«Шалқыма» мәдениет үйінде ауылдық округінің әкімі Ғибрат Мырзағалидың «Жалғансай ауылдық округінің 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және алда тұрған міндеттер туралы» есебі тыңдалды. Ауыл әкімі алдымен өткен жылы есеп беру жиынында айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалысына тоқталды.
Жалғансай ауылының И.Тайманов, А.Құнанбаев, Ж.Жабаев көшелерінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында көше шамдары жанып тұрғанын, Жалғансай ауылы тұғырын орнатуға байланысты ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алулар өткізілгенін мәлімдеді. Жалғансай ауылының жаяу жүргіншілер жолымен қоса ауылішілік автомобиль жолдарын күрделі жөндеу үшін ЖСҚ жасақтау жұмысы 2021 жылдың 30 маусымында мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Аудан әкімінің орынбасары, аудандық бюджет комиссиясының төрағасы, аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысы атына құрылысқа жалпы сметалық құны 1941, 508 млн теңге қаржы бөлу сұралғанын, облыстық бюджеттен 12 млн теңге қаржы бөлініп, 03.02.2022 жылы ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алулар жарияланғанын, жеңімпаз анықталған соң жұмыстар кезең-кезеңімен жасалатынын айтты.«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында және ауыл тұрғындарын, соның ішінде мектеп оқушыларын қашықтықтан оқытуды өз дәрежесінде өткізу үшін КСЕII АҚ Атырау облысы бойынша филиалының бас директорымен келіссөз жүргізілгенін, нәтижесінде 2G форматтағы байланыс жүйесі 3G форматына көшіріліп, байланыс жақсартылғанын тілге тиек етті. Жаңа мөлтек ауданына 1 шақырым жазғы су құбыры тартылып, жаңа су айдау насосы қойылған.
Сонымен қатар ауыл әкімі мал басында өсім барын, ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтару, білім, денсаулық, ауыз сумен қамту, салық түсімі орындалысы, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл тұрғындарымен тікелей байланыс, ЭЦҚ арқылы қызмет алу туралы слайд арқылы баяндама жасады. Болашақта атқарылатын жұмыстарға да тоқталды.
- Алдағы уақытта ауылдың жаяу жүргіншілер жолымен қоса ауылішілік автомобиль жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарын бастап, жаңа мөлтек аудандағы электр желілері мен көше жарығының құрылысын аяқтау, ашық балалар ойын алаңын салу, жазғы су құбырларының жөндеу жұмыстарын жалғастыру, су жетпей тұрған көшелерге құбырлар тарту, ауылдан спорттық алаң салу жұмыстары жүзеге асатын болады, - деп баяндамасын аяқтады.
«Салықтардың бюджетке түсімі туралы» сауалға ауыл әкімі өткен жылы салықтық түсімдер жоспарланған межеден 672,1 мың теңгеге артығымен орындалғанын мәлімдеді.
Бұл жиын басқа жиынан өзгерек дейміз бе, бір қызығы ауыл әкімінің есеп беру жиынында тұрғындар тарапынан ешқандай сұрақ қойылмады.
Есеп беру жиынын қорытындылаған аудан әкімі Ринат Бауыржанұлы округ әкімі халықтың көңілінен шыққандығын айтып, инвестициялық жобалар жүзеге асып жатқанын қаперледі. Округ аумағынан «Промгаз» мекемесінің жанар-жағармай бекеті, мейрамхана салу жұмысын үстіміздегі жылдың наурыз айында бастайтынын, ауыл тұрғындарының жұмысқа орналасуына мүмкіндік туатындығын тілге тиек етті. Аудан әкімі есеп беру жиынынан соң округке қарасты мекемелерді, кәсіпкерлік нысандарды аралады.
А.ТЕКЕБАЙ