Былтыр ғана сексен жылдығын тойлаған Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газеті редакциясының тарихында оның қанаты қатайып, қалыптасуына өлшеусіз үлесін қосқан алдыңғы толқын аға буын өкілдерінің алар орны ерекше.
Міне, солардың санатында бүгінгі шағын ғана әңгімеміздің кейіпкері, мерейлі сексен жастың сеңгіріне көтеріліп отырған сала ардагері, соңынан ерген қаламгерлер қауымының тәлімгер ұстазы Бағыт Көшербаев ағамыздың есімін зор мақтаныш сезіммен атағанымыз ләзім.
1942 жылдың жазында кіндік қаны осы топырақта тамған ол өзінің туып-өскен жерінде ер жетіп, есейді. Сарытоғай ауылындағы қазіргі Қ.Қалыбеков атындағы орта мектепті бітіріп, әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, елге оралған соң еңбекке араласты. Кейін Ресейдің Самара (Куйбышев) қаласындағы полиграфия техникумын бітіріп, аудандық баспаханаға жұмысқа орналасады. Газет жұмысына араласып, соңынан басылым редакциясына жұмысқа ауысады. Еңбектен қол үзбей жүріп Алматы қаласындағы жоғары партия мектебін «журналистика» мамандығы бойынша тәмамдайды. Сөйтіп, аудандық «Малды өңір» (бүгінде «Жайық шұғыласы») газеті редакциясында қатардағы әдеби қызметкерден (тілші) бастап бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары сияқты жауапты қызметтерді атқарды.
Бәкеңнің үлкенді-кішілі әріптестерінің бәріне бірдей үлгі боларлық қыры – қай жұмысты да жатсынбайтын бесаспаптығы, жан-жақтылығы, ең бастысы – қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген жоғары сауаттылығы, жазу өнеріндегі асқан шеберлігі еді. Оның үстіне, Бәкең баспаханадағы линотип (теру) машиналары ара-тұра ақауға ұшырағанда оны жөнге келтіретін, яғни оның тілін білетін бірден-бір адам да, білікті маман да болатын. Осындайда жеңін түріп, білегін сыбанып, жедел жұмысқа кірісіп те кететін. Мен редакцияға жұмысқа келген 1986 жылы осында бөлім меңгерушісі қызметін атқаратын Жолдас Дүсіпов пен газет редакторы Сайлаубай Тәжбентаев ағаларымыз екеуі де Бәкеңмен бір жылы дүние есігін ашқан құрдастар болып шықты. Содан да шығар, бір-бірімен жарасымын тапқан астарлы әзілдері де, қалаберді қалжың-қағытпалары да олардың бір жылдың төлдері екенін айтпай-ақ аңғартып тұратын. Әрбір сөзін салмақтап, саралап сөйлейтін, ойына алғанын әбден безбендеп алып айтатын ағамызды қызметтестері ғана емес, басқалары да сыйлап, құрметтейтін, қадірлейтін. Жұмыс барысында күнделікті араласқұралас болып жүретін жігіттер, әсіресе, аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс істейтін жолдастары оған келгенде «Жолдас полковник, сізге кіруге бола ма, екен?» деп рұқсат сұрап, ізет көрсетіп, ілтипат танытатын. Басқалары да ағамызға осылай өз құрметтерін білдіріп, сыйластығын байқататын.
Бәкеңнен өзіміздің де жинақтаған тәжірибеміз, алған тәліміміз, үйренген үлгі-өнегеміз аз емес. Күнделікті жұмыс барысында, газеттің кезекті санына ұсынған материалдарымызға байланысты ұсыныс-пікірі мен ескертпесін айтқанымен ол кісі біздерге ешқашан дауыс көтеріп, қатты сөйлемейтін. Қадыржан Қазымбекұлы, Тарас Наурызәлі және мен үшеуміз Алматыға, университеттегі кезекті оқу сессиясына кеткенімізде әрқайсымызға арнайы пәпкі ашып, сыртына аты-жөні сізді жазып, «таңдамалы шығармалары» деп жазып қоятын. Содан қайтып келгенімізше соның ішіне салынған ірілі-ұсақты материалдарымызды жанрына, тақырыбына қарай газетке беріп тұратын. Қалтамыз қағылып, қорымыз сарқылып сессиядан қайтқанымызда алдымыздан қаламақымыз да дайын тұратын. Осылайша, ағаларымыздың әкелік қамқорлығының арқасында еңбектен қол үзбей жүріп, ел қатарлы жоғары білім алып, өзіміз де кәсіби журналистердің санатына қосылдық. Айтпақшы, сол сексенінші жылдардың ортасында қызметке қабылданғанымызда Сайлаубай, Бағыт, Жолдас, Мақсот ағаларымызбен қатар Ақжібек, Сәбила, Сәуле, Ақлима апаларымыздың да қамқорлығы аз болмағанын айтқанымыз артық емес.
Жас айырмашылықтарына қарамастан, құрдастардай қалжыңдасып, әзілдесіп жүретін, қуанышы мен қайғысын да бөлісе білетін ұйымшыл ұжымымыздың ақсақалы, ақылын ай- тар, кеңесін берер ағасы фототілші Қапиз Мұқтаров еді. Сол Қапекең де биылғы жаздың соңында сексен алты жасқа қараған шағында өмірден өтті. Бұл кісінің Бәкең екеуінің арасындағы әзілінің мағынасы бөлек, мәнісі керек-ті. Әсіресе, Бағыт ағамыздың ешкімнің ойына кіріп-шықпайтын оқиғаларға өрілген, өтірік болса да шындыққа бергісіз әңгімелері соншалықты нанымды әрі әсерлі-тұғын. Және де ойдан шығарылған әңгімелерінің басты кейіпкерлері де өздері болып келетін.
Жауапты хатшы Құттыгерей Смадияровтың да ортамыздағы орны бөлек-ті. Жазуға келгенде алдына жан салмайтын, тақырыпты таңдап, өзекті мәселені көтере білуімен де, шашасына шаң жұқтырмас жүйріктігімен де, кәсібіне әбден төселген ширақтықшеберлігімен де бәрімізді шаң қаптырып кететін. Құлағының тосаңдығынан кейде айтылған сөзді жөндеп естімей қалатынын пайдаланып, Бәкең орайын тауып, онымен де әзілдесудің ретін келтіретін. Сондайда ойыны шынға айналып кете жаздайтын жағдайлар да кездесетін. Тіпті артық ауыз сөзі жоқ, жазуы мірдің оғындай түзу де көркем, мінезі мәрт, салмақты да қарапайым, жігіттің нағыз сұлтаны Асқар Еселбаев ағамыз да Бәкеңнің шынға бергісіз, тыңдаған адамды таң қалдырмаса, ешқандай күдігін тудыра қоймайтын әңгімелерін аузын ашып, көзін жұмып тыңдайтын. Иә, айта берсек, Бағыт Көшербаев хақында өрілер әңгімеміздің өрісі мұнымен тәмамдалмасы да белгілі. Әйтсе де, тізгінді осы тұстан тартып, тәмамдағанды жөн көрдік.
Бір сөзбен түйіндесек, біздің Бәкең осындай бір сырлы, сегіз қырлы азамат, жігіттің нағыз жампозы, шығармашылық шабыт пен шабыстың шашасына шаң жұқтырмас жүйріктердей шандозы, бәйгенің алдын бермес дарабозы. Сеңгірлі сексеніңізбен, аға! Деніңіз сау, ғұмырыңыз ұзақ, отбасы-әулетіңіз аман болып, шаңырағыңызда шаттық орнап, ортамызда есен-сау, сол баяғы қалпыңызда жүре беруіңізге тілектеспін. Егер өмірде, журналистік жолымызда қандайда бір жетістігіміз болса, ол сөз жоқ, Бәкең сынды бәсіне баға жетпес азаматтың арқасы, ол кісіден алған тәлімді тәрбиеміздің жемісі деп мақтанышпен айтар едік.
Д.АРУЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі