Саналы ғұмырын жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге, спортты насихаттауға арнаған Ақтоғай орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сансызбай Сыдықов өмірден өтті. Бұл тек бір мектептің ғана емес, бүтін бір ауылдың, ауданның, облыстың орны толмас қайғысы деп білеміз. Ардақты ұстаздың жарқын бейнесі, адамгершілік қасиеті мен спортқа деген шынайы адалдығы оны білетін жандардың жүрегінде мәңгі сақталмақ.
Ұлағатты ұстаз Сансызбай Сыдықовтың еңбек жолы Ақтоғай ауылымен, оның жас ұрпағымен тығыз байланысты. Ол дене шынықтыру пәнінің қарапайым мұғалімі ғана емес, нағыз тәрбиеші, шәкірттерінің жанашыр ұстазы болатын. Сансызбай аға сабақ барысында болсын, жаттығу кезінде болсын, түрлі спорттық жарыстарда да балаларға әрдайым демеу болып, олардың бойындағы сенім мен жігерді оята білді. Ол үшін спорт тек дене тәрбиесі ғана емес, мінезді қалыптастыратын, адамды өмірдің қиындықтарына төтеп беруге үйрететін үлкен мектеп болып қалыптасты. Ұстаз өзінің әр сабағында баланың мүмкіндігін ашуға, денсаулығын нығайтуға, спортқа деген сүйіспеншілігін арттыруға бағыттай білді. Ол балаларды тек жүгіруге, секіруге немесе түрлі жаттығуларды орындауға ғана үйреткен жоқ. Ең алдымен оларды тәртіпке, бір-бірін сыйлауға,табандылыққа, төзімділікке, адамгершілікке тәрбиеледі. Оның «Нағыз жеңіс – өзіңді жеңу» деген сөзі көптеген шәкіртінің өмірлік ұстанымына айналды.
Сансызбай Сыдықов аудан, облыс мектептері арасында ұйымдастырылған спартакиадаларға, жарыстарға үзбей қатысып, өзінің ғана емес, ауыл мектебінің де беделін көтерген жан еді. Оның дайындаған оқушылары бірнеше мәрте аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, Ақтоғай орта мектебінің абыройын асқақтатып, асыра білді. Ол кісі әрбір жетістікке ерекше қуанып, шәкірттеріне риясыз мейіріммен қарап, үнемі қолдау көрсетіп жүретін. Ешқашан шаршадым демей, ауыл баласының салауатты өмір салтын ұстанып, жігерлі тұлға, даңқты спортшы болып өсуіне бар күшін арнады.
Сансызбай ағайдың өмірлік ұстаным- дарының бірі – қарапайымдылық. Ол ешқашан еңбегін жария қылып айтпайтын, ешбір мақтау күтпейтін. Өз ісін, жұмысын бар ынта-жігермен үнсіз атқарса да, оның адамдық болмысы, еңбекқорлығы, азаматтық келбеті көпке үлгі еді. Мектеп мұғалімдері арасында Сансызбай ұстаз үлкен құрметке ие болды. Әріптестері оның сабырлы мінезін, сыйластыққа толы қарым-қатынасын, кез келген адамға көмектесуге дайын жүретіні үшін ерекше қадірлейтін.
Ардақты ұстазды соңғы сапарға мектеп оқушылары қимастықпен, ерекше жағдайда шығарып салды. Бұл – ұстазға деген шынайы құрметтің белгісі. Сансызбай ағайдың жарқын бейнесі оның артында қалған шәкірттері арқылы мәңгі жасай бермек. Ол тәрбиелеген шәкірттер бүгінде түрлі салада еңбек етіп жүрсе де, ұстазының берген бағытын, үйреткен өмірлік сабақтарын ұмытқан емес. Әрқайсысы Сансызбай ағайды тек мұғалім ретінде ғана емес, адамгершіліктің, еңбекқорлықтың, қарапайымдық пен адалдықтың үлгісі ретінде еске алады.
Өзі өмірден өтсе де, ұстаздың атқарған тыңғылықты еңбегі, спортқа сіңірген адалдығы, тәрбиелеген шәкірттері оның мәңгілік естелік болып қалатын асыл мұрасы деп білеміз.
Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын, асыл ұстаз!
Жоламан ІЗҒАЛИ,
Ақтоғай орта мектебінің директоры


