Кәсіпкерлер кеңес алды

Махамбет ауданында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ашық есік күні» өтіп, шараға «Халық банкі» мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары қатысты. Кездесу барысын­да тұрғындарға шағын және орта бизнеске арналған қаржылық қолдау тетіктері түсіндіріліп, несие беру шарттары, мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы кең көлемде ақпарат ұсынылды.

Шағын бизнеске несие беру орталығының маманы Динара Серікова ауыл кәсіпкерлеріне арнап банк өнімдерінің мүмкіндіктерін таны­стырды. Оның айтуынша, кәсіпкерлік қызметті кеңейтуге немесе жаңа биз­нес бастауға арналған кепілді және кепілсіз несиелер қолжетімді, ал жоба қуатына қарай несие сомасы 600 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар «Даму» қоры мен «Өрлеу» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемесі 12,6 пай­ызды құрайтын тиімді қаржыландыру түрлері қарастырылғаны айтылды. Жиынға қатысушыларға шағын бизнеске несие беру орталығының жұмысы туралы да мағлұмат беріліп, жеке сұрақтарға жауап берілді.

Шара барысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Махамбет аудандық бөлімшесі де кеңес ұсынды. Палата өкілі Әділ Сисенбаев ауылдық жерлерге арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасының ерекшеліктерін түсіндіріп, оның 2026 жылға дейін жалғасатынын атап өтті.

– Бағдарлама ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік бағытындағы ба­стамаларды жеңілдетілген шартпен қаржыландыруды көздейді. Несие көлемі жыл сайын өсетін ең төменгі есептік көрсеткіш мөлшеріне сәйкес белгіленеді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін мал шаруашылығын, шағын өндірісті немесе тұрмыстық қызмет көрсету салаларын дамытуға мүмкіндік беретін тиімді құрал,- деді Ә.Сисенбаев.

«Ашық есік күніне» келген жұртшылық мамандардан жеке кеңес пен өз бизнес-жобаларына қатысты қажетті мәліметтерді алды. Тұрғындар әсіресе, құжаттарды рәсімдеу тәртібі мен несие алудағы талаптар ту­ралы ақпаратқа қызығушылық та­нытты. Мұндай іс-шаралар жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға, ауылдағы экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT