де аз» бөлімінде Сәтжан би билесе, Нұрберген «Ерке сылқым» күйін күмбірлетті. Сейілхан студент кезіндегі өнері шегеге, әйнек шыны үстіне денесімен жатып, оның үстіне тас қойып, оны уатқызды. Тек сиқыршылар, цирк өнерпаздарына тән қимылды жас жігіттің орындауына таң қалмаған жан қалмады. Ал Жасұлан слайдтан көрсете отырып, буын бұрқырата бесбармақ дайындап әкелген екен. Қуаныш Желтоқсан Батыры, Халық қаһарманы Қ.Рысқұлбековтің «Түрмеден жазған хаттарын» мәнерлеп оқуымен есте қалды. Даулет ақиық ақын М.Мақатаевтың «Жүректесің» өлеңін оқыды.

910b8211-f883-4feb-b95f-cc6295de6989

89f984af-0cf8-47db-8bd9-21f677dbbc02

«Ескірмейтін салт-дәстүрлер» сұрақ-жауап бөлімінде барлық жігіт экраннан көрсетілген ұяшықта жасырынған сұрақтарға жауап берді. Онда бес қару, төрт құбыла, жеті ұрпақ, үш арсыз, жеті жоқ, үш мұрат, бес асыл іс, жеті жетекші, жеті ата, бес дұшпанды атады. Төртіншісі – спорттық ойындардан кір тасын көтеру болды. Кір тасын көтеру ережесімен Д.Төленов мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі С.Темірғалиев таныстырды. Ең көп кір тасын бейбарыстық Нұрберген -30, ақжайықтық Қуаныш- 25, жалғансайлық Сейілхан 23 рет көтерді. Соңғы тур-АК-47 автоматын толық емес бөлшектеп, жинау еді. Бәрі де қолы-қолына жұқпай, сарт-сұрт еткізіп, автоматты лезде жинап тастады.

6dbeb1f2-5f70-4186-9a7c-ab046b33a8c1

Әділқазылар мүшесі, аудандық білім бөлімінің әдіскері М.Ілиясұлы сайысқа қатысушылар саны аздау болғанын, әрқайсысы өзіне лайықты өнер көрсеткенін, сұлтан болуға үлкен жүрек керектігін, жігіттер бес турға да атсалысқанын, бойындағы бар өнерін көрсеткендерін, әсіресе, шеге, әйнек үстіне жату оңай еместігін, дәмді тағам пісіретіндер де барын, сауалнамаға да мүдірмегендерін, автоматты жинақтаудан да қалыспағанын тілге тиек етті. Бөлімнің алғыс хатына С.Сиықов (Есбол), Қ.Бақтыбаев (Ақжайық), Д.Дощатов (Бақсай) ие болса, жүлделі ІІІ орын Н.Нәсіповке (Бейбарыс) бұйырды. Жүлделі ІІ орынды Жасұлан Қапипов (Сарайшық) жеңіп алды. Жалғансай ауылының намысын қорғаған Сейілхан Зұлқашев бірінші орынға ие болып, «Жігіт сұлтаны-2021» атанды.

 

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT