Әділ Үмбетқалиев – халық ықыласына бөленген полицей

 Қай уақытта болмасын әр азаматтың амандығы мен қоғамның тыныштығы басты орында болған. Себебі, тәуелсіз ел іргесінің берік болуы ел ішіндегі тыныштықтан басталары сөзсіз. Осы орайда тікелей халықпен жұмыс істеп, қылмыстың алдын алуға және профилактикалық жұмыстар жүргізіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік полиция инспекторларының қызметін ерекше атап өткен жөн. Қоғам тыныштығын күзетіп жүрген полиция қызметкерлерінің бірі – Сарайшық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Әділ Үмбетқалиев.

Әділ 1989 жылы Махамбет ауданы, Жалғансай ауылында дүниеге келген. Павлодар қаласында әскери борышын өтеген ол Атырау мұнай және газ инсти­тутын «мұнай және газ ісі» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Алғашқы еңбек жолын облыстық мамандандырылған күзет басқармасында бастап, кейін Махамбет аудандық полиция бөлімінің «Қару шебері» лауазымын атқарады. Құқық қорғау саласына біржола бет бұруды қалаған Әділ Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университет інде «құқықтану» мамандығын бакалавр дәрежесінде аяқтайды. Сол жылы, яғни 2016 жылы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі ла­уазымына тағайындалады. Бір жылдай көмекші болып жүріп, кейін учаскелік полиция инспекторлығына ауысады.

– 2019 жылдың мамыр айынан ба­стап бүгінгі күнге дейін Махамбет ау­даны полиция бөлімінің жергілікті по­лиция қызметі бөлімшесінің Сарайшық ауылдық округіне бекітілген учаскелік полиция инспекторы қызметіндемін. Полиция қызметінің талабы қатал. Әйтсе де, осы қызметте жұмыс істеп жатқаныма мүлдем өкінбеймін. Керісінше құқық қорғау саласында қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Егер мәселелер туындап жатса халық алдымен бізге көмек сұрап келеді. Халықпен тығыз қарым- қатынас орнату да біздің міндетіміз,- дейді қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтауда алдыңғы қатарда тұратын Ә.Сәуірбайұлы.

Учаскелік полиция инспекторының негізгі міндеттерінің бірі – ол «адамдардың өмір сүру сапасын» жақсартуға ықпал ету, қоғамдағы тәртіпті нығайтып, пайдалы қызмет мүмкіндігін қамтамасыз ету, олардың өмір сүру жағдайын «әлеуметтік» ауыртпалықтардан тазартып, құқық бұзушылықтың алдын алу болып табы­лады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында үлкен міндеттер жүктелген. Азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық тұрмыстық зорлық- зомбылық, қоғамдық, жол қауіпсіздігі, көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және басқа мәлелелерді шешу полицейлерге жүктелген.

- Әріптесіміз Әділ ішкі істер органындағы қызметінде өзін тәртіпті, бастамашыл, кәсіби жағынан білікті, ұйымдастырушылық қабілетімен та­нытып келеді. Өткен мерзім ішінде үлкен жұмыс тәжірибесін жинақтады, ішкі істер органының жұмыс тәсілдері мен әдістерін жетік меңгерген. Өзінің әкімшілік аумағындағы тұрғындардың алғысына ие абыройлы қызметкер,- дейді әріптестері.

Ол «Ішкі істер органына мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен және аудандық по­лиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі А.Закариевтің «Алғыс ха­тымен» марапатталған. Бірақ халықтың алғысына бөленуді мақсат тұтқан по­лиция капитаны Әділ Сәуірбайұлы өз қызметінде сауысқандай сақ, қырандай қырағылық танытады.

- Ауылымызға Әділ ініміз келгелі жақсы жұмыстарымен көзге түсіп келеді. Жасөспірімдер мен жастардың тәртібін бақылауда, мал ұрлығы фактілерін азайтуда тиімді жұмыс жаса­уда. Мал ұрлығы тоқтады десе де болады. Ауыл халқымен жақсы араласып, тіл табыса алады. Жастарға өзінің ағалық ақылын айта алса, үлкенге құрметін көрсете білетін азамат,- дейді Сарайшық ауылының тұрғыны Рафаэль Боранбаев.

Бұл салада қызмет ету үшін кәсіби біліктілікпен қоса, адамның бой­ында төзімділік те, шапшаңдық та, сабырлылық та болуы қажет. Оған қоса, мол қажыр-қайрат пен ерлік те адамның бойынан табылуы тиіс.

Елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде полицейлерге үлкен жауапкершілік пен салмақ түскені рас. Ішкі істер қызметкерлері күшейтілген режимге көшіріліп, әрдайым кезекшілікте тұрған бола­тын. Халықтың қауіпсіздігі үшін кейде полицейлер өз өмірлерін қатерге тіккен кездер де жиі болып тұрады. Осыдан-ақ олардың жұмысының қаншалықты қиын әрі қауіпті екенін байқауға бо­лады. Иә, «Тәртіпке бағынған құл бол­майды» демекші, олардың мақсаты да, міндеті де, арманы да – қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіптің алдын алу.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT