Ауданымызда бетпердеге сұраныс жоғары

Бетперде, медициналық қолғап, антисептик. Бүгінде бұл заттар әрқайсымыздың ажырамас бөлігімізге айналды.

Тұмылдырық дендеген дертке тосқауыл бола алмаса да сақтанғанды сақтап жүр. Осы орайда Махамбет ауданының тігіншілері жаппай бетперде тігіп, оны тегін таратуды қолға алған.

Қазіргі жағдайға алаңдап, көмек қолын созып жатқандардың қатарында Жания Шауменова мен Ләззат Жұбановалар да бар. Демеушілер әкеліп берген матадан тігіншілер күніне шамамен 100 бетперде тігіп отыр. Бұл бір рет қана пайдаланатын бетперде емес. Жуып, үтіктеп, қайта бірнеше рет пайдалануға болады. Айта кету керек, аудан көлемінде 20-ға жуық тігінші өз еркімен бетперде тігуге кіріскен.

m

«Елдегі ахуалға байланысты халыққа жәрдем ретінде титтей де болса өз үлесімізді қосқымыз келді. Жастар ресурстық орталығы басшысына рахмет, осы жерден орын беріп, жұмыс жасауға рұқсат етіп отыр. Былайша айтсақ, «көрінбейтін жаумен» көрінбей күресіп жатырмыз. Төтенше жағдай режимінің аяқталуына да аз уақыт қалды. Бәріміз сабырлық танытып, осы аты жаман індеттен аман-есен құтылайық»,-дейді ерікті тігіншілер.

m

Тігілген бетперделер еріктілердің көмегімен тұрғындарға, қызметте жүрген азаматтарға тегін таратылуда. Сондай-ақ, халық үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен полицейлердің денсаулығына алаңдаған ерікті жастар қос мекемеге 200 бетперде табыстап, қолдау көрсеткен болатын. Бұдан бөлек, бетперделер аудандағы аз қамтылған, көмекке зәру отбасыларға «Біз біргеміз» акциясы аясында арнайы әлеуметтік пакетпен қоса беріліпті.

Жандос Дүйсембаев, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы:

- Қазіргі уақытта «Біз біргеміз» акциясы бойынша көптеген жұмыстар жасалды. Соның ішінде медициналық бетперделер таратуды жалғастырудамыз. Қолдау білдірген барлық кәсіпкерлерге, тігіншілерге және еріктілерге алғысымды білдіргім келеді. Біз біргеміз!

4 мамырдан бастап қызметіне қайта кіріскен кәсіпкерлік нысандарда әлі де болса сақтық шаралары қатаң сақталуы маңызды. Соған байланысты бетпердеге деген сұраныс артпаса, төмендемесі белгілі.

Қазбек АЙТҚАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT