Аудандық балық инспекциясы бөлімі аудан тұрғындарына балық аулауға тыйым салынатыны туралы ескертеді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2015 жылғы 24 шілдедегі бұйрығын басшылыққа ала отырып, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Махамбет балық инспекциясы бөлімі аудан тұрғындарына, соның ішінде әуесқой балықшыларға Атырау облысының шегіндегі Жайық өзенінде 1 сәуірден 15 маусымды қоса алғандағы аралықта балық аулауға шектеу қойылатынын ескертеді.
Бұл су асты балықтарының уылдырық шашу кезеңі болғандықтан Жайық өзенінен және су айдындары немесе су тоғандары мен су жүйелерінен балық аулауға қатаң тыйым салынады. Мұндай шектеулер балықтардың өсіп-өнуіне, балық қорын сақтап қалуға, оны молайтуға бағытталған шаралар болып саналады. Жыл сайын ұйымдастырылатын көктемгі кең ауқымды «Бекіре-2021» іс-шарасы балықтардың уылдырық шашу маусымын биыл да инспекция үшін талапқа сай өткізу басты мақсат болып отыр. Бұл уақыт аралығы бар мүмкіндікті пайдаланып, бірлесіп жұмыс жасайтын кез. Осыған байланысты аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен бірге арнайы шара жасақталып, рейдтер ұйымдастырылады.
Аталған бұйрық талабын бұзған жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын ескерте отырып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 383-бабына сәйкес уылдырық шашу кезеңінде балық аулағаны үшін құқық бұзушы жеке тұлғаға 10 АЕК, шағын бизнес субъектілеріне 30 АЕК, орта бизнес өкілдеріне 50 АЕК және ірі бизнес иелеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Аталған қылмыс бір жыл ішінде қайталанса, жеке тұлғалар екі есе мөлшерде айыппұл төлесе, бизнес субъектілері 10-нан 50 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болады.
Т.ЕСМУХАНОВА,
балық инспекциясы бөлімінің ихтиолог маманы