Ауданымыздың айнасы «Жайық шұғыласы» газеті бірде жағымды жаңалықтардың жаршысы, бірде жергілікті халықтың мұң-мұқтажын жеткізуші, енді бірде шаруагер мен кәсіпкердің жұмысы мен жемісін көрсететін көзайымы болып келеді.
Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларын газет бетіне жазып, олардың еселі еңбегін халыққа көрсету, үлгі ету – ежелден келе жатқан үрдіс. Бүгінгі күні де сол үрдіс жалғасын тауып, әсіресе, жас кәсіпкерлерді, олардың бастамаларын жиі жариялап жатамыз. Әлеуметтік желі дамыған уақыт болса да, оқырманның жүрегіне газет арқылы жол тауып жүрген кәсіпкерлердің бірі, «SULmart» шағынмаркет желілерінің иесі Ғалымбек Сүлейменов әрбір жақсы жаңалығын, жаңа ашылуын біздің басылым арқылы бөлісіп отырады. «Балама жазылу басталды» дегенде алғашқылардың бірі болып Ғалымбек Сүлейменов келіп, 15 адамды газетке жаздыруға қаржылай қолдау білдірді.
«Саяна» шағын маркетінің иесі Жанаргүл Мырзагелдиева да әріптесінен қалмай, 5 адамды 6 айға тегін жаздырып берді. Ауылымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып қана қоймай, оқырмандарымызды рухани азықтандыруға да атсалысып жатыр. Енді 6 ай бойы ауылымыздың 20 тұрғыны «Жайық шұғыласы» газетін редакциямыздан келіп тегін алып кете алады.
Кәсіпкерлеріміз осылай теңіздің тамшысындай үлес қосып, журналистердің қажырлы еңбегін, тарихы терең газеттің болашағын ойлап, жазылуға жаппай қолдау білдіретініне сенімдіміз.
А.САТАЕВА