Ақ Жайықтың екі бетін еркін жайлап жатқан ауданымыздың айнасы “Жайық шұғыласы” газетіне жазылуға кеңес береміз.
Бұл газетте ақпараттарды сенімсіз көздерден емес, оқырманына нақты дерек көзінен алып, шынайы, тексерілген ақпараттар ғана жарияланып отырады. Мемлекет саясатының, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған бағыттың дұрыс бағалануына, сол арқылы қоғамдық пікірдің қалыптасуына үлес қосушы баспасөз құралдарының бірі.
Махамбет ауданы халқы қашанда өзінің білімі мен мәдениетінің жоғарылығымен ерекшеленген. Қазіргі интернет үстемдік құрған заманда газеттің болашағы жоқ дегенді көп естиміз. Кітап оқудан алшақтап, ойын қағаз бетіне түсіре алмайтын ұрпақ өсіп келе жатқан қазіргі таңда газетке жазылып, оқу маңызды екенін атап өткен жөн. Газет бетінде жарияланған әр қызықты мақаланың өзегі соны оқитын халықтың өзі. Халықтың тағдырына бей-жай қарамайтын газет арқылы айтулы мәселелер көтерілді, өңір өмірі – осы газеттердің беттерінде қатталған.
Жалпы Махамбет ауданы бойынша ресми ақпараттарды мемлекеттік тіл - қазақ тілінде жариялайтын бірден-бір газет осы “Жайық шұғыласы”. Мемлекеттік тіліміз тек Қазақстанда ғана өз деңгейінде өркендей алатыны белгілі. Ал мемлекеттік тілде шығатын басылымдарды оқырмандар қолдағанда ғана ана тіліміздің бағы жанады.
Сол себеппен, “Сарайшық” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұжымы аудандық газетті қолдап, баспасөзге жазылуға шақырады.
Әбілсейт Мұқтар Қапизұлы,
"Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы"
РМҚК директоры,
тарих ғылымдарының докторы, профессор